Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл болашағы – балабақшадан

Тіл болашағы – балабақшадан

Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың мұрасы. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарауға тиіспіз.

Адам бойына ұлттық рух пен тілі, қасиет пен мінезі ана сүті арқылы дариды. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді халық даналығы. Бала бойындағы ұлтына деген жанашырлық, тіліне деген сүйіспеншілік, халқына деген ұлтжандылық балабақшадан басталады. Одан кейін мектеп, жоғары оқу орны... Тәрбие ошақтары осылай жалғаса береді. Тәрбиені таныммен жалғау үшін пенде жүрегінде «менің елім, менің тілім» деген сезім болмақ керек.

Осы негізде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен балабақшалар арасында «Тіл болашағы – балабақшадан» атты аудандық байқау өткізілді. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді, жас жеткіншектердің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен шара санитарлық талаптарға сәй­кес онлайн түрде болды.

Байқау екі кезеңнен тұрып, аудан бойынша 20 бүлдіршін бақ сынасты. Жарыс талабына сәйкес «Мен – сүйікті балақан» деп аталатын алғашқы кезеңде балабақша тәрбиеленушілері өздерін таныстырды. Ал екінші бө­лімде тілге қатысты өлең, тақпақ оқыған бүлдіршіндердің талабы зор болды.

Балалар М.Мақатаевтың, Қ.Мырзалиевтің, Н.Айтұлының тіл туралы өлеңдерін жатқа айтып, тыңдармандардың сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақы киім киіп, кеудесін соғып тұрып мақтанышпен өлең оқыған балақайларға қарап бір жағынан сүйсінсек, екінші жағынан осындай талантты әрі ұлтын сүйер ұл-қыздардың өсіп келе жатқанына қуандық.

Бүлдіршіндердің барлығы сүйкімді, бәрі талантты. Дегенмен, сайыс болған соң біреу оза шауып, кейбіріне бәйге бұйырмайтыны заңды. Осы байқауға халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Мұхамеджан қазылық етіп, аудандық газеттің тілшілері қатысты.

Төрешілер әр бүлдіршіннің сөзді анық айта білуіне, өлең оқу мәнеріне, өзін-өзі ұстай алуына қарап бағалады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Аманкелді ауылындағы №8 «Айгүл» бала­бақшасының атынан қатысқан І.Мұхиддин еншілесе, бірінші орынды «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиеленушісі Б.Марлен қанжығасына байлады. Екінші орынды Шаған ауылынан бейнебаян жолдаған К.Кенжебек пен аудан ор­талығындағы «Балапан» шағын ор­талығының бүлдіршіні Б.Төлебайлар өзара бөліссе, үшінші орын Ж.Нұрхан, Ж.Жақсылық, Б.Болатбектерге бұ­йырды. Сайысқа қатысушылардың бар­лығы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломымен, сондай-ақ бағалы сыйлықпен марапатталды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ 
18 мамыр 2021 ж. 1 021 0