Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Баспана салуда бәсекелестік басым

Баспана салуда бәсекелестік басым

Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныс­тану аймағы айналдырған 4-5 жылдың ішінде құрылыс алаңына айналады деп ешкімнің ойламағаны анық. Бірақ адамның ойы үшін орындалмас оқиға қазіргі таңда шындыққа айналды. Бүгінде жаңа қоныстану аймағына 100-ге жуық тұрғын үй салынып, тұрғындар қоныс тойын тойлауда.

Ежелгі халық даналығында адам өмірге келгеннен кейін міндетті түрде үш іргелі істі атқаруы қажет екені айтылады. Соның алғашқысы ағаш отырғызу болса, екіншісі ­– үй салу, ал үшіншісі – ұрпақ өрбіту. Осылардың ішінде үйді тек қарым-қабілеті, денсаулығы және ертеңгі күнге деген сенімі бар адам ғана салады. Ал Сырдария ауданының кемел келешегіне деген сенімді жаңа қоныстану аймағындар бой көтерген зәулім үйлерден аңғаруға болады.

Жаңа қоныстану аймағынан жер алып, жаңа баспана салуды жөн көрген жас отбасы иелері Ермек Шайлан мен Алтынай Ибрагим ата-аналарының қолдауымен былтыр жаңа үйдің іргетасын құйды. Жас жұбайлар биыл білікті құрылысшыларға жаңа үйлерінің қабырғасын өргізуде.

– Жас отбасы болған соң өзіміздің жеке үйіміз болса деп армандадық. Жаңа қоныстану аймағынан жер ашылып, тұрғын үй салу үшін жер учаскелері беріле бастағанда жер алып, іске кірістік. Бәрі ата-анамыздың арқасы, бұйырса жаңа үйге бір-екі жылда кіреміз деп ойлаймыз. Ең бастысы, ертеңгі күнге деген сеніміміз мол. Жұбайым екеуміз аудан орталығында жұмыс істейміз. Болашақта жаңа қоныстану аймағынан әлеуметтік нысандар ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Құрылысты қарқынды түрде жүргізіп жатқан көршілеріміз көп, – дейді Ермек Мұратбекұлы.

Үй салуға мықтап кіріскен жас жігіттің сөзін Қазбек Сыздықов қуаттай түседі. Ол жаңа үйдің іргетасын биыл құйған және қазіргі таңда қабырғасын қалау жұмыстарын жүргізуде.

– Үй салар алдында ұзақ ойландық. Бұрын қалаға көшуді жоспарлайтынбыз. Ауданның соңғы жылдардағы даму қарқынын бағамдап, аудан орталығынан жаңа заман талабына сай үй салуға болатынын түсіндік. Биыл 14х18 пішінде үйдің іргетасын құйдық. Әрине құрылыс заттарының бағасы қымбат. Дегенмен қатарымыздан қалғымыз келмейді. Оның үстіне үйдің үлкені болғандықтан бөлек шығуымыз қажет. Сондықтан жаңа үйді ертерек аяқтап, қоныс тойын тойлауға барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз. Біздің бастамамызға қолдау көрсеткен әріптестеріме, достарыма ризашылығым шексіз, – дейді Қазбек Маратұлы.

Жаңа қоныстану аймағын аралағанымызда жер үйлерден бөлек қос қабатты коттедждердің де бой көтеріп жатқанын аңғардық. Ұзын көше бойынан құрылыс заттарын сатуға арналған қойма да ашылған екен. Биыл бұл маңда цемент сатылыпты. Жеке кәсіпкер болашақта өз бизнесін кеңейтіп, халық сұранысына сәйкес басқа да құрылыс заттарын әкелмек. Тұрғындар алдағы уақытта жақын жерге балабақша салынғанын қалайды.

Атап өту керек, жаңа қоныстану аймағындағы бірнеше гектар жер бұрын орман қорының меншігінде болды. Орман қорынан Тереңөзек кентінің теңгеріміне алу жұмыстары ауданды Сұлтанбек Тәуіпбаев басқарған тұста басталды. Жер қатынастары саласының ардагері Муса Келдібаев сол қиын да күрделі жұмыстардың басы-қасында жүрді.

– Орман қорының меншігіндегі жерді Тереңөзек кентінің теңгеріміне алу оңай жұмыс болған жоқ. Бұл министрлік арқылы шешілетін мәселе. Ол үшін министрлікке облыс әкімі немесе облыс әкімінің орынбасары барып, дәлелдеуі қажет еді. Біз аудан басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің бас қаласына бірнеше рет жұмыс сапарымен бардық. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Б.Маншарипов көп еңбек сіңірді. Бірлесе атқарған жұмыстарымыз еш кеткен жоқ. Ауданның құрылыс саласын басқарған А.Әбдуовпен пікірлесу барысында бұл орындалған арман болғанын айтқан еді. Расында да кенттің тынысы кеңейді. Қоныс той жасаушылардың қатары көбейе берсін, – дейді ауданның Құрметті азаматы Муса Алпысбайұлы.

Иә, жаңа қоныстану аймағындағы көшелердің бірізділікпен салынуына, қажетті инфрақұрылымның жүргізілуіне аудан әкімдерінің қосқан үлесі мол болды. Бұл жұмыстардың уақытылы, сапалы атқарылуына Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев та өз үлесін қосты. Білікті архитектор алдағы уақытта жер кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі шешілетінін, жаңа қоныстану аймақтары ашылатынын айтады.

– Жер кезегіне тіркелушілер саны жыл санап артып келеді. Бұл тұрғындардың үй салуға деген ынтасының жоғары екенін білдіреді. Жер кезегіне бір үйден бірнеше адамның тіркеліп тұрғанын да байқауға болады. «Тиесілі жерді алсам болды» деген қағидадан арылатын уақыт келді. Мемлекет уақытылы игерілмеген, мақсатты пайдаланылмаған жерді қайтарып алады. Сондықтан жер учаскесін алған азаматтар ертерек үй салып, қамдануы қажет. Өйткені барлығы заң аясында жүргізіледі, – дейді кент әкімі.

Аудан орталығында биыл құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны анық аңғарылады. Үйдің іргетасын құюшылардан құралған бригадалардың бос уақыты жоқ десек те болады. Біреу жаңа жер алып, үйдің орнын құммен биіктетіп жатса, екінші біреу жаңа үйдің іргетасын құюда. Тағысын тағылар үйдің қабырғасын қалау, сылау, сырлау, үйдің ішкі құрылыс жұмыстарын жүргізу секілді жұмыстардың әуресімен жүр. Бір сөзбен айтқанда баспана салуда бәсекелестік басым.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
14 тамыз 2021 ж. 209 0