Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Там салғанның тамтұғы қалмас...

Там салғанның тамтұғы қалмас...

«Там салғанның тамтұғы қалмайды» деген бар. Дегенмен, жайлы үй жанға рахат сыйлайтынын ұғынған көп­шілік көктем-жаз айларында құрылыс жұмыстарын жүргізуге ден қояды. осы ретте, Бір-біріне дәнекер болған халықты қазіргі құбылмалы нарық бағасы титықтата түс­кені жасырын емес. «Көрпеңе қарап көсілгенмен» ша­рықтаған бағаның есебіне бара алмай жүрміз. Тоқсан екі айласы бар түлкібұлан заманда үй салудың өзіндік қиыншылықтары кездеседі. Қазіргі уақытта қарқынды құрылыс жұмысын жүргізіп, үй тұрғызған жұртшылықтың жағдайына баса назар аудармақпыз. Саудагер бағаға ба­ғынышты, салынған үйдің жарамдылығы – сапаға байланысты екенін ұмытпаған абзал.

БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Аудан бойынша 9082 жер үй мен көп қабатты тұрғын үй бар екен. Жыл сайын жергілікті тұрғындар үй салуда белсенділік танытуда. Құрылыстың қарқынды жүргізілуі арқылы аудан аумағы кеңею үстінде. «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген көпшілік қарымына қарай қонысын жайлы етудің амалын жасап әлек. Қазіргі таңда құрылыс заттарының бағасы күрт өсіп, отбасылық бюджеттен едәуір қаражат жұмсалуда. Соңғы уақытта құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты халық арасында түрлі пікір қалыптасқан. Аудан орталығындағы «Арзан» базарға ағылған тұрғындар екі-үш күн бұрын алған затын едәуір қымбат бағада сатып алуда. Құрылысқа қажетті ағаштың бағасы да айтарлықтай қымбаттау үстінде. Мәселен, бөрене – 3 мың теңге, рафтер ағашы өлшеміне қарай 1900-2400 теңге, бекітуге арналған ағаш 1 қорабы 8 мың теңге, ЛДСП 12000-14000 теңге аралығында, цемент 1650 теңге, әк 1600 теңге, профиль шифр 6200-7000 теңге аралығында сатылуда.

– Біз құрылыс заттарын сұранысқа сай жеткізіп отырамыз. Сантехникалық және тағы да басқа бірнеше құрылысқа қажетті заттарды жергілікті халыққа ұсынып келеміз. Облыс орталығынан және арнайы фирмалардан тауарды сатып аламыз. Соңғы үш жылда баға тұрақтылығында өзгеріс көп. Бұрын 1000 теңге тұратын тауар қазіргі уақытта 2000 теңгеге бағаланып отыр. Мүмкіндігінше біз сатып алған бағамыздан 20 пайыз жоғарылатып дүкен сөресіне шығарамыз. Бағаның шарықтап өсуі халықтың қалтасына ауырлық етеді. Тұтынушылар арасында тұрақтылықты сақтау үшін бағаның көтерілмеуіне күш саламыз. Дегенмен бізге дейін қойылған баға жоғарылауда. Өйткені әлем елдері бойынша пандемияның әсері тигені мәлім. Кейбір кәсіпорындарда құрылыс заттары уақытында шықпай қалып, тауарда тапшылық байқалады. Тапшылық орын алған кезде тауар бағасын кәсіпорын иелері көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан сау–дагер алған бағадан тиісінше өсіруге мәжбүр болады, – дейді құрылыс заттары дүкенінің иесі Әлия Бөлебай.


Соңғы жеті жылға жуық уақытта сантехника заттарын сатуға машықтанған Ғани Досанов тауарлардың бұрынғы бағасынан едәуір көтерілгенін алға тартады. Бірақ халықтың сұранысы артып, құрылыс жүргізуге арналған тауарлардың барлық түрі аудан ортылығынан табылатыны қуантады. Ұсақ-түйек тауарлардың өзінде де өзгеріс күн сайын байқалады. Амалы құрыған халықтың қалтасына орасан жүк түсетіні рас. Осыдан бірнеше жыл бұрын үй салуды бастаған көпшілік мың құбылған бағаның салдарынан еңсесін тіктей алар емес. Несиемен үй тұрғызған көпшілік қарызын өтей алмай, құрылыстың тұралап қалуына себепкер болады.

