Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы құндылығы – ортақ құндылық

Отбасы құндылығы – ортақ құндылық

Аудан әкімдігінде отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Қыз – ұлт ұяты, халықтың шырайы» тақырыбында Аналар кеңесінің мүше­лерімен кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Р.Ахметова, кеңестің хатшысы С.Крюгер, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, «Қоғамдық келісім» коммуналдык мемлекеттік меке­месінің Сырдария ауданы бойынша сарапшысы А.Мейрамбеков, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев отбасы құндылығына қатысты көтерілетін мәселелерге тоқталды. Сонымен бірге нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі мен негізгі міндеттерін тілге тиек етті.

– Кез келген халықтың арқауы отбасы болып табылады. Ха­лықтың салт-дәстүрлері отбасында сақталып, өркендейді және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Біздің қоғам дені сау, адамгершілігі зор ұрпақ тәрбиелеуге қабілетті рухани мықты отбасылардың көп болуына мүдделі. Міне, сондықтан да мемлекет саясатында отбасылық құндылықтарды және дәстүрлерді жас­тар арасында ілгерілетуге зор мән беріледі. Қазақстандық отбасының болашағы көп жағдайда қазіргі ұрпақтың қандай отбасылық құндылықтарды бойларына сіңіргендеріне байланысты. Біртектілік пен жалпыұлттық бірлікті нығайту мен дамытудың іргетасы ретінде отбасылық құндылықтарды сақтап, нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің мәні зор, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Р.Ахметова «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты ақпараттық-на­сихаттық жобасының маңыздылығына тоқталып, негізгі бағыт-бағ­дарын атап өтті. Қай кезде де қызға қырық үйден тыйым бар екенін атап, нақты мысалдар келтірді. Аудан бойынша қыз-келіншектер мен аналарды қолдау мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева саралады. Бірлестік төрайымы өмірі өнегелі, көпті көрген ардақты аналармен кездесулер ұйымдастырылып, кейінгі толқынға олардың үлгі-өнегелерін насихаттау жұмыстары тұрақты жасалып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Л.Палымбетова бұрымды аруларды ұлттық құндылықтарға баулуда басты кемшілік пен олқылықты тізбектеді. Ұлт абыройын асқақтату үшін өскелең ұрпаққа отбасында дұрыс тағылымды тәрбие беру керектігін жеткізді.

Кездесу соңында жиналған көпшілік өзара пікір алмасып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға келісті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
08 маусым 2021 ж. 988 0