Аралмен біргеміз!
Табиғат тосын мінез танытып, биылғы жазда Аралда қуаншылық орнағаны мәлім. Мұндай жағдайды ел болып еңсеру қолға алынғаны да белгілі. Сыр елінің көптеген шаруашылықтары қолдарынан келгенше мал азығынан көмек қолын созуда.
Қуаңшылық – мал жанның амандығына кері әсерін тигізіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік хал ахуалын да әлсіретіп жібергені рас. Қазақ халқында қашаннан «жақыныңа жанашыр бол», «қандай жағдай болмасын, ағайынмен бірге бол» деген жақсы қасиет бар. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген аталы сөздің де мағынасы тереңде жатыр.
Міне, ел-жұрт болып барынша қолдау көрсетіп, жақсылыққа үн қосып, қолдағы барымен бөлісіп отырған ағайындар легі Аралға қарай көш түзеді. Олардың қатарында ауданның Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС-нің директоры Дархан Ералиевтың бастамасы бар. Серіктестік басшылығы Арал ауданына көмек ретінде 2000 жоңышқа пресс мен 1000 қамыс пресс шөбін көмекке жөнелтті. Бұл қамқорлық ел бірлігінің жарқын көрінісі болса, екінші жағынан Аралдық ағайынның тірлігінің түзелуіне жасалған игі бастама.
– Ауыртпалықты басынан өткеріп отырған Аралдық тұрғындарға ара түсу үшін мал азығынан көмек беруді жөн көрдік. Мұндай жағдайға бей-жай қарай алмаймыз. Малдың амандығы жанның амандығы. Қуаншылық та өтер, жақсы күндер де келер. Қиыншылыққа төтеп беріп, қолда бар төрт-түлікті аман алып қалуға барын салып жатқан ағайынға қолдау білдіруге шақырамын, – дейді «Мағжан және К» ЖШС басшысы Дархан Жұмашұлы.
«Елде болса ерінге тиеді» дегендей, Сыр халқының жұмыла көтерген жүгі жеңіл болсын демекпіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