Қор көрсеткен көмек
Өткен жылы «Сырдария» қоғамдық қоры аудандық «Тіршілік тынысы» газеті арқылы көпшілікке Үндеу жолдаған болатын. Қайырымдылық істің сауабы мол екендігін үндеген қор жомарт жүректі жандарды мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге шақырды. Нәтижесінде, қаЙЫрымды азаматтар тұрғындарға барынша көмек қолын созды.
Үндеуге құлақ түрген аудан тұрғындары «Сырдария» қоғамдық қорының есеп-шотына 700 мыңға жуық қаражат аударды. Қомақты қаражат есебінен жыл көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Сонымен бірге жекелеген кісілердің емдеу шараларына, жалғыз басты аналарға аз қамтылған ардагерлерге тиісті мөлшерде қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қайырымдылық көмек аясында қыс мезгілінде 1 тұрғынға газ орнатуға, 3 тұрғынға отын және көмір алуға, оқу құралдарын алу үшін 10 балаға көмек берілді.
– «Көп түкірсе – көл» демекші, берекелі іске бейім ауданымызда бірлесе еңбек етудің жарқын үлгісі қалыптасқан. Сырдариялықтар әрқашан жоқ-жітікке көмектесіп, өздерінің қайрымды екендіктерін көрсетіп келеді. Осындай игілікті істің бастауы ауданда жалғасын тапқанына қуаныштымыз. Қордың есебінен көмек күткен әрбір адамға қолдау көрсетуге дайынбыз. Лайым, қазаны оттан түспеген халықтың жанашырлық танытқанына дән ризамыз. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасын табатын болады. Өз кезегінде жүрегі жылылыққа, көңілі мейірімге толы азаматтарды қаржылай көмек көрсетуге шақырамыз, – дейді «Сырдария» қоғамдық қорының төрайымы Несібелі Керейтбаева.
Балтабай ОРДАБЕКОВ