Ауданға вакцинаның 400 дозасы жеткізілді
Ауданда індетке қарсы екпе егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданға тағы да "Спутник V" вакцинасының І типтік 400 дозасы жеткізілді. Айта кетейік, бұған дейін екпенің І және ІІ типтік 200 дозасы жеткізіліп, толық егілген болатын.
Ауданның «Қызыл» аймаққа енуіне байланысты жеткізілген 400 дана вакцинаны жедел салу жұмыстары жүруде. Вакцина салдыруда медицина, құқық қорғау, төтенше жағдай, мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері белсенділік танытуда. Бүгінгі күннің өзінде 120 адам вирусқа қарсы екпе қабылдап үлгерді.
Екпе салдыру тегін әрі ерікті түрде жүргізіледі. Вакцина 18 жасқа дейінгі балалар мен 64 жастан асқан адамдарға салынбайды. Ауданда вакциналау жұмыстарына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай егу бөлмелері дайындалған. Егу шараларына 16 медицина қызметкері тартылған.
Айта кетейік, екпе егу жұмыстары egov. kz арқылы жүргізіледі. 2021 жылдың 8 сәуірінен бастап «Электронды үкімет» порталында «Вакцинацияға жазылу» қызметі іске қосылды. Ол үшін азамат «Электронды үкімет» порталына авторизациялануы және өтінім беруі қажет, онда тек тіркеу аймағы бойынша медициналық ұйымды көрсету қажет болады, содан кейін өтінім медициналық ұйым қарауына жіберіледі. Медициналық ұйым вакцинация жүргізу уақытын көрсете отырып, өтінімдерді бөледі. Бұдан соң азамат «Электронды үкімет» порталында медициналық ұйымға баратын күнді және уақытты көреді, сондай-ақ қосымша SMS хабарлама алады.