Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Астана күні туылған

Астана күні туылған

Еліміздегі айшықты мерекелердің бірі – Нұр-Сұлтан қаласының туған күні. Әрбір қазақстандық үшін маңызы зор мерекенің бірі ретінде аталып өтілетін күнмен тұспа-тұс дүниеге келген бүлдіршіндер – еліміздің жарқын болашағы. Сондай сырдариялықтардың бірі – Нұрсұлтан Нұрханұлы.
Нұрсұлтан – тереңөзектік жас отбасы Нұрхан Романқұлов пен Жұлдызай Кеңесбаеваның тұла бойы тұңғышы. Балақайдың ата-анасы мұғалімдер. 2015 жылы 6 шілде күні өмірге келген перзент­тің арманы асқақ.
– Қосағыммен 2014 жылы 26 қыркүйекте отастым. 2015 жылы 6 шілдеде тұңғышымыз дүниеге келді. Мемлекетіміз үшін мәртебелі күні дүние есігін ашқан баламызға әжесі Нұрсұлтан есімін берді. Әрине, адамның барлығына бұйыра бермейтін осынау күні өмірге келу бақытының баянды болғанын тілейміз, – дейді жас ана Жұлдызай.
Тоғыз ай құрсағында көтеріп, аман есен мерзімінде толғағы жетіп, босанған жас келіннің аяғы құтты болды. Қос тойы қабат келген бұл отбасында қуаныш еселей түсті. Елбасының есімін иеленген кішкентай Нұрсұлтан кенттегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-ли­цей­дің 1-сынып оқушысы.
Алғыр, зерек болып өсіп келе жатқан балақай өзінің мемлекетіміз үшін маңызды күні өмірге келгенін жақсы біледі. Тілі былдырлап шыға бастағаннан «Болашақта Президент боламын» деген тәп-тәтті сөзінен айналып отырған ата-анасы балаларының болашағынан зор үміт күтеді. Өзінен кейінгі қарындасына қамқорлық танытып, жақындарына бақыт сыйлаған Нұрсұлтанның жүрегі жомарт, әрі кеңпейіл. Айналасының әдемі, таза, жинақы болғанын қалайды. Үй ауласында өз қолымен егіп, өсірген гүлдері жайқалып тұр. Оларды күнделікті суа­рып, күтіп, баптауды ұмытпайды. Балалармен футбол ойнағанды, ертегі кейіпкерлеріне түрлі-түсті рең беріп, әсемдеп бояғанды ұнатады.
– Отбасымызды қуанышқа бөлеген немерем Нұрсұлтанның озат оқушы екенін мақтанышпен айтамын. Ой-өрісі ерте дамыды. Есте сақтау қабілеті зор. Елгезек, бауырмал. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы күн сайын жайнап, құлпырып өсіп келе жатса, немерем де үлкен азамат болып, отбасымызды шаттыққа кенелтуде. Жастарымыздың арманы орындалып, өсіп, өркендей берсін. Арман-мақсаттарына жете берсін, – дейді әжесі Гүлнәр Ешмұратова.
Жақсылықтың нұры секілді айналасына шуақ шашқан, аспандағы жарқыраған жұлдыздай болған кішкентай балақайдың туған күні құтты болсын!

Сүйкімді Раяна 1 жаста
Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Нұрлан Дастанбаев пен Айнұр Исмаилдың төрт перзенті бар. Сүт кенжелері Раяна 6 шілде күні бір жасқа келеді. Раянаның Нұрислам, Нағашыбек, Нұрай есім­ді бауырлары бар. Ата-насының көз қуанышына айналған балақай бүгін алғашқы қадамын жасап, тәй-тәй басып жүр.
– Мені ана бақытына бөлеген перзенттерімнің дені сау болып, ер жеткендері шын бақыт. Олардың әрқайсысының мінезі әртүрлі. Раянаны мерзімінен бұрын босандым. Сегіз айлығында тура Елорда күнінде дүниеге келген қызымды аман-есен бауырыма алдым. Отбасымызда осы күні айтулы мерекені және қызымыздың туған күнін тойлайтын боламыз. Биыл мереке күні қызымыз 1 жасқа келеді. Осындай еліміз үшін мерейлі мереке күні дүниеге келген қызымыздың қадамы сәтті болсын деп тілеймін, – дейді анасы Айнұр.
Раянаның мемлекетіміз үшін мерейлі күні дүниеге келуі отбасы үшін үлкен қуаныш. Нұрлан мен Айнұр кенжелерінің дәл осы күні дүниеге келуін жақсылыққа жорып, балапанының болашағынан зор үміт күтеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
06 шілде 2021 ж. 511 0