Дәл қазіргі уақытта қолынан іс келетін шеберлерді құрылыс басынан ғана таба аласыз. «Қалғандария» өзенің бойынан бой көтерген үйлерде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Біз үйдің іргетасын құйып жатқан ұсталармен әңгімелескен болатынбыз. Іргетасының биіктігі 1 метр 10 сантиметр 24х14 өлшемді үйдің іргетасын құю үшін 27500 тонна цементке 88 мың теңге, 110 тонна шебін тасына 550 мың теңге, 2 Камаз құмға 36 мың теңге, 200 дана арматураға 220 мың теңге қаражат кетеді екен. 20 күн бойы үйдің іргетасын құйған ұсталардың еңбек ақысы шамамен 800 мың теңге. 24х14 үйдің іргетасын құю үшін дәл қазіргі уақытта 2,5 млн теңге қаражат жұмсалады. Үйдің іргетасын құюға машықтанған Жеңіс Әбдіраимов үй салудың өзіндік қиындықтары бар екенін айтады. Әр жылдары үй салуға қажетті құрылыс заттары қымбаттап, шығын көлемі азаймай тұрғанын тілге тиек етті.

Осыдан 28 жыл бұрын құрылыс саласына келген Ақылбек Аймышев республика көлемінде 1000-ға жуық тұрғын үй салуға атсалысқан. Бұрындары тұрғын үй өрудің шеберлері 1 кесекті 5 теңгеден өрсе, бүгінде 17-25 теңге аралығында еңбегін бағалайды екен. 14х11 өлшемді үйге 30 мың дана кесек өріледі десек, бір үйге жететін кесекке 750 мың теңге қаражат жұмсалады. Там өруші ұста әр кесекті 20 теңгеден өрген жағдайда 600 мың теңге еңбекақы алады. Сонымен бірге үйдің сыртын қаптауға арналған күйдірілген қыш нарық бағасында 100-130 теңгеге бағаланып отыр. Мәселен, 7000 дана күйдірілген қышқа 700 мың теңге жұмсалса, ұста да еңбегін осы сомаға бағалайды. Ал үйдің төбесін жабу үшін 40 бөрене 200 мың теңге, 70 дана рафтер ағашына 168 мың теңге, 40 дана профиль шифрына 280 мың теңге, бекітуге арналған ағаштың 8 қорабына 64 мың теңге қаражат жұмсалған. Ұстаның еңбегі орташа есеппен 150 мың теңгені құрайды. Үй ішіне жүргізілетін сылақты ұсталар 1 текше метрге 700 теңге алады. Сылаққа қажетті 2 Камаз құм 36 мың теңге, 40 қап әк 64 мың теңге. Бұдан бөлек электр құрылғылармен жабдықтау бар. Оған 80-100 мың теңге жұмсалады. Үйдің еденіне 40 ЛДСП қажет еткен жағдайда 520 мың теңге, 32 рефтер ағашына 76800 теңге қаражат керек. Үйдің 7 есігіне 245 мың теңге, 7 есікті орнату үшін ұста 56 мың теңге еңбекақы алады. Мәселен, үй бөлмелерінің төбесін жабу үшін 37 дана гипсокартон кетеді. Орташа есеппен барлық гипсокартонына 74 мың теңге қаражат жұмсалады. Ұстаға 70 мың мен 100 мың аралығында еңбекақы төленеді. Іргеге қағатын арнайы құрылыс затына да едәуір ақша жұмсалады.

Жаңа салынған үйдің 8 дана терезесіне 280 мың теңге жұмсалса, сантехникалық жұмыстарына және заттарына 700 мың теңге қаражат жұмсалады. Жылу жүйесін жүргізу барысында бір үйге тұрғындар 500 мың теңге қаражат жаратады.

– Біз орта есеппен іргетасы құйылған, толық аяқталмаған бір үйдің есебін шығардық. Шама­мен 4,5 млн теңге жұмсалады екен. Одан бөлек, түсқағаздар жабыстыру, кәріз жүйесін орнату, үйге көгілдір отын орнату секілді тағы да басқа жұмыстарына 1,5 млн теңге қаражат кетуі ықтимал. Қазіргі таңда құрылыс жүргізу үшін үлкен дайындық керек. 80-90 жылдары салынған үйлерді бүгінде 5-6 млн теңгеге бағалайды. Шағын үйлерді 1,5 млн және 2 милл­ион теңге көлемінде саудалап жатамыз. Жаңа үйлердің бағасы 20 мил­лионға дейін бағаланады. Құрылыс саласында әрбір істі өлшеп, нақты шешімін шығарғаннан кейін жұмысқа кірісеміз. Себебі халықтың көзі ашық. Еуропалық үлгіде үй салуға машықтанып келеді. Бұның барлығы мол қаражатты қажет етеді. Әйтсе де жастар еуропалық үлгіде құрылыс жұмыстарын жетік меңгерген, – дейді тәжірибелі құрылысшы А.Аймышев.

