Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасындағы тәрбие аналар кеңесінде талқыланды

Отбасындағы тәрбие аналар кеңесінде талқыланды

Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Отбасы. Тәрбие. Қоғам» атты жиыны болып өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, облыстық, Байқоңыр қаласы және аудандық аналар кеңесінің төрайымдары, мүшелері, этномәдени бірлестіктің жетекшілері, белсенділері, мәдениет саласының қызметкерлері, әжелер ансамблінің өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар алдымен Достық үйінің фойесінде әзірленген «Анамның бейнесі» суреттер және «Орамал – әйел-ананың байрағы» қолөнер көрмесімен танысты.

Сонан соң облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаеваны, "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева мен "Мерейлі отбасы" республикалық байқауы жүлдесінің жеңімпаз отбасының анасы Бақира Ишанқұлованы құрметпен сахна төріне шақырып, жиын жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева жүргізді. Н.Мұсаева өзінің алғы сөзінде кеңестің жыл бойы атқарған нәтижелі жұмыстарына тоқталып өтті.

Үлкен экраннан қатысушылардың назарына «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі» бейнеролигі ұсынылды.

Жиында алғашқы сөз кезегі "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиеваға берілді. Ол «Отбасы – тәрбие бастауы» хабарлама жасады.

– Бүгінгі отбасы жағдайында бала тәрбиесін ұйымдастыру көптеген ғылым саласынан білімді де, қабілетті болуды керек етеді. Ата-аналардың дені отбасын асырау мен олардың қажетін қанағаттандырумен уақыттарын өткізуде. Ал бала тәрбиесі назардан тыс немесе өзге адамның қолында болып отыр, – деді Ұлмекен Шанайқызы.

Мұнан соң «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында Қармақшы аудандық «Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас Рүстембеков, «Бала тәрбиелеуде отбасы мен мектептің байланысы» тақырыбында Қармақшы ауданы №108 мектеп директорының орынбасары Дильфура Байрактарова, «Балаларды балабақшада тәрбиелеу тәжірибесі» туралы «Күнекей» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Қасенова келелі ойларын ортаға салды.

Кеңесті облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов қорытындылады.

Жиын соңы «Менің Қазақстаным» атты республикалық байқаудың гран-при иегері, сырдариялық өнерпаз К.Луцаның орындауында «Ана туралы жыр» әнімен аяқталды.

Б.ЖАНӘЛІ,
Сырдария аудандық аналар кеңесінің мүшесі
18 қараша 2019 ж. 846 0