Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет және қоғам қайраткері

Мемлекет және қоғам қайраткері

Сырдария ауданының 90 жылдан астам тарихында ел еңсесін көтеруге, партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол, басқа да қоғамдық ұйымдар жұмысын ілгері басуына атсалысқан, есімдері ер азаматтармен қатар аталған қоғам қайраткерлері бар. Олардың қатарында Дина Есжанқызы Айсинаның есімі зор құрметпен аталады. Мемлекет және қоғам қайраткері Дина Есжанқызына «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Сырдария аудандық мәслихатының кезекті ХХІІ сессиясында 2006 жылы 29 сәуірде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Дина Айсина Өзбекстанның Бостандық ауданында 1940 жылы 11 шілдеде өмірге келген. Қызылорда қаласындағы Панфилов атындағы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе қа­ласындағы медицина институтында оқып, дәрігер мамандығын алады. 1964 жылы институтты бітірген жас дәрігер арнайы жолдамамен Қараөзектегі республикалық есі ауысқандар ауруханасына дәрігер, сонан соң бас дәрігер қызметіне бекітіледі.

Алғашқы еңбек жолын асқан жауап­кершілікті талап ететін ауруханада бас­таған Дина Айсина қызмет бабымен Тереңөзек аудандық аурухананың бас дәрігерлігіне ша­қырылады. 1969-1976 жылдары ауданда ауруханалар мен емханалардың көптеп салынуына, білікті дәрігерлермен қамтамасыз етілуіне елеулі үлес қосады. Медицина саласының ардагері А.Қо­жақов­тың айтуынша білікті басшы Д.Есжанқызы облыс бойынша біздің ауданда ең бірінші болып қан қабылдау бекетінің ашылуына ұйытқы болған.

– Дина Есжанқызы аудандық ауруха­наға Ғ.Нұртасовтан кейін бас дәрігер болып тағайындалды. Ауруханада білікті дә­рі­герлердің тәжірибе алмасуына, білік­ті­лігін арттыруына көп жағдай жасады. Дина Ес­жанқызы медициналық институтты менен 2 жыл бұрын бітірді. Ол кісінің іскер басшы, ұйымдастырушылық қабілеті мол екеніне сол кезде-ақ көзіміз жеткен.

Бас дәрігер болып келген уақытта аурухананың хирургия бөлімшесі жанынан 3 бөлмеден тұратын қан қабылдау бекетін ашты. Мұндай бекет облыста біздің ауданда ғана ашылған болатын. Бір күні ауданға сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов іс-сапармен келді. Жанында жүрген қонақтардың қатарында облыстық атқару комитетінің орынбасары З.Жарқынбаев, белгілі азаматтар Т.Үкібаева, М.Әбдіразақов т.б бірге жүрді. Сонда Дина Айсинаның ұйытқы болуымен ашылған осы бекетті көрген министр «өте жақсы бастама» деп жоғары баға берді. Сонан соң меймандар перзентханаға бет алды. Бір қызығы перзентханада біздің әріптесіміз медбике жаңа ғана дүниеге ер бала әкеліпті. Сонда министрдің елге жасаған қадамын жақсыға жорып, сәбидің есімін Төрегелді қою ұсынылды. Ал, министр болса, осы балаға жыл сайын туған күнінде құттықтау мен сый-сияпат жіберіп тұрған. Және бір есте қаларлығы сол кезде Төрегелді Шарманұлы бала ер жеткенде, мектепті бітіргенде «баланы өзіме жіберіңдер» деген болатын. Қазір ол баланы кейде кездесіп қаламын. Атақты дәрігерге бармағанын естіп, қапаландым. Не де болса тәуір, адамгершілігі мол азамат болып өскеніне қуандым, – деп еске алды білікті басшы Д.Айсинамен бірге қызмет еткен жылдары туралы еңбек ардагері А.Қожақов.

Білікті басшы аудан, облыс көлемінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. 1982 жылы Қызылорда облысының партия және облыстық атқару комитетінің шешімімен Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан Дина Есжанқызы 1988-1993 жылдары Қызылорда облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы болды.

Өнегелі өмір иесі 1994 жылы зейнет демалысына шықса да қызметтен қол үзбеді. Қызылорда қалалық мұрағаттың меңгерушісі болып жемісті еңбек етті.

Ауданның өсіп-өркендеуіне атсалыс­қан Сейілбек Шаухаманов, Дина Айсина, Алмагүл Божанова, Сейілбек Асқаров, Кеңес Бошайбеков, Бақыт Мықанов, Аббас Камалладин, Сәрсенкүл Сәрсенова, Алдаберген Көлбаев, Қожабек Дәдікбаев және тағы басқа көптеген азаматтар сол кездегі аудан басшысы болған Нәлқожа Ергешбаевтың жеке қамқорлығы мен қолдауының арқасында өз ісінің майталмандары болғанын ел-жұрт жақсы біледі. Н.Ергешбаев ауданды басқарған тұста егістік жерлерді инженерлік жүйеге келтіруге, жеке тұрғын үй салуға, мектеп құрылысына ықпал жасады. Осы кезеңдерде аудандық атқару комитетінің төрағалары болған М.Әбдіразақов, С.Мұқа­шев, Д.Айсинаның ауданның өр­кен­деуіне қосқан үлесі мол болған.

