Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Комбайншы Кеңесов

Комбайншы Кеңесов

Талай жыл Сыр салысын егуде үздіктер қатарынан көрінген «Қызылдихан» шаруа қожалығында жас мамандар да елеулі еңбек етуде. Олардың қатарында комбайнер, механизатор – Алмас Кеңесов те бар. Алғаш слесарь болып жұмысқа орналасқан ол кейіннен шаруашылықтағы дала кемесін тізгіндеген.

Жас маман Алмас Кеңесов №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте білім алған. Оның әкесі Әбсадық та бірнеше жыл комбайн айдап, дара шыққан диқандар қатарынан көрініп жүр. Баласына білгенін үйрететін Әбсадық Кеңесұлы егін маусымында мол өнім алуға барын салып келеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Алмас та ауыр техниканың бүге-шүгесін таразылап, егістік даласында атой салып жүр. Жас та болса еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын ол әке жолын абыроймен жалғастыруды қалайды. Тәжірибелі мамандардан үйренері көп жас комбайншы 2019 жылдан бастап, «Macdon» және «Белорусь 1523» тракторын тізгіндеп келеді. Үшінші жыл қатарынан егінді қамбаға толтыруға зор үлесін қосуда.
– Мен іргелі шаруашылықта жұмыс жасағаныма қуаныштымын. Мұнда аты әйгілі диқандардың ізгілікті жолы қалыптасқан. Алғашқы күннен бас­тап әкемнен алған тәлімді тәжірибе жүзінде жүзеге асырып келемін. Астықтың дер кезінде жиналуы аса жауапкершілікті жүктейді. Еңбек майданында өзімді жетілдіру арқылы бұдан да зор жетістіктерге қол жеткізгім келеді. Бір жылдары әкем Әбсадық толағай табысқа жеткен болатын. Сол жолды жалғастырып, даңғайыр диқандардың ізбасары болуға барымды саламын, – дейді жас механизатор.

Биыл 21 жасқа толатын Алмас Әбсадықұлы өткен жылы сәкендік Аружан Мұхамметқалиевамен отау құрды. Бүгінде жас шаңырақ иелері бір сәбидің ата-анасы.


Балтабай ОРДАБЕКОВ 
10 тамыз 2021 ж. 327 0