Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуін Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жариялады. 

Құрметті қызылордалықтар!
Бүгін халқымыздың басынан өткен ең сұрапыл да қасіретті күн - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Халқымыздың тарихында мерейі тасыған дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» кезеңдерінің де аз болмағаны ақиқат.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Артында миллиондаған қасірет тұрса да тек сандар ғана қорқынышты емес. Қорқыныштысы тоталитаризмнің кесапатын түсіне алмау" деген еді.
1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам елден кетті. Саяси репрессияда 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Сыр бойының біртуар азаматтары, қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Мұстафа Шоқай, Тұрмағамбет Ізтілеуов және тағы да басқа жерлестеріміз зұлмат кезеңнің құрбаны болды.
Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары қиын жағдайда күн кешті. Бұл қиындықты елімізге еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазіргі таңда сол ұлттардың барлығы біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде "Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады," - деп атап көрсетті.
Сыр жұрты қуғын-сүргін құрбаны болған қайраткерлерін еске алу, олардың рухына құрмет көрсетуді ешқашан ұмытқан емес.
Ашаршылық зардабы мен саяси қуғын-сүргінге көрнекті ұлт зиялыларын ардақтау мақсатында облыс бойынша 2 елдімекенге,
5 мектепке, 45 көше мен даңғылдарға есімдері беріліп,
5 мүсін және 7 ескерткіш орнатылды.
Тарихи жадымызда жатталған сол замандағы қиын кезеңдердің табы біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, халықтың мәңгі есінде сақталатын болады!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Біз Біргеміз!
 

31 мамыр 2020 ж. 825 0