Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі азамат

Абырой биігіндегі азамат

Қай тарапта, қай талапта жүрсе де жүрегі Туған жер деп соғатын азаматтар болады. Олар өскен ортасын, өзінің азамат болып қалыптасуына әсер еткен қоғамды ұмытпайды, қолдан келсе ұлықтайды. Қайда жүрсе де айтып, мақтан етіп, еңбек жолындағы жетістіктерін кіндік қаны тамған қасиетті өлкемен байланыстырғанды жөн көреді. Сондай ардақты азаматтардың бірі де бірегейі – Тереңөзектің тумасы Молдабек Шерімов.

Алпыстың асқарына шыққан азаматтың балалық шағы Тереңөзекте өтті. 1968 жылы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, іргелі білім ордасын ойдағыдай бітіріп шығады. Мектеп бітіре салысымен Отан алдындағы әскери борышын өтеуді жөн көріп, 1979-1981 жылдары Украина елінің Житомир қаласына жол тартады. Жастайынан спортқа бейім, үлкен-кішімен тез тіл табысатын, қайратты жігіт әскери ортаға тез сіңісіп кетеді. Үлгілі, тиянақты сарбаз атанып, іс-шараларда белсенді болуының арқасында түрлі марапаттарға ие болады. Бұл Молдабек Күзентайұлының үлкен өмір­дегі алғашқы жетістіктері һәм алғашқы белес­тері еді.

Кейіпкеріміз әскерден оралғаннан кейін ау­дандық газет редакциясына жұмысқа орналасады. Ол кезде аудандық газеттің атауы «Еңбек Туы» еді. Басылымның бас редакторы Абызбай Маханбетов болатын. М.Шерімов шығармашылық ұжымда, кейін санитарлық-ветеринариялық стансада жүргізуші болып, өз жұмысын жауапкер­шілікпен атқарады. Әсіресе журналистермен бірге жол сапарларға шығу қызықты еді. Басылымға спортшылар немесе спорт саласына қатысты мақалалар басылса, мақаланы бір деммен оқып шығатын. Спорт десе делебесі қозып, қолы қалт етсе футбол алаңынан табылатын. Спортқа деген құштарлық, бала күнгі арман оның осы салада еңбек етуіне тікелей әсер етті. 1984 жылы арманы орындалып, Қарағанды қаласындағы педагогика институтының «Дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық» факультетіне оқуға түсті. Міне, сол уақыттан бері спорттан қол үзген жоқ.

Институтты бітірген маман оқу орны ұсын­ған жолдамамен Тереңөзектегі №126 орта мектебінде еңбек жолын жал­ғас­тырады. Білім ордасының дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қызметіне кірісіп, ауыл балаларының саламатты өмір салтын ұстануына, мектепішілік, ауылдық, аудандық, тіпті облыстық жарыстарда бақ сынауына жол ашып, тер төгеді. Еңбегі мен ізденісі еш кетпейді. Әлі күнге ұмытылмас кезеңдерді ой елегінен өткізіп, әріптестерін сағынышпен еске алады. Әсіресе Қайрақбай Нұрыбаевқа деген құрметі ерекше.

– Мектеп басшысы болған марқұм Қайрақбай ағамызға үлкен алғысымды білдіремін. Ол кісі қарапайым, ешқашан ешкімге қатты дауыс көтер­мейтін, сал­мақты, текті азамат еді. Мектеп бас­шысының жасаған жақсылықтары, айтқан ақыл-кеңесі біз үшін өмірлік рухани азық болды, – дейді Молдабек Шерімов.

Айта кету керек, жалынды жастық шағы Тереңөзекте өткен азамат 1990 жыл­дан бастап Қарағанды қаласындағы дене шынықтыру және спорт техникумында спорт ойындары пәнінен оқытушылық қызмет атқарады. Осы тұста спортқа икемі бар сырдариялық жастардың аталған оқу орнына түсуіне, маман атануына қамқорлық пен қолдау көрсетті. Үлкен қалаға арман қуып барған жастардың үй-жайын реттеп, ағалық, ұстаздық жана­шырлық танытты. Сол елгезектігі мен еңбегі еленіп, бір күнде оқытушылық қызметтен басқарушыға айналды. Бәрі ойламаған, күтпеген жерден болды.

