Жиырма жылғы белес
Осыдан жиырма жыл бұрын аудандық газет редакциясы табалдырығын аттап, жас журналист ретінде қызметке кіріскен болатынмын.
«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай, журналист өз жайынан гөрі өзгенің қамын жоғары қояды. Қаламгердің осындай қасиеті оны өзге мамандықтан ерекшелейді. Міне, қоғамның қайнап жатқан қазанында қайнап, елдің тыныс-тіршілігін ақпараттандырып жүргеніме биыл, тура кәсіби мереке күні қарсаңында 20 жыл толады.
Алғаш аудандық редакцияға келгенімде мені жас маман ретінде құрақ ұша қарсы алған Сәуле Ерімбет болатын. Менің алғашқы редакторым өзінің баспасөз саласында қызмет еткен жылдарындағы мол тәжірибесін біздерге, кейінгі кадрларға бере білді.
Әлі есімде жұмысы тұралап қалудың сәл ғана алдында тұрған газеттің әрбір нөмірін шығару үшін бас редактор компьютері бар мекемелерді жағалап, мақала тергізіп жүретін. Тым болмаса аптасына бір рет газетті оқырманымен қауыштыруға барын салатын. Тіпті, кадр қалмаған кезде газеттің бар жұмысын өзі атқарды десем артық айтқандық болмас. Қаржы тапшылығы қысқанда да амалдап, қиындықты жеңіп шығатыны оның мамандығына деген шексіз сүйіспеншігі болса керек.
Газеттің басшысы ретінде Сәуле Сұлтанқызы жан-жақтан жазуға қабілеті бар мамандарды іздеп, газеттің болашағынан мол үміт күтетін. Баспахана жекеге сатылып кеткенде де құрылтайшыдан аз болса да қаржы бөлуін сұрап, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып жеке ғимарат құрылысын жүргізіп, редакцияны баспаналы етті. Редакция қызметкерлерінің де жағдайын бір сәтке естен шығармай, сырттан келген мамандардың жағдайын жасады. Мұндай қиындық редакция журналистерінің шығармашылық шыңдалуына кері әсерін тигізбеді. Қайта өмірдің өзінен алынған әңгімелер мен сын мақалалар жазуға машықтанып алған редакция тілшілерінің абыройы асқақтай түсті. Осындай қиын сәттерді басынан өткізген редакцияның ұжымына тілші ретінде қосылып, еңбегімнің арқасында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасарлығы қызметіне дейін көтерілдім. Шығармашылық жолдағы жетістігім ретінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданып, сенім мен талап үдесінен шығуға барымды салдым.
Еңбек жолымның бастауы болған редакциядағы осынау жылдар ішінде талай қызықты сәттер болды. Соның бірі – облыс орталығына барып, газет бетін жасатып, қатесін оқып, оның баспаханада сапалы басылуын қадағалап, 3 мыңға жуық газетті буып-түйіп, екі қолымызбен көтеріп келетінбіз. Көлік қатынасы да қиын болатын. Ондайда теміржол вокзалына барып, пойыздың вагондарын ауыр жүгіммен жағалағаным да бүгінде көрген түс секілді. Кейде пойыздың жүретін уақытынан кеш келіп қалып, түннің бір мезгіліндегі «тоқылдақ» деп аталатын 3 вагонды пойызға мініп, әйтеуір әупірімдеп ауылға жеткен кездеріміз де болды. Редакцияға газеттің 2-3 бумасын жеткізген соң, оны қабылдап алатын жұмысшы Орынкүл Жұманазарова поштаға санап, жеткізіп беретін. Жұмысты ұжымда барлығымыз бар ынтамызбен, оқырман алдындағы жауапкершілікті сезініп атқаратынбыз. Газет бетіне мақала жазумен қатар, оның бетке түсіп, баспаханада басылуына дейін жауап берген уақытты әсте ұмыту мүмкін емес.
