Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен есейген тектінің тұяғы

Еңбекпен есейген тектінің тұяғы

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген да­налық сөз бар халқымызда. «Қар­ты бар үйдің қазынасы бар» деген және бар. Тереңөзектік еңбек ар­да­гері Зұлқарнай Бодықов саналы ғұмырында адал еңбек етіп, қа­дір­менді ақсақал атанып отырған қа­зыналы қарт. Ол кісінің туған еліне сіңірген ұзақ жылғы еңбегі меди­цина саласымен тығыз байланысты. Нақтырақ айтқанда ауданда санитарлық-эпидемиологиялық са­ланың дамуына өзіндік үлес қосқан. Тәжірибелі маман – ауданда 80-жылдары жаңадан құрылған залалсыздандыру мекемесінде бас дәрігер болып, абыройлы қызмет еткен аталған саланың алғашқы бас­шысы.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыройлы жанның өнегелі өмірін рет-ретімен баяндасақ. Зұлқарнай ағаның әкесі Бодық Жұманов пен анасы Зиба Дүйсенбаева өмір бойы қара жұмыс істеп, 5 баласын жетілдіріп, өсірген шаруа адамдары болған. Бірінен соң бірі дүниеге келген Зұлқарнай ағаның бауырлары ашаршылық жылдары мен соғыстың ащы дәмін татқан. Отбасындағы кенже ұл Зұлқарнайдың Әмзе, Зият, Зинеш, Қалдыгүл есімді бауырлары болған. Қазақтың салтыменен жеңгелері Дәмет пен Райзада өле өлгенше қайынінілерін атын атамай, «Кенжем» деп атағанын осы күні ардақты қарт сағынышпен еске алады.

Зұлқарнай Бодықұлының балалық шағы зұлым фашизімнің Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен тұспа тұс келген. Үлкен ағасы соғысқа аттанып, 8 жыл бойы әскери борышын өтеген. «Кебін киген өледі, кебенек киген келеді» дегендей, үлкен ағасы Жапон соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралған. Әкесі Бодық Жұманов діни сауатты, көзі ашық кісі болған дейді Зұлқарнай аға. Қолының шипасы бар, ауру сырқауларды емдеп жазатын қасиет қонған текті кісі екен.

Зұлқарнай ағаның отбасы Қараөзекте тұрған. «Ақиін» деген жердегі 7-жылдық мектепте бітірген соң, отбасымен Тереңөзекке көшіп келіп, осындағы №35 орта мектепті бітіреді. Мектеп бітірген соң Қызылордадағы медициналық училищеге оқуға түсіп, фельдшер мамандығын алады. Жас маман туған жері Қараөзектегі аурухана жұмысын қолға алады. Совхозға айналған Қараөзектің 4 ұсақ колхоз адамдарына бір өзі медициналық көмек көрсетіп, алғашқы еңбек жолы 5 жылға созылады.

Бұрынғы адамдардың әңгімесін тыңдауға жалықпайтын дағдыммен өнегелі өмір иесінен балалық шағы туралы әңгіме сұрадым. Сондай қызықты күндерінің бірін еске түсірген қадірменді қария менің атам Шанаймен бір ауылда тұрғанын айтты.

– Бала кезімде әкең Таңатармен бір сыныпта оқыдым. Әкең білімге құштар болды. Жазуы тасқа басқандай, есепті шемішкедей шағады. Атаң Шанайдың бау-бақшасындағы әңгелек ел-жұрт­тыкінен ерте пісетін. Ауылдың балалары иісі аңқыған әңгелекті жеуге құмар болатынбыз. Тал түс демейміз, кешқұрым демейміз бақшаға түсіп, әңгелекті жұ­латынбыз. Сонда атаң Шанай біздерді тұзбен ататын. Тұз тиген жердің ашығаны оңайлықпен басылмайтын. Сонда да сол әдетімізді қоймай, әңгелекке құмар болатынбыз, – деді балалық күндерінен аз-кем әңгіме айтып.

Ата-анасын бағып-қаққан жас фельдшер ден­саулықтары күрт нашарлаған әке-шешесін емдеу үшін Тереңөзекке қоныс аударады. Сол кездегі денсаулық сақтау саласының басшылығы медицинада тәжірибе жинаған маманды аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметті сеніп тапсырады. Қызметте жүріп дәрігер-эпидемиолог мамандығына қайта маманданып, Ресейдің Новосибирскі, Кемерево қалаларында білімін жетілдіреді. Сонан соң осы мекемеде бас маман, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметін абыроймен атқарады.

–Аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық саланың басы-қасында жүрген байырғы әріптестерім А.Эфендиев, С.Сисоева, Д.Қарымсақовамен бірге 1970 жылдары ауданда өршіген безгек ауруымен, сары аурумен білек сыбана күрестік. Безгектің шығу ошағын анықтап, жұқпалы індетпен күн-түн күресіп, адамдардың сары аурумен жаппай ауруын тоқтаттық. Әр жылдары түрлі жұқпалы аурулар өршиді. Есімде, масадан жұғатын ауру пайда болды. Әдепкіде науқастарға нақты диагноз қойылмады. Талақ пен бауыр ісініп, адамдарды өлімге дейін әкелетін жағдай болды. Мәскеуден келген мамандар ұзақ уақыт тәжірибе жүргізді. Адамдардың неден ауырып жатқанын анықтау үшін тәжірибе жасау керек болды. Сонда бір фельдшер жігіт осы тәжірибеге көніп, далаға киімін шешіп таң атқанша жатты. Тәжірибе көрсеткендей адамды шағатын масадан малярия деген ауру жұғады екен. Анықталғандай адамды масаның ұрғашысы ғана шағады. Маса таңғы 4-ке дейін шабуылдайды. Маса шаққаннан кейін адам дертке шалдығады. Міне, осы ауруды анықтаған мамандар аурудың нақты диагнозын қойды. Тағы бір жылдары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан адамдар қайтыс болды. Оның ошағы қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылы екені анықталды. Қауіпті кене шаққан адамнан қан кетеді. Қан тоқтамаған соң адам өледі. Міне, осындай адам өміріне қауіп әкелген аурулармен күрестік. Қазіргі пандемия сол кездегі аса жұқпалы аурулармен бірдей болып тұр. Сондықтан адам өз денсаулығына жауапты болуы үшін, медицинаның озық тәжірибесін қолданып, екпе салғызу керек, – дейді байырғы дәрігер қызмет еткен жылдары туралы.

Аймақта жұқпалы індеттің өршуіне байланысты аудандарда залаласыздандыру мекемесі құрылған. 1981 жылы осы мекемені ауданда Зұлқарнай Бодықов басқарады. Қарамағында 40 шақты әйел адаммен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Дегенмен талапшыл басшы іс жүзінде қиыншылықты біліктілігінің арқасында жеңе білді. Таңертеңнен басталатын қызмет ауру ошағына барып, үй-жайларды, қора-қопсыны залалсыздандырумен жалғасады. Барлығы қолымен атқарылатындықтан, улы сұйықтықты әзірлеуді де өз міндетіне алған мамандар барлық жұмысты тиянақты етіп атқарған. Әртүрлі ауруға жасалатын сұйықтықты әзірлеуде мамандардың аса ықтияттылығы қажет болған. Арнайы киім киіп, ауру ошағын залалсыздандыруға жұмылдырылатын мамандардың да қауіпсіздігіне аса мән берілген. Жұқпалы ауру деп аты айтып тұрғандай сәл қателік қаншама адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан үнемі сақтық шараларын сақтауды міндеттеуі заңдылық.

Залалсыздандыру мекемесін 18 жыл басқарып, зейнет демалысына шыққан Зұлқарнай аға 53 жасында инсульт алады. Тәулік бойы тынымсыз қызмет, аудан халқын жұқпалы аурудан сақтау жолындағы еңбегі денсаулығына әсерін тигізбей қоймады, жүрекке салмақ түсірді. Күні бүгінге дейін созылып келе жатқан осы дерт қайбір жылдары асқынғанда ұзақ уақыт тілсіз қалғаны жанына батқан. Осындайда өмірлік серігі болған адал жары, медицина саласының ардагері Шолпан Жанбосынованың жанында болғаны Алланың берген сыйы деп біледі. Қазір отасқандарына 55 жыл болған өнегелі отбасында үлкенді сыйлау, ер кісінің орны деген асыл қасиет қалыптасқан. Үйдегі отағасы сырқаттанғанда өз ауруын ұмытып кететін зайыбы мен балалары әкелерінің жағдайын жасап, тезірек сауығып кетуіне барын салады. Әкелерінің айтуымен атқа отырғызып, «жылқы терапиясымен» емделген қарт әке күніне 1-1,5 сағат атқа мініп жүреді. Нәтижесі де жаман емес, әкелерінің денсаулығы да қалыпқа түсуде.

– Мектеп бітірісімен тұрмысқа шығып, жолда-сымның арқасында медициналық училищеге түстім. Медицина саласында жұмыс істеп, 45 жасымда зейнетке шықтым. Аудандық аурухананың балалар бөлімшесінде, балалар асханасында, зейнетке шыққанға дейін туберкулезге қарсы диспансерде қызмет еттім, – дейді берекелі шаңырақтың отанасы Шолпан Жанбосынова.

