Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жабық вокзал кімге қажет?

Жабық вокзал кімге қажет?

Мақала тақырыбынан-ақ бұл жолғы мәселенің темір жол вокзалына қатысты өр­би­­тінін аңғарған боларсыздар. Құдайдың құтты күні, сәтті сағаты жабық тұратын бұл вокзалдың жай-күйі мен сапасыз жұмысы тұр­ғын­­­дар­дың ренішін тудырғалы қашшан?! Көретін билік, мә­селені шешетін басшылық бол­маған соң қолға қалам алып, зерттеп көруді жөн көрдік. Сөйтсек, былықтың бәрі «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-на қарасты Қызылорда жол дистанциясының №3 айна­лымы Тереңөзек станциясында екен.

«Сізбен сөйлесуге уақытым жоқ...»
Халық – Құдайдың бір аты. Халықтан үл­кенмін, биікпін деп ешкім айтпайды. Бірақ кейбіреулер халықтан өздерін биік санап, артық сөйлеп, кейін ол ісі өзіне кері ықпал ететінін кеш ұғады. Міне, сондай жағдайға темір жол вокзалына қатысты мәселені талқылау барысында біз де тап болдық.

Тұрғындар тарапынан «Вокзалдың егесі кім?», «Неге жабық тұрады?» «Тазалығына кім жауапты?», «Қураған шөп пен босаған бөтелкелерді бір сәт станса қызметкерлері тазалап қоюға болады ғой», «Неге жолаушыларға арнап орындық қойылмаған?» деген сұрақтар мен пікірлер көбейіп кеткен соң және бәрін өзіміз де көріп жүргендіктен қолға қалам алдық. Халық сайлап, депутат қылған соң заң аясында депутаттық өкілеттілігімізді пайдаланып, халықтың талап-тілегін, сын-ескертпесін жа­уапты органға жеткізуді мақсат тұттық. Сөйтсек, қарапайым халықты былай қойғанда уәкілетті органның өкілі саналатын бізбен станса қызметкерлерінің сөйлесуге уақыты жоқ екен. Парадокс!

Алдымен станса басшысы М.Маликовпен сөйлестік. Ол телефон арқылы еңбек демалысында екенін айтып, Ғ.Бекболовқа хабарласуымызды сұрады және нөмерін WhatsAрp арқылы жіберді. Ғ.Бекболовқа звондап, халықтың пікірі мен сұрағын қойғанымызда дөрекі жауапты тыңдап, жағамызды ұстадық. «Амал жоқтықтан басшының міндетін атқарып жүрмін» деп әңгімесін бастаған ол біздің сұрақтарымыздың салмағын сезінді ме, әлде жауап беруден жалтарды ма, «Сізбен сөйлесуге уақытым жоқ...» деп тұтқаны тастай салды. Ол өзінің дөрекі дауысы мен қызметтік этикаға жат жауаптары дыбыс жазбасына жазылып, кейін жазбаның толық нұсқасы өзінің басшылығына, кадр бөліміне ұсынылатынынан бейхабар еді.

Бұл мәселе туралы Түркітілдес журналис­тер қорының қолдауымен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметімен байланысып, акционерлік қоғамның ресми өкілі, бас менеджері Ж.Ойшыбаевамен сөйлестік. Біздің мәселемізді асықпай тыңдап, шағымымызды жазбаша қабылдап алған ол тиісті қызметтік тексеріс жүргізілетінін, темір жол станциясының дирекциясында бұл мәселе талқыланатынын айтты. Қорытындысы міндетті түрде хабарланатынын жеткізді. Хош, мәселе талқыланар, талқыланбас, бізге ол қатты маңызды емес. Маңыздысы, жергілікті азаматтардың өз міндетін адал атқарып, өзгеден өзін биік санамауы, лауазым иесімен де, халықпен де тең сөйлесуі... Қалғаны сана мен уақыттың еншісіндегі іс. Бұған санасы жетпейтіндерді уақыттың өзі бір күні тәубесіне түсірері анық.

Есікті ұрсаңыз да ашпайды...
Егер, Сіз жолаушылап немесе басқа да жұмыстармен Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-на қарасты Тереңөзек станциясына баруыңыз қажет болса, тек таңертеңгі сағат 08.00 мен 11.00, ал түстен кейін 13.30 бен 16.00 аралығында ғана барыңыз. Өйткені қалған уақыттары вокзал есігі жабық болады. Түсінікті тілмен айтқанда, есікті ұрсаңыз да ешкім ашпайды. Бізге бұл туралы кассир Айгүл Әбдірайымова айтты.

– Біздің кассирлерді қысқартып жіберді. Бұрын төрт адам болатын, кейін үшеу болды. Енді міне екеу-ақ қалды. 45 мың көлеміндегі айлыққа жұмыс істеп жүрміз. Сіз де сағат 16.10 шамасында келіп тұрсыз. Мен жұмысымды аяқ­тап, қайтуым қажет, – деді кассир бізбен әңгімесінде.

Біз маманды диалогқа тартып, мәселенің мәнісін тарқатуға тырыстық.