Сондай қызығы мен қиындығы қатар жүрген өткен күндерден мына бір қызықты жәйіт есіме түсіп отыр. Бірде баспаханаға бет дайындалған жерден пленканы апарып тұрғанымда басқа ауданнан келген жауапты адамдар кезекте тұр екен. Бәрінің уақыты тығыз, бәрінің көлігі асығыс, пойыз болса күтпейді. Сонда да болса қыз бала екенімді ескеріп, «жолынан қалмасын» деді ма әріптестерім бір ауыздан кезегін беріп, біздің газетті алдымен бастырып алуға келісті. Қуанышымда шек жоқ. Газетімді ертерек бастырып алып, ауылға ертерек жететін болдым деп мәзбін. Газетті басып, буып-түйіп берген соң баспахана қызметкерлері жүгіммен қоса сартылдаған лифтіге газетіммен қоса салып жіберді. Төмен қарай бағытталған лифтінің есігі жабылып, жылжи бергенде лифт ырғалып, тұрды да қалды. Жарық өшіп, тас қараңғыда не болғанын сезбей тұрмын. Өзім бұрын-соңды жалғыз лифтіге мінбегендіктен зәрем ұшты. Темір есіктерді дереу сартылдатып ұрып, айқайға бастым. Мені еститін жан адам жоқ. Бір дыбыс шықпайды. Көмекке ешкім келуге асығар емес. Ақыры жыларман болған мені аяды ма лифті өзінен-өзі төмен қарай қозғалып, тоқтады. Есік ашылғанда алдымнан баспахананың жігіттері күтіп тұр екен. Мені қорқытып алғандарына өздері мәз. Ал мен болсам, бұдан кейін лифтіге мүлдем мінбейтін болдым. Газетімді салып жіберіп, өзім лифтіні төменде күтіп алатынға көштім.
Иә, уақыт өте редакцияның материалдық-техникалық базасы жақсара түсіп, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайды. Ұжымға жаңа қызметкерлер қосылып, әлеуетіміз де арта түсті. Редакция журналистерімен бірге тәжірибе алмасуға редакторымыз ұйытқы болып, аудандарды аралатты. Әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып, жыл сайын бір-бір ауданның жұмысымен таныстық.
Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Редакцияның жағдайы жақсарған үстіне жақсара түсуде. «Сыр медиа» ЖШС-не қосылып, қызметкерлерге бір-бір компьютер берілді. Шығармашылық ізденіс ауқымы да кеңейе түсті. Арнайы көлік беріліп, ауданның елді мекендерін емін-еркін аралауға мүмкіндік бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дегендей, он жылдан аса уақыт бірге қызмет еткен әріптесім, қарымды қаламгер Шаһарбек Нұрсейітов ағамыздың «Қойшыны таяғы асырайды, қасқырды аяғы асырайды» деген жақсы көретін мақалы бар. Ол кісі жұмыс уақытында кабинетінде көп отыруға шыдамы жетпейді. Сонда осы мақалды айтып, өзін сырттан ақпарат жинауға кеткенін ескертіп жүретін.
Шын мәнінде, Шаһарбек ағайдың бұл сөзі әрбір журналиске қатысы бар. Қасқыр секілді жан-жағынан азық жинап, яғни ақпарат алып, ізденіп, сан түрлі деректерді еңбектеніп жинамаса, жазылғаны мардымсыз әрі қызықсыз болады. Сондықтан орнында отырғаннан ақпарат шыға бермейді. Оны түз тағысы секілді «аулауға» аяғыңмен шығасың.
Ізденімпаздықты, қабілет пен еңбекқорлықты талап ететін журналист қай кезде де өзге мамандық иесімен тең дәрежеде сөйлеседі. Сондықтан журналист мамандығы – ең абыройлы қызмет. Жиырма жылдан бері баспасөз саласында қызмет етіп, аудан айнасында қолтаңбамның қалып келе жатқанына өзімді шын бақытты адам ретінде сезінемін.
Бүгінде аудандық басылымды жас журналист, аудан жастарының көшбасшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ақтөре Ибрагимұлы басқарады. Жас та болса талапшылдығымен, іскерлігімен қызметіне кіріскен бас редактор газеттің мазмұндық сапасын арттыруға күш салды. Жаңа айдарлар ашылып, оқырманмен ашық байланыс орнатылды. Газеттің сайт, әлеуметтік желі парақшаларының жұмысы да жанданып, бұл өз кезегінде газет тараламының артуына әкелді. Қазір 3950 таралыммен оқырмандарымен аптасына екі мәрте қауышатын аудан айнасы тарихи белесті бағындырып, жарқын болашаққа қадам басты. Соңғы жылдары газеттің шығармашылық ұжымы құрамындағы жас журналистердің үлесі басым. Ердос Беркінбаев, Балтабай Ордабеков, Аружан Мұханбетқалидың өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, оқырмандар жүрегінен орын тапты. Мұнан басқа газет дизайнері Гүлсім Әлжанова, бас маман Нұргүл Сарқыншақова, баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова, менеджер Шархан Маханбетов, жұмысшы-қызметкерлер Бағдәулет Иманғалиев, Орынкүл Жұманазарова, Асылбек Әкімжанов, Жазира Алматованың да редакция жұмысының алға басуына қосқан үлестері зор. Кәсіби мереке қарсаңында барша әріптестерімді мерейлі мерекемен құттықтаймын!
Бибісара ЖАНӘЛІ