Бір сәби дүниеге келді
Отбасы – өмірдің тұтқасы. Шаңырақты шаттықа бөлейтін өрелі һәм тәлімді ұрпақ екені белгілі. Өскелең ұрпақ алдында тағылымды отбасының мерейін айшықтау мақсатында «15 мамыр – халықаралық отбасы күні» мерекесі жыл сайын аталып өтіледі. Биылғы мерекеде осы күні аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде бір сәби дүниеге келді. Сонымен бірге апта басында босанған екі ана сәбиімен бірге атаулы күнді осында қарсы алды.
Мерекеде аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлия Искендирова жас аналарды атаулы күнмен құттықтады.
– Отбасы әр адамның өмірінде басты рөл атқарады. Тағылымды тәрбиені, адамгершілік пен сыйластықты, қоршаған орта мен өзін-өзі құрметтеуді әуелі отбасыдан үйренеміз. Сіздер жас отаудың ұйытқысына айналдыңыздар. Бұл мереке жас отбасылырға перзент алдындағы зор жауапкершілікті жүктейді. Аурухана ұжымы атынан атаулы күнмен құттықтаймын, – деді бас дәрігердің міндетін атқарушы. Сонымен бірге акушер-дәрігер Нейля Әбішева, аға акушер Айман Наурызбаева, балалар мейірбикесі Жанат Досмағанбетова жас аналарға арнайы сыйлық ұсынды.
Өңірлендірудің ІІ деңгейіне өткен перзентхана бөлімшесінің ақ халатты абзал жандары күніне бірнеше ананы босандыруға қауқарлы. Мұнда 6 акушер-дәрігер, 5 мейірбике, 6 кіші буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Ал мамыр айының басынан бері 12 нәресте өмір есігін ашқан.
Балтабай ОРДАБЕКОВ