– Айтуыңызша, вокзалдың жабық болуы кассирлердің жоқтығынан екен, ал тазалығына кім жауапты?

– Мен оны білмеймін, біз ғимаратты жалға алып отырмыз. Негізі станса басшысы мен қызметкерлер жауап беру керек.

– Олар қайда отырады?

Кассир маған кассаға қарама-қарсы есікті нұсқады. Сыртында «Қызылорда жол дистанция­сы №3 айналымы Тереңөзек станциясы» деген жазуы бар жұмыс бөлмесіне кірдік. Өзін учас­ке басшысының орынбасары Зәпір Досығұлов деп таныстырған қызметкерге сұрақтарымызды қойып, мәселені талқылауды жалғастырдық.

– Ғимарат есігі неге жабық тұрады?

– Қай есік?

– Сыртқы есік, тіпті тұтқасы да жоқ қой.

– А, оны енді ашамыз.

– Сонда қашан ашасыздар?

– Біз жабық тұрғанын білмедік, қазір қараймыз, ашамыз.

Міне, біздің ә дегеннен әңгімеміз осылай өрбіді. Маманның сұрақтарға жауап бергені телефондағы дыбыс жазу жүйесінде сақталып та қалды. Алғашында «мен тек орындау­шы қызметкермін» деп ақталғысы келген З.Досығұловқа басшысымен тілдестіруді сұрадық. Телефон арқылы магистралдық желі бөлімшесі басшысының орынбасары Ербол есімді азаматпен сөйлестік. Ол айтылған сын-ескертпе өте орынды екенін, бір аптаның ішінде бәрі ретке келтірілетінін, шұғыл тапсырма берілетінін айтып, мекеме атынан кешірім сұрап, станса қызметкері З.Досығұловқа телефон арқылы тиісті тапсырмасын берді. Сөйтіп, мәселенің түйіні тарқағандай болды.

Қолыңызға орақ ала келіңіз...
Жанашырлық болмаса, әр басшы жаны ашып жүрекпен жұмыс істемесе, бәрі бекер екені анық. Осы ретте вокзал маңындағы бей-берекет өскен шөптерге қарап терең ойға батасыз. Кіреберісі де, теміржолдың бойы да шөп-шаламға толған. Оны шабатын, ретке келтіретін адамдар жоқ емес бар, бірақ мүлдем жаны ашымайды. Біз станса қызметкерлерінің өздеріне де көрсетіп, жаяу аралап бәрін түсіндірдік. Осы ретте аяқ-қолы сау адамды былай қойғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмағаны тіпті ұят.

Егер, сіз мүмкіндігі шектеулі жан болсаңыз, теміржол бойына шығуыңыз үшін қолыңызға орақ ала келіңіз! Бұл – күлкілі жағдай емес, керісінше күйінетін мәселе. Себебі, вокзал маңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандусқа дейін шөп өсіп кеткен. Бұл туралы станса қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиналыс­та өзіміздің пікірімізді ашық айттық. Мәселені төтесінен көтеріп, олардың халықпен санасуы қажет екенін қаперлеріне салдық. Біреуі де «Сіздердікі дұрыс емес» демеді. Осы жердің патриот азаматы ретінде көтерген мәселеміздің орынды екенін, айына бір күнді белгілеп сенбілік ұйымдастыруға болатынын айтып, бас изегендер көп болды. Енді сол қызметкерлерді жинап, ортақ мақсат жолындағы жұмысқа жұмылдырып, тұрақты түрде сенбілік ұйымдастыратын станса мен учаске басшысы болса...

Теміржол станциясының маңында қура­ған және бей-берекет өскен шөптермен қатар қоқыстар да толып жатыр. Ғимарат ішіндегі қоқыс жәшігінің де тазаланбағанына бір айдай уақыт болғанға ұқсайды. Темекі тұқылы мен балмұздақтың сыртқы қабықтары сыртына шығып, қараған адамға бұл вокзалдың егесі жоқ, сұрауы жоқ секілді жағымсыз әсер қалдырады. Ең сорақысы, атақты Әби Сарқыншақовтай теміржол саласының генералы шыққан қасиетті Тереңөзектің атына сын, ұят. Осыны станса, учаске басшысы мен қызметкерлері ойласа игі.

Ардагерлерін де іздемейді
Қарттарға құрмет – баршаға міндет. Қарияларды құрметтеуді әрбір мекеме басшысы күнделікті жұмыс жоспарына енгізуі қажет. Өйткені олар жастық кезеңдерін белгілі бір саланың дамуына арнап, осы ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан. Ал темір жол саласында бұл үрдіс мүлдем жоқ. Басшылары сала ардагерлерін іздемейді, сосын қызметкерлері іздеусіз ардагерлерді танымайды. Бұл да станса мен учаске басшылығының олқылыққа толы жұмысының бір дәлелі.

Теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен, бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ бас­қан тереңөзектік Тұрсын апа кейінгі буын әріптестеріне өкпелі. Ардагер теміржол сала­сының өкілдері қарттар күнінде де, атаулы мерекелерде де іздеп, құрмет көрсетіп, тым болмаса жағдайымызды білмейді дейді.

