Қатарының алды болған Аружан
Аудан орталығындағы іргесі берік, шаңырағы биік, үлгілі үш мектептің бірі – №210 Оспан Әбілпаттаев атын иеленген киелі қара шаңырақ. Талай тарихты артқа тастаған мектеп ұжымы ұдайы үздік шығып, абырой биігінен көрініп келеді. Әр кезеңдегі басшылар оқу ордасының тасын өрге домалатса, білікті ұстаздар қаншама баланы білім нәрімен сусындатып, бала шақтан болашаққа үкілетіп аттандыруда.
– ҰБТ-ға соңғы енгізілген талаптарға сәйкес, «Алтын белгі» қорғалды ма?» деген мәселе кейіндеу белгілі болады. Жалпылама айтсақ, биылғы қарқын жаман емес. Түлектердің барлығы «Сен тұр, мен атайын» деп жалындап тұр. Бұл, бірінші кезекте, мектеп ұжымы мен пән мұғалімдерінің ерен еңбегі болса, екіншіден – баланың ынтасы мен талабының арқасы. Үйдегі ата-ананың балаға ықпалын айтпасақ та белгілі, – деді мектеп директоры Света Сақтапова.
Биылғы жылдың айтулы жаңалығының бірі – 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» үміткері Аружан Келдібайдың мемлекеттік грантты жеңіп алуы. Мектеп бітіруге санаулы күндер қалып, санасында үміт пен қорқыныш қатар ұялаған Аружан Алматы қаласындағы Нархоз Университетінің ұйымдастыруымен өткен «Тұрақты дамудың 17 мақсаты» олимпиадасына қатысқан. ҰБТ бойынша ағылшын тілі және дүние жүзі тарихы пәндерін таңдаған оқушы олимпиаданың екі кезеңінен үздік шығып, аталған жоғары оқу орнының грантын жеңіп алған. Қатарластарынан оза шауып, мектеп бітірмес бұрын еліміздегі айтулы университеттің біріне «Халықаралық қатынастар» мамандығының гранттық оқу сертификатына ие болған Аружанның бұл алғашқы да, соңғы да жетістігі емес. Бұған дейін «Елбасы медалінің» қола медаль иегері атанған дарынды оқушы түрлі ғылыми жоба мен олимпиадаларға қатысып, ата-анасы мен мұғалімдерінің үмітіп ақтап, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Баста-уыш сыныптардан жан-жақтылығымен көзге түскен ол түрлі байқаулар мен қоғамдық жұмыстарда да үнемі белсенділік танытады.
– Үлкен өмірге қадам басқалы отырмыз. Мен өзіме артылған үмітті ақтауға тырысамын. Таңдаған мамандығымды оқып, абыройлы әрі білікті маман болсам, елге пайдамды тигізер қызмет иесі болсам деймін. Менің үлгі тұтарым – анам. Сол кісі сияқты ұстаз болып, шәкірт тәрбиелесем деп армандаймын.
Бүгінде жеткен кішкентай жетістігім мен алған азғантай асуымның артында асқар таудай болып ата-анам, ұстаздарым тұрғанын білемін. Ол кісілерге шексіз алғысымды білдіремін, – деді болашағынан үлкен үміт күттіретін биылғы жас түлек.
– Аружанның бала күннен талабы мен ынтасы мол болатын. Кішкентайынан қағаз, қаламмен ойнап, бірдеңелерді шимайлап отыратын. Қызымның биік өресін байқап, мектеп табалдырығын аттағаннан ағылшын тіліне баули бастадым. Көп тіл білу – заман талабы. Қызымның болашағы жарқын болуы үшін алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасадық.
Бақ пен бап сыналатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қалай болар екен деп екіойлы болып жүргенімізде қызым мемлекеттік грантты жеңіп алып, арқамыздан жүк түскендей қуандық. Аружанды білім нәрімен сусындатқан қара шаңырақ ұстаздарына, осы олимпиадаға дайындаған мұғалімдеріне аналық алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды Аружанның анасы, әрі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлнәра Өмірзақова.
Арманы анық, мақсаты айқын оқушы Аружан Келдібай 23 мамыр күні өткен сынақтан жоғары балл жинап, қайсарлығы мен білімін тағы бір дәлелдеді.
Мектептің мерейі артып, ұстаздың еңбегі ақталатын, әне-міне ұядан ұшқалы отырған шәкірттердің сынға түсіп, үлкен болашаққа бір қадам жасалатын уақыт – оқу жылының соңғы күні.
Былтырғы оқу жылын табысты аяқтап, он бір «Алтын белгі» иегерін аяқтандырған білім ордасының биылғы түлектері де осал емес. Ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынаған 25 жас түлек орташа 87,2 балл жинап, ұстаздар үмітін ақтап қайтты. №210 орта мектептің биылғы есеппен сегіз «Алтын белгіге» үміткер ұсынып, аудан бойынша көш бастап тұрғандығы да – қара шаңырақтың ауыз толтырып айтарлық жетістігі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