Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «COVID-19»: босаңсуға болмайды

«COVID-19»: босаңсуға болмайды

Ел аумағында коронавирустың үнділік «Дельта» штамының өсуі соңғы бір аптада артып келеді. Негізінен, «Дельта штамының таралуы барлық өңірде байқалады. Қазіргі таңда республика бойынша сақтық шаралары күшейтілуде. Аймағымызда кейбір әлеуметтік нысандардың жұмысы бас­ты қадағалауға алынған.

Жалпы алғанда, тұрғындар вирустың таралу қаупін азайту үшін алдын алу шараларын сақтауға міндетті. Ең бірінші кезекте бетперде кию, әлеуметтік қа­шықтықты сақ­тау, қол гигиенасы, үйді үнемі желдету және тағы басқа шараларды қабылдау керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйы­мының келтірген мә­лі­меті бойынша «Дельта» SARS-CoV-2 штаммы әлемде 200-ге жуық елде тіркелген. Инфек­цияның қауіптілігі жоға­ры. Осыған дейінгі вирустың түрлеріне қарағанда «Дельта» штамының жұғу көрсеткіші 60 пайызға артық. Вирустың бұл түрі – 5-6 адамға бірден жұғады. Аталған аурумен ауыр­ған адам 7 күн ішінде дертті екенін біледі. Негізігі белгілеріне буын, іш ауруы жатады. Сонымен бірге жүрегі айнып, лоқсиды. Тіпті, адамды саңырау етіп, аяқтың микротромбозына әкелуі мүмкін.

Қауіпті індеттен қорғанудың жалғыз әдісі – «COVID-19»-ға қарсы вакцинация­сы екені мәлім. Қазіргі таңда ауданға І компонент бойынша 12 800 доза келген. Жалпы, 103654 адамға вакцина салынған. ІІ компонент 9800 вакцина келсе, оның 7414-і егілген. Алдағы уақытта 8 бригада вакцина егу жұмыстарын тұрақты жүргізе бермек.

– Жыл басынан бері 276 адам қауіпті індетке шал­дыққан. Оның ішінде, симп­томды – 130, симптомсыз – 146 науқас тіркелген. Бүгінде 18 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабыл­дауда. Осы күні 245 адам аталған дерттен емделіп шықты. 9 адам үй қаран­тиніне алынған.

Жалпы, облыс көлемінде «Дельта» штамы зертханаға жіберілген сына­ма­лардың 58 пайызында анықталып отыр. Сондықтан көпшілікті қауіпті ін­дет­тен сақтануға шақырамыз, – дейді ау­дан­дық сани­тариялық-эпи­демиологиялық бақы­лау бас­­­­қар­масы басшысының мін­де­тін атқарушы Құралай Омарова.

Індеттің қайта өршуіне жол бермес үшін тұрғындар сақтық шара­ларын ұстанғаны абзал. Қазіргі таңда қауіпті індет балалар арасында да жиі кездесуде. Барынша әлеуметтік ара­қашықтықты сақтап, қара­пайым ере­же­лерді естен шығармауымыз керек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
10 шілде 2021 ж. 433 0