Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгінің батыры

Бүгінгінің батыры

Жиырма төрт сағат ел тыныштығын күзетіп, халықтың қамы мен көптің қауіпсіздігі үшін жан аямай жұмыс жасайтын қызметкерлер бар. Олар – полицейлер. Қауіпті қыл­мыскер мен бұзақы өз өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін білсе де, шындықтың бетін ашып, әділдіктің ақ туын желбіретпей, болған істі әшкерелемей, тыным таппайтын сала мамандары бар. Олар – тәртіп сақшылары. Бүгінгі мерейлі мерекеде қызығынан қиындығы мол сала мамандарының мәртебесін арттырып, оқырманға үлгі ет­пекпіз.

Аудандық Полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің учаскелік инс­пекторы, полиция капитаны Самат Іс­кендіровтің аталған салада еңбек етіп келе жатқанына 12 жыл. Қызметтің қарбалас, жұмыстың қауырт екенін Самат Талғатұлының бізге сұхбат беруге үлгермей жатқанынан айқын аңғардық. Тіпті, демалыс күні де аяқ асты қызған жұмысына арналды.

С.Іскендіров 1985 жылы Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин ауылдық округінде дүниеге келген. Анасы – мұғалім, әкесі – тракторшы. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, ауыл мектебінен білім алған ол кейін жоғары оқу орындарында біліктілігін толықтырған. Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» университетінің заң, құқықтану факультетін тәмамдаған Самат Талғатұлы 2003-2005 жылдар аралығында Тараз қаласында әскери борышын өтеген. Осылайша, «өскенде кім боласың?» деген сұраққа «полиция боламын» деп тақылдап жауап беретін Са­маттың балалық арманы орындалып, 2009 жылдан бастап аудандық полиция бөліміне қызметке орналасқан.

Қызмет жолын патрульдік полиция инспекторы болып бастап, одан кейін қамау изоляторында инспектор, кейін учаскелік полиция инспекторының көмек­шісі болған. Ұдайы еңбек пен тәжірибенің нәтижесінде учаскелік полиция инспекторы қызметіне орналасқан. Ең жоғарғы «тәлімгер» санаты мен «полиция капитаны» әскери шенін алуы да тынымсыз еңбегінің көрінісі.

С.Іскендіровті бүгінгі күннің батыры десек, артық айтқандық емес. 2011 жылы үлкен қылмыстың бетін ашып, бір отбасының алғаусыз алғысына бөленді. Үйін сатып, көп мөлшердегі қолма-қол ақшаны ұрлатып алған әжейдің арызына сәйкес қылмыстық іс жүргізген. Нәтижесінде, араға бірнеше күн салып, аталған қаражаттың өз иесіне қай­тарылуына қол жеткізген. Осылай ісі оңынан болып, шаруасы сәтті шешілген аудан тұрғындары өз қызметінің хас маманы Саматқа алғыстарын айтып, ақ батасын беріп жатады.

Адал еңбек пен маңдай тер әрине мемлекет тарапынан марапатталады. 2011 жылғы оқиғаға сәйкес аты аңызға айналған тәртіп сақшысы теледидардан да көрсетілді. Самат Талғатұлы «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медалімен марапатталды. Кейін 2018 жылы «Үздік учаскелік полиция инспекторы» конкурсынан үздік атанып, сол жылы елордадағы учаскелік полициялар слетіне қатысып келді. Осы атақты 2020 жылы екінші мәрте алған С.Іскендіров 2018 жылы Ақтөбе қаласындағы учаскелік полиция­лар семинарына қатысып, тәжірибесін толықтырды. Бүгінде құқық қорғау саласында 12 жыл еңбек өтілі бар капитанға полиция қызметінде қатарынан 10 жыл қызмет еткеніне орай «Үздік еңбегі үшін» онжылдық медалі табысталған.

Қызметте қатал әрі талапшыл Самат Талғатұлы – отбасында мейірбан әке, жанұясын жылумен толтырып отырған отағасы. Бүгінде 4 баланың қорғаны «Отан отбасынан басталады» дейді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
22 маусым 2021 ж. 376 0