Терең ойлы, орысшаға сауатты, іске құлшына кірісетін, уақыттың сындарлы кезеңінен өткен тәжірибелі, әдептілік пен әділеттікке сүйенетін басшы болған деседі бірге қызмет еткен әріптестері.

– Дина Есжанқызымен 1968 жылы Қа­ра­өзектегі республикалық есі ауысқан­дар емханасында бірге жұмыс істедім. Ол кісі бас дәрігер, мен аға медбике болдым. Қоғамдық жұмыс атқардым. Бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болдым. Өйткені Қармақшы ауданынан партияға кандидат болып өтіп келгенмін. Бір жылдан кейін мүшелікке өттім. Емханада жұмыс істеген уақыттан бері Дина Есжанқызын жақсы білемін. Сонан соң аудандық ауруханаға бас дәрігер болып қызметке ауысты. Мен де кейін ауданда Мәдениет бөлімін басқардым. Білікті басшы аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауысқан болатын. Мәдениет саласы тікелей аудандық кеңес атқару комитетіне байланысты болды. Ауданда көптеген салада қиыншылықтар болды. Мәдениеттің техникалық мүмкіндіктері аппаратуралар жоқ еді. Апайдың осы уақытта көп көмегі тиді. Осы күнгі Құрақтың Досжаны атындағы оркестрдің халықтық атақ алауына да Дина Есжанқызының ықпалы болды. ҚР Мәдениет министрінің орынбасарының қабылдауында болып, бізге «Верона» деген музыкалық аппаратураны алып беруге көмектесті. Осындай қамқорлықтың арқасында облыста біздің ауданның мәдениет саласы жеңімпаз атанды. «Оңаша» ойын-сауық отауының бағдарламасы жасалып, ел ықыласына бөленді. Мәдениет қызметкерлерінің материалдық жағдайына қол ұшын берді. Қойын-қолтық жұмыстың арқасында үш бірдей мәдениет қызметкеріне үй алып бердік. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәлхожа Ергешбаев болатын. Осы екі кісінің арқасында мәдениет көп көмек алды. Кейін мәдениет саласынан аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып қызметке ауыстым. Ауданда әйел кадрлардың қызметте өсуіне үлкен мән берілді. Ауданда басшылық қызметте болған Алма Қашақбаева, Сәрсенкүл Танкенова, Балшекер Өтегенова апайдың жол сілтеуімен жауапты қызмет атқарды.

Дина Есжанқызы өте принципшіл адам, ер мінезді, екі сөйлемейтін, тиянақ­ты, жауап­­кершілігі өте мықты, мәдениетті болатын. Өмірлік серігі Марат Тастанбеков облысқа белгілі дәрігер болатын. Ауданның өркен­деуінде, алға басуында қолтаңбасы қалды. Кейіннен апай облысқа ауысты. Облыстық атқару комитетіне, кәсіподақты басқарды. Мемлекеттік дең­гейдегі қызметті абыроймен атқарды, – дейді еңбек ардагері Алма Бақтиярова.

Дина Есжанқызы 4 бала өсіріп-тәрбиелеген аяулы ана. Бүгінде сексенге шыққан ардақты жан Алматы қаласында тұрады. Алыста тұрса да ауданның тыныс-тіршілігінен хабар алып, жақсы жаңалықтарға тілектестік лебізін білдіріп отырады. Ауданның 90 жылдық мерейтойына келгенде де салтанатты жиында сөз сөйлеп, аудан туралы жақсы пікір білдірді. Дина Есжанқызы аудандық газеттегі «Құрметті азамат» айдары туралы да жылы лебізін білдіріп, басылым тілшілеріне тілектестігін жеткізді.

– Қазір жасым 80-ге келді. Саналы ғұ­мырымда ел-халықпен тығыз қызмет жасадым. Еңбегіме берілген бағаға алғысым шексіз. Алыстағы ағайынға ыстық сәлемімді жеткіз. Қай кезде де жақсылықтың жаршысы болған тілшілерге шығармашылық табыс тілеймін. Ауданның абыройы асқақтай берсін, – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Дина Есжанқызы.

Елге сіңірген еңбегі елеусіз қалмай абырой атаққа бөленген қайраткер ана 1970 жылы мемлекеттік наградалармен, 1987 жылы еңбек ардагері медалімен, 1991 жылы ҚазақССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
29 мамыр 2021 ж. 460 0