Аудан әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн.
Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал оның иесі болу – үлкен мәртебе.
Елбасымыз «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп «Қазақстан-2050» стратегиясында айрықша атап өткен болатын. Бұл ретте саламатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше.
Аз уақыттың ішінде әлемді шарпыған қауіпті індет талай мемлекетті әбігерге түсірді. Бұл уақытша кезеңде мемлекетіміз барлық қолдау шараларын дер кезінде қабылдады. Дәрігерлеріміз бен сала мамандары қауіпті індетпен күресте алдыңғы қатарда болып, аянбай еңбек етіп келеді.
Ауданның медицина қызметкерлері жұқпалы індетпен күресте күндіз-түні тыным таппай жұмыс жасауда. Халық саулығы үшін екпе салу жұмыстарын жүйелі атқарып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруда еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Сондықтан ауданның медицина қызметкерлеріне әркез құрметіміз ерекше.
Ардақты ақ халатты абзал жандар!
«Тәні саудың – жаны сау» деген халқымызда дана сөз бар. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып қала береді. Жарқын болашақтың кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің негізгі парызымыз болып табылады.
Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын мамандықтарыңызды абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер. Ел мүддесі жолындағы қиындығы мен қуанышы мол еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен,
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі