Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдердің үлес салмағы артуда

Әйелдердің үлес салмағы артуда

Мереке қарсаңында аудан әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Димаш Байдушев мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген нәзік жандылармен кездесті.
Кездесу барысында әдеп жөніндегі уәкіл қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, қазіргі таңда әйелдер қауымының мемлекеттік қызметтегі үлесі артып келе жатқанын жеткізді. Оның ішінде ауданда нәзік жандылардың 39 проценті мемлекеттік қызметте екенін тілге тиек етті.
– Мемлекет саясаты бойынша биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін арттыру, сонымен бірге еңбек нарығына, қаржылық және басқа да ресурстарға тең қолжетімділік жасау арқылы әйелдердің экономикаға араласуын кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктері арқылы ауылдық жерлерде әйелдерге нысаналы қолдау көрсету жүзеге асуда. Осы бағытта ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметке келген әйел адамдар саны артып отыр. Бүгінде мемлекеттік қызметте әйел адамдардың басымдылығы байқалады. Мәселен, аудандық деңгейде мемлекеттік мекемелердің 9-ын әйелдер басқарып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің 39 проценті қыз-келіншектер. Яғни мемлекеттік қызметтің сапалы жүзеге асуына сырдариялық әйелдер қауымы өзіндік үлес қосуда, – деген әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет пен отбасы тіршілігін қатар алып жүрген нәзік жандылар еңбегі ұшан-теңіз екенін атады. Өз кезегінде кездесуде мемлекеттік қызметші қыз-келіншектер білім мен тәжірибені ұштастырып, сапалы қызмет көрсету міндеттері екенін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
07 наурыз 2020 ж. 733 0