Көп балалы анаға баспана кілтін табыстады
Қасиетті Рамазан айында «Хикмет» қайырымдылық қоғамдық қоры сырдариялық көп балалы анаға баспана кілтін табыс етті. Оразаның жиырма алтыншы күнінде Райкүл Балмаханова 7 бөлмелі үйге қол жеткізіп, балаларымен бірге қуанышқа кенелді. Отбасындағы кішкентай перзент Адия Асылбекқызы сәби күнінен сал ауруына шалдыққан. Сонымен бірге «Хикмет» қайырымдылық қоғамдық қоры Адия Асылбекқызының еміне қаржылай көмек көрсетті.
Бүгінде көп балалы ананың отбасы Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітов көшесінің тұрғыны атанды. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлимаш Мырзахметова, «Хикмет» қайырымдылық қоғамдық қорының төрағасы Азамат Болатбек Райкүл Балмаханованың үйіне барып, баспаналы болуымен құттықтады. Баспана кілтін табыстады. Үйдің жай-күйімен танысты. Адия болса, үш айлығынан бастап науқас. Күн сайын бүлдіршіннің бұғанасы мен аяқ-қолы бірнеше жерден шығып кете береді. Алдағы уақытта қор қаржысы есебінен Ташкентке барып, емделетін болады.
– Қызымды қолдан түсірмеуге тырысамыз. Оның денсаулығын барлық ауруханаға қаратып келеміз. Денсаулығын жақсарту үшін аянып қалмаймыз. Біраз күн бұрын «Хикмет» қайырымдылық қоғамдық қорына барған болатынмын. Жағдайымды айтқаннан кейін олар көмектесуге келісті. Қасиетті Рамазан айында қайырымды жандардың арқасында баспаналы болып жатырмыз. Барлық көмек қолын созған адамдарға алғысым шексіз. Еміне қажетті қаражатпен Ташкент қаласына емделуге барамыз. Бұл бізге үлкен көмек болды, – дейді көп балалы ана.
Күнделікті сынықшы мен аурухананың ортасында жүріп, қиындыққа төзе білген Адия Асылбекқызы жаңа баспанада жаңа өмір бастайтынына сенім мол. Жаңа баспана көп балалы отбасыға қайырлы болғай.
«Хикмет» қайырымдылық қоғамдық қоры құрылғанынан бері мүмкіндігі шектеуді жандар мен көп балалы отбасыларға қайырымдылық жасап келеді. Бұған дейін 6 отбасыны баспанамен қамтыса, 4 отбасыға қаржылай көмек көрсеткен. Жақында қор мүшелері Мақтаарал ауданына арнайы барып, бірнеше отбасыға қайырымдылық жасады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