Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел назары – екпеде

Ел назары – екпеде

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мә­ліметі бойынша бүгінгі күні вакцина салдырғандар республика көлемінде 2 247 776 адамды құрайды. Оның ішін­де 1 187 464 адам екпенің екінші компо­нентін қабылдап, толық иммунитет қалып­тас­тырып үлгерген.

«Ем – екпеде», «Індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина қабылдау» деген жазбаны газет беттерінен де, теледидардан да, телефонды ашсақ та көретін болдық. Бүгінгінің ұранына айналған бұл сөздерді жалған патриоттықпен, жасанды кейіппен айтуға болмайды. Ол ең алдымен, өзіңіздің, кейін айналаңыздағылардың басты байлығының кепілі екенін түсінетін кез келді.

Елді сарсаңға салған дерттің әлемдік пандемия дә­режесінде жарияланғанына екінші жылға кетіп барады. Десек те, қауіп толықтай сейілмей тұр. Қауіппен күрес мақсатында Үкімет тарапынан маңызды шаралар атқарылуда. Өз кезегінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, екпенің маңыздылығы да талданып келеді. Алғашқыда онлайн режимге көшкен көп орталық бүгінде қалыпты қызметіне кіріскенімен, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау барынша талап етілуде.

Бүгінгі күннің басты мәселесі – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Бастапқыда халық арасында қауесет тарап, екпеден бас тартқандардың көбі вакциналаудың маңыздылығын түсініп келеді. Соған сай өз еркімен екпе салдыруға келетіндер саны күн санап артқан.

Оның дәлелі аудандағы екпе қабылдағандардың ста­тис­тикалық мәліметінен анық көрінеді. Екпе салдыру науқанының бастапқы кезеңінен бастап есептегенде бүгінгі күні ауданға І компонентті екпенің 6300 дозасы келіп, оның 5717-сі салынған. Ауданға әкелінген екпенің 4200-і «Спутник V», 1800-і «Hayat-Vax», 300-і қазақстандық препарат. Бұл сандар тек алғашқы компонентке қатысты.

Ал ауданға әкелінген ІІ компонентті екпенің жалпы саны 5300 құтыны құраса («Спутник V» – 4200, «Hayat-Vax» – 800, «QazVac» – 300), оның 2408-і бірінші кезеңді қабылдаған тұлғаларға салынған.

Ауданда халыққа екпе салу үшін күрестің бірінші ке­зеңінен бастап алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер ең­бегін жалғастыруда. Жауапкершілігі жоғары іске толық бригада мен мекеме мамандары түгелдей жұмылдырылған. Арнайы мамандар халықтың қамы үшін ауылдық жерлерде де жұмыс жасауда. Екпе салдыруға келгендерге дәрігерлер таңғы 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Екі компонент арасындағы аралық уақыт туралы пі­кір­лерде де біржақты ақпарат болмай, халық тағы да естігеніне еріп, кері пікірлер белең алған еді. Мамандардың айтуынша, екі компонент арасы 21 күннен 90 күнге дейін­гі уақытты қамтуы тиіс. Дегенмен, алғашқы дозаны салдыр­ғаннан кейін 21 күн өткен соң екінші компонентті салдыруға толықтай мүмкіндік бар.

– Бастапқыда халық тарапынан екіойлылық болғаны белгілі. Көп нәрсені түсінбей, сұрап жатты. Біздің мамандар түсіндіру жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізіп, әлі де жалғастыруда. Екпе қабылдау қазір де тоқтаған жоқ. Өз еркімен екпе алғысы келетін азаматтар қатарының көбеюі – көпшіліктің екпе салдырудың дұрыстығын түсінуінен. Саулық – сақтықта, ем – екпеде екенін ұмытпаған абзал, – дейді дәрігер А.Қозыбағарова.

– Мен өз денсаулығым мен жақындарымның қауіпсіздігі үшін екпе салдыруға шешім қабылдадым. Әлеуметтік желідегі жаңсақ пікірлерді естіп, алғашқыда қорқыныш болғаны рас. Дегенмен, қауесетке емес, мамандар кеңесіне құлақ асуды жөн көрдім. Алғашқы дозаны қабылдаған соң дәрігерлердің кеңесі бойынша күтіндім. 21 күннен асқан соң ІІ компонентті қабылдадым. Жағдайым бірқалыпты. Қауіптенетін ештеңе де жоқ, – дейді аудан тұрғыны Б.Тәңірбергенов.

Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінде. Нау­қасқа шалдыққан немесе ауырған адаммен қатынаста болғаны үшін 14 күндік оқшаулануға жіберілген тұлға көпшілік ортада, дүкендерде, т.б. халықпен тығыз байланыста болатын орындарда екендігі анықталса, бұл құқықбұзушылық деп табылады. Бұған сай Денсаулық сақтау министрлігі оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитарлық ережелерді бекітті. Ережелер 10 мау­­сымнан бастап күшіне енетін болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушылар «Ashyq» ақпараттық платформасы арқылы анықталмақ. Карантиндегі науқас адамның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақ­тамауы ӘҚБтК-нің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық деп есептеліп, айналасындағыларға қаса­қана қауіп төндіргендерге 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.

Ауруды ауыздықтап, денсаулықты қорғаудың бірден-бір жолы – екпе қабылдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпаннан басталған вакциналау жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып келеді.

Вакцина тарихына көз жүгіртсек, Азиялық көшпелілер ерте дәуірде-ақ адам мен малға екпе жасау арқылы оларды қатерлі аурудан сақтандырып отырған. Микроорганизмдерден алынып, адам мен жануар ағзасын жұқпалы аурудан сақтандыру үшін егілетін препарат ағзаның иммундық қасиетін арттыруға қауқарлы.

Пандемия басталғалы инфекцияға қарсы вакцинаны әзірлеу басты мәселеге айналды. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап 200-ден астам балама екпе түрлері жасалған. Десе де олардың барлығы қолданысқа ене бермейді. ДДСҰ-ның арнайы бақылауы мен тексеруінен өткен 64 препарат қана адам организмінде сыналған. Оның кейінгі әсері ағзаның иммундық қабілетіне де тікелей байланысты.

Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз, оның құрамындағы компоненттерді халық жыл сайынғы екпелер арқылы бұрын да қабылдаған. Мамандардың ескертуінше, вакцинаның әр ағзаға түрліше әсер ететінін есепке алғанда, аздап ауырсыну мен басқа да белгілер байқалуы мүмкін. Екпені алу немесе алмау әр азаматтың өз еркінде. Алайда, әркім өзімен қатар айналасындағылардың денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
08 маусым 2021 ж. 610 0