Екпе қабылдау – саулық кепілі
Қазір әлем елдері коронавирус індетімен қарқынды түрде күресіп жатқаны белгілі. Қауіпті індет халықтың денсаулығы мен өміріне үлкен қатер төндіріп тұрғаны жасырын емес. Бұл кеселді жеңудің негізгі жолы екпе қабылдау екені баршаға аян.
Тереңөзек кентінің тұрғыны Құдайберген Үсенбаев өз еркімен коронавирусқа қарсы екпе салдыртты. Оның айтуынша, вакцинаға қатысты қоғам арасында әртүрлі пікір бар. Соған қарамастан тұрғындар маңызды шешімді өзі қабылдауы қажет деп есептейді.
– Вакцина салғызу алдында бірнеше құжатты толтыруға тура келді. Содан кейін аудандық аурухана қызметкерлері денсаулығымды тексеріп, вакцина салды. Соңынан жарты сағат денсаулығымды бақылауға алды. Жалпы өзімде ешқандай қорқыныш болмағандықтан, ауырсыну секілді теріс ықпалдар байқалмады. Медицина қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Екпе алғаннан кейін денсаулық ахуалымда қандай да бір өзгерістер сезілмеді. Әрине, вакцина салдырмай болмайды. Онсыз карантин елімізде тұрақты жалғаса беруі мүмкін. Дегенмен, азаматтар өз бетінше вакцина қабылдағаны жөн. Себебі ол үшін өзінің және айналасындағы жақындарының денсаулығы бәрінен қымбат болуы тиіс. Қарқын алған дерттің алдын алудың жалғыз жолы – жаппай вакцина салдыру екендігін түсіндім,– дейді кент тұрғыны Қ.Үсенбаев.
Тереңөзек кентінің тұрғыны, белсенді жас Аружан Бақбергенова да жақындары мен туыстарын індеттен қорғау мақсатында ерікті түрде вакцина салдырды.
– Мен коронавирустық инфекцияға қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Вакцина алғанға дейін аудандық аурухана дәрігерлерінің тексеруінен өттім. Екпеге қатысты ешқандай қарсы көрсетілімдер табылған жоқ. Ал вакцинаны алғаннан кейін 30 минут ішінде дәрігердің бақылауында болу міндетті шарт болып табылады екен. Бұл вакцина 2 сатылы болғандықтан, келесі компонентті де белгіленген мерзімде алуды жоспарлап отырмын. Айта кету керек, вакцина дерттің алдын-алу шараларымен бірге пандемияны бақылауға алуға көмектесетін маңызды құрал болып табылады, сондықтан аудан жастарын вакцина алуға шақырамын. Өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар, – дейді белсенді жас Аружан Бақбергенова.
Ауданымыздағы өзге этнос өкілдері де екпе қабылдауда. Олар екпе қабылдау арқылы қауіпті індеттен келетін қатерді еңсеруге болатынын айтады.
– Өзге этнос өкілдері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Екпе қабылдау – саулық кепілі екенін айтып, мамандар әзірлеген нұсқаулықты тараттық. Соның нәтижесінде жаппай екпе қабылдау қарқынды түрде жүргізілуде. Оның ішінде жас та, кәрі де бар, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Сырдария ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Абай Мейрамбеков.
Иә, індетті еңсеру үшін мамандар екпе қабылдау қажеттігін ұсынуда. Ұжымдық иммунитет қалыптаспай, қауіпті дертті жою мүмкін емес. Сондықтан әр азамат ертерек екпе қабылдап, жеке жауапкершілік танытуы қажет.
А.СЕЙІЛОВ