Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай күніне дайындығымыз қалай?

Абай күніне дайындығымыз қалай?

Былтыр халқымыздың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кеңінен атап өттік. Ұғына білген адамға ақын мұраларының өміршеңдігі әлі күнге дейін өз құнын жойған жоқ, жоймайды да. Себебі Абай – ұлтымызды адастырмайтын темірқазық.

Былтыр ресми түрде бекітілген Абай күніне де санаулы күн қалды. Еске салар болсақ, былтыр Үкіметтің арнайы Қаулысы қабылданды және аталған құжаттың қабылданған болатын. Бұл ұлт мақтанышының қазақ қоғамында тағы да бір жаңа белеске көтерілгенін білдіреді. Премьер-министр Асқар Мамин қол қойған құжатта «Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі» делінген. Яғни, 10 тамыз – хәкімге халықтық құрмет көрсететін күн.

Ұлы ақын өз шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ақын халықтың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгергенін, кәсіп игергенін қалады. Әр шығармасында елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұй­қы­шылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күн­деуден, көре алмаушылықтан ада болуға үндеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл ұлы ақын­ның мерейтойына байланысты ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әрине, әлемге танылған Абайға құрмет көрсету бір жылдың, бір күннің ғана үлесінде қалатын іс емес. Өйткені Абай идеясы – өміршең һәм мәңгілік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында «Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп атап өтті. Яғни, ұлт рухын көтеретін ұлы іс – баршамызға ортақ. Абай күткен үдеден шығу, баба рухына тағзым етіп, жалпақ жұрттың алдында ақынның шығармашылығын насихаттау – еліміз үшін үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш. Ендеше Абай күнін лайықты атап өтуге атсалысайық, ағайын!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

03 тамыз 2021 ж. 370 0