Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Игерілмеген жер кері қайтарылады

Игерілмеген жер кері қайтарылады

Жер алғанша жүгіреді, алғаннан кейін соны игере алмай жүреді. Бұл қазіргі көпшіліктің басындағы жағдай. Әуелде жер кезектілігіне тіркеліп, жер алғанша «басқа шауып, төске өрлейді». Кезегі келіп, жер телімі берілгенде бекітілген мерзімде оны мақсатты пайдалана алмайды. Соның салдарынан жер телімдері мемлекетке қайтарылып, игерілмей қалады.
ҚР Жер кодексі бойынша азаматтарға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы 3 жыл мерзімге беріледі. Берілген жерде құрылыс жүргізіп, оны бітіруге үлгірмей жатқанда комиссияның шешімімен 1 жылға ұзартылуы мүмкін. Ал оны мақсатты игере алмаса, жер мемлекетке қайтарылады. Бұл аталған кодекстің 92 бабының 2-тармағында көрсетілген. Онда «Егер құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бо­йынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады» делінген. Демек тұрғындар жауаптылық танытып, берілген жерді мақ­сатты пайдалануы тиіс.
Соңғы жылдары Тереңөзек кенті аумағы кеңейіп, тұрғын үй салу үшін жер телімдері ашылуда. Оған инфрақұлымдық жұмыстар жүргізіліп, халыққа жер кезектілік бойынша беріліп жатыр. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Тереңөзек кентінің бас жоспарына сәйкес «Жалын» тынығу лагері аумағынан 75 гектар аумақ ашылған болатын. Жаңа қоныстану аймағынан жер кезектілігі бо­йынша жер берілді. Жол түсті, жол белгілері қойылды. Электр желілері орнатылды. Тіпті көшелерге де атау берілді. Алайда бүгінгі таңда бұл маңдағы жерлер мақсатты пайдаланылмай отыр. Үш-төрт жылдың көлемінде қатар-қатар тізілген жаңа үйлер бой көтереді деп болжанған еді. Бірақ оның ауы­­лы әлі алыс. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Руслан Рүстемов әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялады.
– Жаңа аумаққа мемлекет тарапынан мил­­лиондаған қаржы жұмсалып, инфра­құрылым тартылды. Алайда бүгінде ол жерде бас-аяғы 9 үйдің құрылысы ғана жүргізілсе, қалған жер телімдері игерілмей бос тұр. Осының салдарынан қоныстану аумағындағы электр желілері, жол белгілері қолды болған. Сол жер телімдерінің иелері ортақ игілік екен деп жанашырлық танытса, тұрғын үйлер түссе мұндай жағдай болмас еді, – дейді аудан басшысы.
Расында, осы қоныстану аймағы ашылады дегенде көпшілік жер алуға ұмтылып еді, енді қазір сол ұмтылыстың бекер болғаны аңғарылатындай. Осыған жауапкершілікпен қарамаған соң электр желілері қолды болған. Алдағы уақытта құрылыс қарқын ала бастаса, электр желісі тағы бір мәселеге айналмақ. Сондықтан аудан басшысы жер телімін жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін баспана салынбаса, оның мемлекет есебіне қайта алынатынын тұрғындар назарына салып, жерді мақсатты игеруде жауапкершілік таныту керектігін ескертті.
Бұдан бөлек өткен жылдан бастап кенттің батыс беткейінен жаңа қоныстану аймағы ашылуда. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бо­йынша 135 гектарды құрайтын жаңа шағын ауданға өткен жылы электр желілері тартылса, биыл ауыз су жүйесі жүргізілуде. Алдағы уақытта қиыршық тас жол салыну қажет. Ол үшін қаржыландыруға ұсыныс берілген. Жоба толық аяқталған кезеңде Тереңөзек кентінде жер кезегінде тұрған 692 азаматтың (69,5 процент) мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Бұл жерде де тағы тұрғындар жауапкершілігі аса қажет. Өйткені мемлекет тарапынан жер телімі беріліп, барлық жағдай жасалуда. Соны тиімді пайдаланып, жерді мақсатты игеріп, тұрмысты түзеп алған жөн.
Жаңа қоныстану аумағында жаңа үйлер бой көтеріп жатса, кенттің көркі ажарлана түсетіні анық. Сондықтан бұл мәселеде сырдариялықтардың жанашырлығы, жауап­кершілігі аса қажет.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ 
13 маусым 2020 ж. 733 0