"Бәріміз бірдейміз"
Ресми ақпаратқа сәйкес, елімізде 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 430 мыңы еңбекке қабілетті болса, 181 мыңы зейнеткерлік жаста, қалғаны балалар.
Әркімнің тағдыры әр түрлі. Біреу денсаулығындағы ақаулықпен туылса, енді бірі тағдырдың тәлкегін бастан кешкен. Десек те, оларды бөлектеп, қоғамнан шеткері қалдыруға болмайды. Оларға қолдау көрсету – қоғамның парызы.
Осы мақсатта ауданға қарасты Қалжан ахун ауылдық округінде «Бәріміз бірдейміз» атты өнер фестивалі өтті. Ауылдық клуб ұйымдастырған іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Елдегі пандемияға сәйкес бәсеке онлайн форматта жүргізілді. Ерекше жандарға көңіл бөлу, бос уақыттарын тиімді пайдалануына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған өнер фестиваліне Шаған, Шіркейлі, Амангелді, Жетікөл, Айдарлы, Тереңөзек кентінен және Қалжан ахун ауылдарынан он талапкер қатысты. Аталған фестивалге қатысушылар ән, қолөнер, сурет, көркемсөз жанрлары бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Фестивальді қорытындылаған ұйымдастырушылар қатысушыларға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
– Кең көлемдегі іс-шараны ұйымдастырған ауылдық клубқа алғысымызды білдіреміз. Байқауға қатысып, көңіліміз бөлініп, ерекше әсер алдық. Бұл жарыспен ғана шектеліп қалу деген сөз емес. Онлайн форматта өтсе де адамдарды көріп, танысып, көңіліміз көтеріліп қалды, – дейді байқауға қатысушы шіркейлілік Г.Жұмаділдә.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