ЖАМАН АУРУ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕҢІЗ...
ҚАТЕРЛІ ІСІК ТУРАЛЫ ЕСТІГЕНДЕ АЛДЫМЕН АДАМНЫҢ ОЙЫНА ОРАЛАТЫНЫ «ОЛ ЖАМАН АУРУ», «ОДАН ЖАЗЫЛУ МҮМКІН ЕМЕС» ДЕГЕН ҰҒЫМ. ДҮНИЕЖҮЗІН ТОЛҒАНДЫРҒАН ДЕРТПЕН КҮРЕСУДЕ АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР АЯНЫП ҚАЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ. «ӘЗІРГЕ ОНЫҢ ЕМІ ЖОҚ» ДЕЙДІ КЕЙБІР ДЕРЕКТЕР. ДЕГЕНМЕН ҚАТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН АДАМДАР НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК. ЖӘНЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ? БҰЛ ТУРАЛЫ АРНАЙЫ МАМАН, ОНКОЛОГ-ДӘРІГЕР АҚГҮЛ ҚҰЛЕКЕ АЙТЫП БЕРДІ.
– Медицина тілінде «онкология» гректің «қатерлі ісік» және «ілім» деген сөзін білдіреді. Ал «канцер» (рак немесе обыр) терминін қолданысқа алғаш рет атақты ғалым Гиппократ енгізген. Ол обыр клеткаларының теңіз шаяны сияқты шатасқан аяқтарымен адам денесіне жайыла тарайтынын анықтаған. Обыр клеткасы адамның басынан бақайшағына дейін кездесе береді. Тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды, немесе балалайды. Ісік аурулары бойынша 1 орында әйелдер арасында – сүт безі қатерлі ісігі, ерлер арасында – өкпе және қуық асты қатерлі ісіктері алып отыр. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ерте, І-ІІ сатысында анықталса, айығып кетуге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Ұлттық скринингтік бағдарламасы бойынша тексерілулер жүргізіліп жатыр. Тексерілулер тегін жүргізіледі. Негізі әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны жөн. Ауруды ерте анықтап, сапалы ем жүргізсе, тез сауығып кетеді. Әрбір адам өзінің денсаулығы үшін кем дегенде жылына бір рет тексерілгені абзал, өйткені ауру алғашында біліне қоймайды.
Осыған орай қазіргі уақытта емханада онколог, маммолог, ерлерді қарау және әйелдерді қарау бөлмелері жұмыс атқаруда. Аптаның әрбір сенбі күндері емхананың онколог, маммолог, гинеколог, фтизиатр, психолог, ерлерді қарау мамандарымен құрылған бір топ мамандар елді мекендерге шығуда. Жыл сайын 4-ақпан дүниежүзілік «Қатерлі ісікпен күрес күні» болып жарияланғанына бірнеше уақыт болды. Осыған орай 1 ақпан мен 10 ақпан аралығында қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында он күндік жарияланып, емхана мамандары да біршама жұмыстар атқарған болатын. Осының арқасында 45 науқастан ісік алды аурулары анықталып, қажетті мамандар кеңесіне жолданды.
– Осы дерттің, қатерлі ісіктің неден пайда болатын айтыңызшы?
– Өкпе ісігінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпті зат – бензопирен бар. Күніне 20- 30 талын шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Содан ісік туындайды. Бензопирен қуық қатерлі ісігін де тудырады. Ал енді өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шайнамай жұтудан, күйдірген майды бірнеше рет қолданудан басталатын көрінеді. Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жыныс мүшесінің созылмалы аурулары, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гормондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Сондықтан әйелдер сүт бездерін айына бір рет тексеріп тұруы қажет. Сонымен қатар күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелер нәтижесінде терінің қатерлі ісігі пайда болады. Сондықтан 17 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді күн сәулесіне күйдірмеген абзал. Әсіресе, күндізгі сағат 11 мен кешкі сағат 5-6 аралығында ультракүлгін сәулелер көп бөлінеді. Бұл уақыт аралығы тіптен қауіпті. Жас ұлғая келе оның зардабынан теріде қатерлі ісік пайда болуы әбден ықтимал.
– Қай жағдайға қарасаңыз да қауіпті ісіктің туындауына өзіміз себепші болады екенбіз. Қатерлі ісіктің алдын қалай аламыз?
– Ең бірінші, дұрыс тамақтану қажет. Үнемі азықтың бір түрін пайдаланбау, тамақтану кезінде тамақтың дәмділігі мен қоректілігіне мән беру, аса тоя тамақ жемеу, ас қорыту жүйесінде жарақаты бар адамдарға сыра ішпеу. Себебі сыраның құрамында көп мөлшердегі көмірқышқыл газы болатындықтан, асқазандағы көмірқышқылының мөлшерін одан әрі арттырып, жарақаттың тесілу қаупін туғызады. Сонымен қатар темекіні шектен тыс, тіпті мүлдем тартпау, тұзды тағамдарды аз тұтынып, қуырылған тамақтарды жемеу, шектен тыс шаршамау кеңестерін ұсынамыз. Ең дұрысы балғын жемістер мен көкөністерді көп жеңіз.
– Жалпы айтқанда салауатты өмір салтын ұстану арқылы қауіпті дерттің алдын аламыз?
– Ия, көңіл күйді көтеріңкі ұстау, еңбек ету мен демалу тәртібін сақтау, дене шынықтыру белсенділігін арттыру да аурудың алдын алудың кепілі. Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан әр адам ең алдымен өзінің денсаулығына қарап, жылына бір рет (скринингтік) медициналық профилактикалық тексеруден өткені дұрыс.
Б.ЖАНӘЛІ