Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Штамдардан тиімді қорғаныш

Штамдардан тиімді қорғаныш

Коронавирустың үнділік, яғни, «дельта» штамына қарамастан, вакцинаның кем дегенде бір компонентін алғандар індеттің ауыр түрінен және өлім-жітімнен қорғалады. Мұндай шешімге келуге ағылшындық ғалымдардың жүргізген зерттеуі негіз болды.

Ағылшындық Public Health England эпидемиологиялық қызметі өткен екі ай көлемінде зерттеулер жүргізген. Нәтижесінде, «дельта» анықталған 14 мың адамның 166-сы ғана кәсіби медициналық көмекке мұқтаж болыпты.

Мұндай нәтижені ағылшын үкіметінің инфекциялық ауруларды бақылау бойынша кеңесшісі Питер Инглиш керемет жаңалық деп санайды.

– Аурудың «дельта» штамы анықталған 14 мың адамнан ауруханаға тек 166 адам жатқан.

Бұл – вакцинаның шынайы пандемия жағдайында қаншалықты тиімді болатынының дәлелі. Вирус қанша өзгергенімен, оның өзегі сақталады. Вакцина осы өзекке әсер етеді, – деп атап өтті кеңесші. Бұл жолғы штамм әлемді «қорқытып» жатыр. Дәрігерлер мен ғалымдар бір ауыздан оның қауіптілігін, аса жұқпалы екендігін айтып ескертуде. «Дельта» штаммен ауыратын науқас бұрынғы коронавирустай 3-4 адамға емес, бірден 5-6 адамға жұқтырады әрі ауру белгілері тез білінеді. Ауырғандар буындардың ауруы, іштің бұрауы, лоқсу мен құсу сияқты белгілерді сезуі мүмкін.

– Кейінгі зерттеулер үнді штамынан ауруханаға түсу немесе өлім-жітім жағдайлары көп тіркелетінін көрсетті. Ауырлық дәрежесіне қарамастан, науқастарда қан тамырларының микро және макротромбозы түріндегі асқынулар жиі кездеседі, – деді С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Күләш Құрманова.

Профессордың айтуынша, вирустың өзгеруінің алдын алу үшін вакцина қажет.

– Коронавирустың жаңа мутацияланған түрлері пайда болмауы үшін вакцина алу керек. Себебі, вирус табиғаты бойынша өзгеруге бейім. Егер халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптасса, вирус түрін өзгерте алмайды. Ол тұрғындардың 70%-ы вакцина алғанда қалыптасады, – деп атап өтті К.Құрманова.
08 шілде 2021 ж. 361 0