Тіл тағдыры – ұлт тағдыры
Ұлттық дүниемізді халық арасында насихаттау, жеткізу үшін ең әуелі тіліміз түзу болмақ керек. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың мұрасы. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен.
Əдеттегідей автобусқа мінсем жан-жағымдағылардың қимылын бағып, кімнің аузынан қандай сөз шығар екен деп бақылайтын əдетім. Себебі, меніңше, автобус – ең бір қайнаған қоғамдық орын. Шаруасынан шаршап, жұмыстан қалжырап қайтқан халықтың «шынайы бет-бейнесі» көрінетін кез – әсіресе кешкі мезгілдегі автобус іші...
Жұма сайын жүретін жолыма түсіп, аязды күні аялдамада аяқтарымды бірді-біріне соққылап, сарылып сары автобусты күттім. Не керек, сегіз минут күттірген сары автобус селкілдеп жетіп келді. Күндегідей, халық ығы-жығы... Қысқасы, біз мінген автобусқа бес аялдамадан соң баласын жетектеген əйел мінді. «Ақша төлеп отырамыз» деп тап-таза айтып тұрған кондуктор əйел «баламен орын берейікші» деп қалды. Ниетін түсіндік, бірақ тілді қалай болса солай қолдануға бола ма? Мен ызаланып үлгергенше бір үлкен кісі:
– Əй, – деді жекіріп. – Осындай да сөз бола ма екен, «балалы əйелге орын берейік» деп жөндеп айтсаң болмас па?
«Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен бездің» кері келіп, аузымды ашуға арым жібермей тұрған еді, əлгі кісіге риза болдым.
«Жай сөз, не айтқысы келгені түсінікті емес пе» деген ой болуы мүмкін. Ақша жинап тұрған әйелдің де ойы осылай-ау, тілін дұрыстамақ боп безектеген кісіге бет бұрып та қарамады.
Рас, əйтеуір түсіндік. Бірақ, біреу солай жүйесіз сөйлесе, екінші тағы солай жасаса, жасампаз тіліміздің ертеңі не болады?
Әлгі оқиға əсер етті. Бірдің сөзі түзелсе – мыңға сабақ.
Тіліміздің өз заңдылықтары бар, ережені еркін меңгеріп, тіліміздің байлығын сарқа пайдаланып, бал тамызып неге сөйлемеске?!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