Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектердің игі ісі

Түлектердің игі ісі

Аудандық мұсылмандар меші­ті – имандылық ордасы, тазалық мекені. Мешіттің жамағат үшін қалыпты жұмыс істеуі – ортақ абырой әрі тұрғындар үшін тиімді. Осы ретте аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-ли­цейінің 2011 жылғы 11 «в» сы­ны­бының түлектері Тереңөзек кентіндегі мұсылмандар мешіті­нің сыртқы дәретханасын ретке келтіру ісіне атсалысты.

Игі істі ту еткен шәкірттер мешіт дәрет­ханасының бұзылып қалғанын, соған сәйкес құрылыс материалдарына қаржылай көмек қажет екенін аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлынан естіген. Кейін ақылдаса келе, аудандық мешітке көмек көрсету мақсатында орталай қаржы жинаған. Бұл іске қасиетті қарашаңырақты 2011 жылы бітірген 11 «в» сыныбының барлық оқушылары өз үлестерін қосқан.

– Намаз – жәннаттың кілті болса, жәннаттың кілті – дәрет. Сол себепті дәрет алатын орынның қалыпты жұмыс істеуі жамағат үшін маңызды. Осы істі атқаруға бізге қаржылай көмек қажет болды. Қазір дәрет алатын орынды ретке келтіру жұмыстары басталды. Жұмыстар жақын күндері аяқталады деп күтілуде. Қаржылай көмек көрсеткен түлектерге, оларға сапалы білім, саналы тәрбие берген ата-аналары мен ұстаздарына алғыс айтамыз, – дейді аудандық мешіттің бас имамы.

Айта кету керек, алтын ұядан 2011 жылы сан тарапқа самғаған түлектер бүгінде еліміздің түрлі қалаларында еңбек етуде. Олар туған жерге көмек көрсетуден аянып қалған емес. «Бұл біздің ұстаздар алдындағы міндетіміз әрі туған жерге деген перзенттік парызымыз» дейді түлектер.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ 
25 тамыз 2020 ж. 607 0