– Біз ұзақ жылдар ауданның теміржол саласында жұмыс істедік. Осы мекеменің отымен кіріп, күлімен шықтық. Біздің еңбегімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Сол еңбегіміз еленсе дейміз. Қарттар күнінде жергілікті газеттен әкімдіктің, басқа да мекемелердің сала ардагерлерін құттықтап, құрмет көрсетіп жат­қанын оқимыз. Ал біз жыл сайын ескерусіз, елеусіз қаламыз. Бізге ешқандай сый-сияпат керек емес, тек көңіл бөлінсе болды. Ал сол көңілді бөлетін вокзал қызметкерлерін май шаммен іздесеңіз де таппайсыз. Оларға ардагерлер керек емес. Меніңше кейін өздері де керексіз болып қалады, – деп ренішін білдірді сала ардагері.

Халқымызда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген тағылымы мол сөз бар. Үлкенге құрмет көрсете алмау – ұяттың ең сорақысы. Себебі, ардагерлер бізге бейбіт күнді, мамыражай тіршілікті қалыптастырып берді. Сондықтан алдыңғы буын аға-апаларға әр мекеме ұжымы ерекше көңіл бөліп, ілтипат танытуы қажет. Бұл туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Хайролла Әбенұлы үнемі айтып келеді.

«Ардагерлер іздеусіз, ескерусіз, елеусіз қалмауы қажет. Әр мекеме өздерінің сала ардагерлерімен тығыз байланыс орнатып, оларға көңіл бөліп, құрмет көрсетіп отыруы керек. Бұл – кейінгі толқынның міндеті» деген-ді аудан ардагерлерінің басшысы.

«Кешірім өтінеміз!»
Мәселе кеңінен талқыланып, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ бас кеңсесі мен кадр бөлімі назар аударып, біздің сын-ескертпе­мізді бақылауға алғаннан кейін небәрі бес сағаттың ішінде бей-берекет өскен шөп шабылып, қоқыстар жиналды. Қоқыс жәшігіндегі темекі тұқылдары мен балмұздақ қабықтары, арақтың, сыраның босаған бөтелкелері жиналды. Алдағы уақытта пойыз күтуші жолау­шы­­лар үшін орындық қою мәселесі де қарастырылатын болды. Түстен кейін 16.00-ден кейін көтерген мәселеміздің нәтижесін келесі күні таңертең 09.00-де учаске басшысының орынбасары З.Досығұлов редакцияға келіп баяндады.

– Сіздің ескертпеңізден кейін шұғыл сенбілік өткіздік. Бәрін ретке келтірдік. Шөптерді шаптық, қоқыстарды тазаладық.

– Сол олқы жұмыстарды біз айтпай да істеп қоюға болады ғой.

– Иә, барлық сын-ескертпеңіз орынды, кешірім өтінеміз!

– Тазалық және ғимаратты күтіп ұстау жұмыстары учаскенің міндеті екен. Ал «Сізбен сөйлесуге уақытым жоқ» деген станса қызметкерлері неге дөрекі?

– Оларға да ескертілді. Халықпен, халық сайлаған депутатпен сөйлескенде сыпайы болу қажеттігі айтылды.

Осындай диалог өрбігеннен кейін З.Досы­ғұлов еңбек демалысындағы станса басшысына біздің көзімізше телефон соғып, тағы да бір ескертті. Станса басшысы өзінің дөрекі орынбасарымен сөйлесетінін, мәселе қаперде болатынын жеткізді. Біз де орындалған жұмыстардың суретін көріп, ешкімге ешқандай өкпеміз жоқ екенін айтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық. Учаске басшысының орынбасары да сенбілік, тазалық жұмыстары енді ұдайы назарда болатынын атап өтті.

Иә, қаламның қуаты осы шығар, жылдар бойы тазаланбаған вокзал маңы бес сағаттың ішінде ретке келді. Ертеңіне магистралдық желі бөлімшесінің бас инженері Б.Бекжанов ауданға жұмыс сапарымен келіп, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Енді сол реттілік, жинақылық жалғасын тапса игі. Бет қатталып жатқанда мәселенің кеңінен талқыланып жатқанынан атақты Әби Сарқыншақовтың да хабардар болғанын білдік. Теміржол саласының генералы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-на қарасты Қызылорда облыстық филиалына тиісті тапсырмасын беріп, жауапты азаматтарға қатаң ескерту жасапты...

P.S. Мақала әзірленіп, баспаға ұсы­нылар тұста теміржол саласының бір топ қызметкері редакцияға келді. Олар мәселені орынды көтергенімізді, барлық сын-ескертпе дұрыс екенін айта келе, пойыздардың келе жатқанын және жүргізілетін уақытын хабарлайтын қыз­метті қайта жандандыру мен анықтама бюросын ашуға қолдау көрсетуімізді сұрады. Теміржол саласының мамандарын аудандық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақыппен бірге қабылдап, алдағы уақытта депутаттық фракция атынан арнайы ұсыныс хат да­йындалатынын жеткіздік.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
17 шілде 2021 ж. 879 0