Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдырымның жанары

Тағдырымның жанары

«Нұрмұхаммедтің өлеңдері терең ойлы, өршіл. Ол өз тағ­ды­рының ауырлығына сонша налымайды, ол өмірді сүйе­ді. Ата-ана, бауырларын, барша жұрт­ты жақсы көреді. Оның өлең­дерінің негізгі та­қы­­­ры­бы да – осы. Ақын­ның та­ғы бір ерек­шелігі, өлең­де­рі қыс­­­­қа. Өйткені, ол біз сияқ­­­ты ой­да­ғысын қаламмен не компью­тер­мен жазбайды. Қа­­лам­­ды аузына тістеп, ұялы те­­лефон­ға жазады. Бұл – қиын, тіпті біз­дің қолымыздан да келмес. Өлеңге деген осынша ғашықтығына қай­ран қаласыз» деп ақын, журналист Дүйсенбек Аяшұлы «Сырдария ауданының Құрметті аза­маты», адуынды қаламгер Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шығырма­шылығы жайында пікір білдірген болатын. Бұл жолы біз дарынды ақын, таланты жан Нұрмұхаммедтің өлеңдер топтамасын қалың оқырманға ұсынбақпыз.

ӨМІРГЕ КӨЗҚАРАС
(Үміт оты)
Бұл өмір арқан тектес сөккен жібін,
Сөгілген жіп ол сенің өткен күнің.
Асықтың алшысындай жақсы жандар,
Үмітпенен күтіп алар жеткен күнін

Асығымның алшысын күткендіктен,
Ұтылмай, ойнап келем бүкпен-шікпен.
Ал біреулер бұл өмірде асығады,
Қырандай жемтігінің жүнін түткен.

Менің де жоспарлаған жолдарым бар,
Үмітім бар Алланың сыйы күткен.
Сол үміттің тұрғанда оты жанып,
Жарықтанар өлеңменен үйім тіккен.


ТӘУБЕ
Құлагер шапқан екен шабылғанша,
Шауып көрем, шығады шаңым қанша?
Жолым ауыр, сүрінбеуге тырысамын,
Білмеймін бағым қанша, сорым қанша?

Арыңды азсаң-дағы таза ұста,
Тәннің кірі тәйірі шомылғанша.
Алдамшы бақыт деген айран тектес,
Бетіндегі сары май алынғанша.

Менмінсіп өзін биік санамасын,
Дананың даналығы жаңылғанша.
Мен осылай жатсамдағы қуаттанам,
Ойыма ниетті іс сағымданса.
Арық қарын томпияр соғымданса.
Оразаның бір айы былай тұрсын.
Аш көңілдің құрсағы тояр болса.

Шыдар едім күзгі егін орылғанша.
Жараларым дақ қалмастай жазылады,
Ойымдағы бір арманым орындалса!


БІРЕУЛЕРГЕ
Білімді құмарланып терең қаздым,
Түскендеймін түбіне кемел наздың,
Аяқ қолым еркіме көнбеген соң,
Аузыма ағаш тістеп өлең жаздым.

Біздің қазақ өзін-өзі мақтайды,
Дара шапсаң мына жұртқа жақпайды,
Шалыс бассаң сырттан мықтап даттайды,
Кір кебінді ойша пішіп шақтайды,

Шақтағанмен келіп өзі шаппайды,
Жалған достық мұз секілді қатпайды,
Тәуір құрақ мақтасыз ұзақ жатпайды,
Қыз пәктігі ару арын ақтайды.
Денсаулықты бағалай біл, сатпайды,

Біреулерге байлық уайым жегізіп,
Ал біреуге бағынбас бақ қайғы.


****
Кінәлімін, көктегіні қылдасам
Атым өшсін, жүрекке жыр құя алмасам.
Махаббат мені қатты мазалады,
Кінәм бар ма, көздегенді сүйе алмасам.
Тағдырыма тітіркеніп теріс қараймын,
Бір бақытты асыма қия алмасам.

МЕН КҮТКЕН ҚЫЗ
Әні Талғат Нағашыбаевтікі
Күтіп сені таңғы үміт,
Шырқап салдым ән қылып.
Өмірімнің серігі,
Өтсем деймін жыр қылып.

Қайырмасы
Көкте күнге айналсаң да,
Көз жұмбай қарап едім.
Қолым жетпес ай болсаң да,
Сені қалар едім.

Жүрмін сені қиялдап
Сезімімді жиі арнап.
Бұл өмірде кім сені
Мен секілді сүйе алмақ.

Мөлдір суын бұлақтың
Аңсап жатқан құрақпын.
Гүлі сенсің жүректің,
Сені сүйіп ұнаттым.
10 шілде 2021 ж. 613 0