Медицина қызметкерлеріне сый-құрмет көрсетті
Елімізде қауіпті індет жайлап, карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде ақ халатты абзал жандар жеке бастарын қатерге тігіп, тынымсыз еңбек етуде. Осындай шақта жанкештілік танытып жүрген медицина қызметкерлеріне «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы аясында зор қолдау білдірілуде. Аталған акция бүгін ауданда ұйымдастырылып, «Абай-Дәулет» ЖШС-нің директоры, меценат Мұрат Сәрсенбаев ауданның медицина қызметкерлеріне сый-құрмет көрсетті.
Изгілікті шарада «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып жанашыр азаматтың ауданға жасап жатқан жақсылығын, игі істерін жеткізді. Жақында құрбандық шалып, аудандық ауруханаға көмек көрсеткенін де атап өтті.
Өз кезегінде «Абай-Дәулет» ЖШС-нің директоры М.Сәрсенбаев медицина қызметкерлерінің қазіргі жағдайдағы жанқиярлық еңбектеріне тоқталды.
– Індеттің таралуына байланысты қалыптасқан жағдайда Сіздердің елге жасап жатқан еңбектеріңіз ерен. Күндіз-түні тыным таппай, науқастарды емдеу жолында еш аянып жатқан жоқсыздар. Міне осындай жанкештіліктеріңіз үшін біз Сіздерге алғысымызды білдіреміз. Бар күш-жігерін жұмсап жүрген абзал жандарға өзіміз тарапымыздан қолдау білдіріп, сый-құрмет көрсетейік деп келдік, – деген жанашыр азамат 20 медицина қызметкеріне сый-сыяпат жасады.
Сый-құрмет көрсеткен ардақты азаматқа ақ халатты абзал жандар ризашылықтарын білдірді.