Ауданнан шалғайда жатқан Аманкелді ауылында кесек құюға дағдыланған отбасылар жеткілікті. Бір маусымда 100 мың дана кесек құятын жастардың қатары көп. Бұл ретте, аманкелділік Самат Дүрман бейнеті көп саланың қыр-сырын айтып берді.

– Маусым бойы отбасымызбен кесек құямыз. Күніне 1200 дана кесекті бастырамыз. Бір үйге қажетті 30 мың дана кесекті 1 айда құйып бітіреміз. Негізінен, таңертең және кешкі уақытта жұмыс өнеді. Бүгінде Қызылорда қаласынан кесекке тапсырыс беретіндер көп. Тасымал көлігі өзінен болған жағдайда 21-22 теңгеден құйып береміз. Ал өзіміз тасымалдайтын болсақ, 26 теңгеден есептейміз. Мәселен, 30 мың дана кесекті 780 мың теңгеге құйып береміз. Кесекке керекті 1 машина құмды 7 мың теңгеден түсіреміз. 1 КаМаз құмнан 4 мың дана кесек бастырылады. Сондықтан барлық шығынды есептеп, орташа бағамен кесекті сатылымға шығарамыз, – дейді Самат Дүрмән.

КЕЗЕГІН КҮТКЕН КӨПШІЛІКТІҢ ҮЙ САЛУҒА КҮШІ ЖЕТПЕС

Тереңөзекте осыдан 4 жыл бұрын жаңа қоныстану аумағы ашылған болатын. «Жалын» тынығу лагері аумағынан 175 жер учаскесін қамтитын алаңда жеке үйлер салынуы керек еді. Аталған жылдар аралығында жер учаскелерін иемдеген азаматтар арасында үй салғандар қатары аз. Осы кезге дейін 173 үй салынуға тиісті 80 азаматтың жерді пайдалану мерзімі ұзартылған. 55 азаматтың жер учаскесінің пайдалану мерзімі аяқталуына және уақытында нысаналы мақсатта игер­меуіне байланысты жер учаскелері кері қай­та­рылған. 19 азаматтың жер учаскелерін пай­далану мерзімі бар. 5 азаматтың жері комиссияның оң қорындысымен ғана жарамды мерзімде тұр. Бірақ жерге орналастыру жобасына ұсынылмаған. Ал 2 жер учаскесі бос болуына байланысты тұрғындарға кезектілікпен ұсынылуда. Қазіргі таңда ҚР Жер Кодексінің талаптарына сәйкес, Тереңөзек кенті әкімінің шешімімен қайтарылған 55 азаматтың жер учаскесі келесі кезектегі азаматтарға үлес­тірілуде. Бүгінде жер кезегіне 1070 азамат тіркелген.

Жоғарыдағы статистикалық мәліметтерді назарларыңызға ұсынған себебіміз сан жылдар бойы кезекке тұрып, жер учаскесін иемдеген азаматтар үй салуға келгенде жайбасарлық танытып жатқанынан мысал келтіргіміз келді. Көбі тұрмыстық жағдайға байланысты 3 жылдық мерзімді өткізіп алады. Құрылыс заттарының бағасы көтерілген сәтте үй салуға мүмкіндік азайды. Жылдар бойы жиған-тергенін үйіне салған көпшілік шығынның көп болуынан бастаған ісін аяқсыз қалдырады.

Жалпы алғанда ауданда «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар» кезегінде 531 адам тіркелген. Көп балалы отбасылар санатында – 135, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымның қызметкерлері санатында – 107, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына – 43, жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған азаматтар санатына – 20 тұрғын жатқызылған.

P.S. «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады». Жылдар бойы бейнетпен келген әрбір дүниенің өз қайырымы болады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, талай адамның керегесі кеңейіп, шаңырағы үлкейіп жатыр. Бізді құрдымға батыратыны – несие алып, несиені жабатынымыз. Несиені жапқаннан қалған қаражатқа үй салуды бастаймыз. Ақырында алған несиені жыл сайын жаңалап отырамыз. 10 жылда бір үйді салып, оның шығынын бірнеше жыл өтейміз. Еурожөндеу жүргізіп, халық бір-бірінен қалғысы келмейді. Бірақ өтеуі бар несие пайызсыз емес. Сондықтан үй саларда артындағы шығынды қоса есептеген абзал. Әйтпесе несиеңіз аяқталғанша, үйіңіз ескіреді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 маусым 2021 ж. 431 0