Ардагерге жаңа пәтер берілді
Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығы Тереңөзек кентінде екі бірдей көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жаңа қоныс иелері қуанышқа кенелді.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен салынған жаңа тұрғын үйді «Нұр-Талап және К» ЖШС-і құрылысты осы жылдың маусым айында бастап, аз уақытта аяқтады.
Жаңа жылда жаңа қоныс иесі атанғандардың қатарында әріптесіміз, ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы да бар. Қаламгер ауданда түрлі салада еңбек етіп, 2005-2015 жылдары аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газеті редакциясында фототілші болып қызмет етті. Абыройлы журналист, қарымды қаламгер өзінің ысқақ-әзіл, шымшыма өлеңдерімен оқырман ықыласына бөленді. Биыл жетпіс жасқа толған ардақты азаматтың қуанышы еселей түсіп, мерекеде жаңа пәтер алды.
– Ауданның баспасөз саласында қызмет етіп 2015 жылы зейнет демалысына шықтым. Осы күнге дейінгі тұрғын үйімді арнайы комиссия «апатты жағдайда» деп таныды. 2018 жылы тұрғын үй кезегіне тұрдым. Міне, мереке қарсаңында жаңа пәтерге қол жеткіздім. Бұл ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Ең алдымен аудан әкімдігіне, тиісті сала басшыларына алғысымды білдіремін, – дейді М.Қалмұратұлы.
Мердігер мекеме алты-жеті ай ішінде екі бірдей көп қабатты тұрғын үй құрылысын аяқтады. Кент бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 42 отбасы баспаналы болды. Алдағы жаңа жылды жаңа пәтерде тойлайтын отбасыларға қоныс құтты болсын демекпіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