1993 жылы техникум басшысы, Мәжіліс депутаты Валерий Громов облыстық спорт басқар­масының басшылығына ауысады. Сөйтіп қызме­тіне адал, іскер ұйым­дастырушы Молдабек Ше­рі­мовті Н.Әбдіров атындағы спорт комбинатын басқаруға шақырып, ұсыныс тастайды. Отыздан енді ғана асқан жас жігіттің құрамында 4 спорт кешені бар, 150-ден астам қызметкер еңбек ететін ұжымды басқаруға алғашында жүрексінгені анық. Бірақ артылған сенім жауапкершілік жүктеп, іске кіріседі. «Валерий Леонид­ұлы­на көп рақмет, көмегін аямады, жас болсақ та ұсынысымызды жерде қалдырмай, қолдау көрсетті. Сол қолдау мен сенімнің арқасында спорт комбинатында 19 жыл жемісті еңбек еттім» дейді Молдабек Күзентайұлының өзі.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Н.Әб­діров атындағы спорт комбинатының аты дүркіреп тұрды. Қазір еліміз ғана емес әлем мойындаған спортшылар спорттық мансаптарын осы комбинатта бастады. Мысалы атақты Геннадий Головкин, Олимпиада чемпионы, «Вэл Баркер» кубогының иегері Серік Сәпиев, жастар арасындағы бокстан әлем чемпионы Серік Елеуов секілді сайыпқыран спортшылар – аталған спорт кешенінің түлектері. Ал сол спорт кешенін Тереңөзектің түлегі басқарып, биік белеске жетелегенін біреу білсе, біреу білмейді. Қарағандылықтар арасында бұл спорт кешені «Қарағанды спортының меккесі» деп те аталады. Ең маңыздысы, төккен тер мен еткен еңбек еш кеткен жоқ. Жерлесіміздің есімі бүгінде спорт саласында зор құрметпен аталады. Бұл біліктілікпен, біліммен, тәжірибемен, кәсіби шеберлікпен келген абырой.

– Молдабек Шерімов ауданға белгілі азаматтардың бірі. Шалғайда қызмет етіп жүрсе де бізбен байланысып, ауданның жаңалықтарынан хабардар болып отырады. Біз Молдабектің көпшіл қасиетін, жомарттығын және белсенділігін үлгі тұтамыз. Ол Н.Әбдіров атындағы спорт комбинатын ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарды. Кейін Ә.Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында директордың орынбаса­ры болып еңбек етті. Қай қызметті атқарса да абыройлы болды. Тереңөзектің тү­ле­гі қазір Қарағанды облысындағы олим­пиадалық резервтегі суда жүзу спорт мектебінің басшысы. Мектепте суда жүзу, ашық суда жүзу, мұнарадан секіру, син­хронды-әртістік жүзу бойынша спортшылар дайындалуда. Ағайынды Немичтер Токио қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын қорғады. Олипиада жолдамасын ұтып алу оңай емес. Шалғайда еңбек етіп жүрген жерлесімізбен мақтанамыз, – дейді Кенжебек Мұстафаев.

Иә, Молдабек Шерімовтің отандық спорт саласында өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Ол асқаралы алпыс жасқа зор абыроймен жетті. Еңбегі еленіп, бірнеше рет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Министрлікке қарасты Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының, облыс әкімдерінің, облыстық спорт басқармасы басшыларының Ал­ғыс хатын иеленді. «Еңбек даңқы», «Қазақ­станның спорт саңлағы» төсбелгілері кеу­де­сінде жарқырап тұр. Мұның бәрі адал еңбектің мәуелі жемісі, ізденіс пен маңдай тердің нәтижесі.

Қызметте абырой биігіне көтерілген азамат отбасында ардақты әке, аяулы жар. Жұбайы Жанат Арыстановамен бірге ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Ұрпақтары Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің жауапты қызметкерлері. Олар әкелерінің абырой­лы жолын жалғап, ел дамуына өз үлестерін қосуды бас­ты міндет санайды. Ата-бабаларының атақонысы болған, әкелерінің маңдай тері тамған Сыр өңіріне, оның ішінде Сырдария ауданына деген құрметтері ерекше. Ал кейіпкеріміздің өзі жерлестерінің әрбір жақсы жаңалығын естісе балаша қуанатынын айтады.

– Спорт саласында ұзақ жылдар еңбек еттік. Әлі де қолдан келгенше елге еңбек ете береміз. Еліміздің спорт саласы дамып, спортшыларымыз биіктен көріне берсе деп тілеймін. Шетте жүріп, өскен жерімізді, достарымызды сағынамыз. Құт қонып, бақ дарыған Тереңөзек туралы әлеуметтік желілерден жақсы жаңалықтар оқысам, шын жүрегіммен қуанамын. Лайым, Сырдария ауданы дами берсін, – дейді Молдабек Шерімов бізбен әңгімесінде.

Абырой биігіндегі азаматтың алпыс жылдық өмірбаянына зер салып, бекер өмір сүрмегенін аңғаруға болады. Әр күні, әр сәті нақты мақсатқа толы кейіпкеріміз алдағы уақытта да жеңісті, жемісті еңбек жолын жақсы жаңалықтармен жалғастыра берері анық. Біз, Тереңөзектегі тілек­тестері, Молдабек Шерімовтің байыпты бас­тамалары мен жүйелі жоспарларына сәттілік, деніне саулық тілейміз!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
07 қыркүйек 2021 ж. 319 0