Бір қызығы Шолпан апа осы уақытқа дейін өзі қызмет еткен балалар асханасында қатық әзірлеген рецептіні осы күнге дейін пайдаланады екен. Дәмі тіл үйіретін қатықты сол жылдары талай бүлдіршіндер ішті. Марқұм менің енем көп балалы ана Тұрсынай Ақылбекова айтып отырушы еді. «Менің балаларым, әзіресе егіздерім мен кенжелерім аудандағы балалар асханасында әзірленетін сүт пен қатықпен өсті. Қай кезде де дәмі тіл үйіретін ағарғанды дайындап, аудандағы мыңдаған балаға үлгіртіп отырған Шолпан Жанбосынованың еңбегі зор» дегені құлағымда.

Иә, шын мәнінде өз ісінің нағыз мамандары болған Зұлқарнай аға мен Шолпан апайдың ауданға сіңірген еңбегі мұнымен бітпейді. Қоғамдық жұмыстан да қалыс қалмаған Шолпан апай екі жыл қатарынан поселкелік кеңеске депутат болып сайланып, ел қалаулысы ретінде талай мінбелерден халық атынан сөйлеген. Ал Бодықовтар отбасында бұрыннан қалыптасқан дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ол қонақжайлылық. Ері қызметте жүргеннен соң үйінен қонағы арылмайтын отбасында қонақты Құдайындай күту жазылмаған заңдылық. Қай кезде де төрінде көрпешесі жаюлы, ошағында қазаны асулы тұратын шаңырақтан небір сыйлы адамдар дәм татқан.

–Қызметте жүргендіктен үйімізден қонақ арылмайтын. Әйелімнің қолынан талай адам шай ішіп, батасын бергендіктен болар, шүкір, қазір өсіп-өніп отырмыз. Балаларымның барлығы жақсы білім алды. Әртүрлі салада қызмет етеді. Келіндерім де өнегелі отбасының балалары. Немере-шөбере сүйгізіп отыр. Мына өмірде арманым жоқ десем де болады. Жақсы жандармен араластық. Ауданға белгілі дәрігерлер Р.Садықов, Ш.Зетов, Қ.Сарыбаев, С.Дәужанов, А.Қожақов, К.Бәйімбетов, А.Арғынбаевпен қатар елге қызмет еттік. Аллаға шүкір, сексенге келіп, ұрпағымның қызығына тоймай отырған жайымыз бар, – дейді тамырын тереңге жайған бәйтерек.

Өнегелі ғұмыр иесі қолы қалт етсе қағаз бен қаламды серік етеді. Бала кезінен өлең шумақтарды жазу әдетке айналған. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей Бодықовтар әулетін өнерлі жанұя десе болады. Қара сөзден маржан терген ағаның өлеңдері бір кітапқа жинақталып, 70 жылдық мерейтойында балалары «Сағыныш» деген атпен жарыққа шығарған.

Кітапта 50-ден астам арнау-өлеңдер бар. Алғысөзді кітап шағаруға ұйытқы болған үлкен келіні Рая Қожахметқызы жазған. 2013 жылы жарыққа шыққан кітапта, шаңырақтың келіні атасы жайлы былай дейді: «Атамның көңіл көкжиегіндегі шырайлы өлең жолдары ұрпақтарына, оқырман қауымға ой саларлық, тәрбие боларлық дүние ғой» деп балаларға, ізбасарларға ескерткіш, ғибрат болсын деп шештім. Аталарының өзінің жүрекжарды тебіреніске толы шумақтары перзенттерінің көкейінде жатталып, үнемі жадында жүреді, көкірек сарайларында жұлдыздай жарқырап тұрады деп ойлаймын» деген сөздер мерейлі жасқа келген қарияға ақ қағазға түсер жыр жолдары таусылмасын деген тілектермен жеткізілген.

Аузы дуалы, сөзі уәлі қадірменді қарияның өз жадынан шығарып жазған баталары да ел аузында жүр. Батагөй қария деген есімді иеленген Зұлқарнай аға батагөй ақсақалдардың бәйгесіне қатысып, тындармандардың ықыласына бөленген. Отбасына, ата-анасына, зайыбы мен туған-туыс, бауырларына, балаларына арналып жазылған өлеңдердің аяғы «Батамен» аяқталатын өлең-кітап жақсы сөзбен өрнектеледі.

Отанасы Шолпан апа Шортанбай бидің немересі. Ол да өлең сөзден қара жаяу емес. Домбыраны серік еткеніне 70 жылдан асты. Әсем әуенге салып, домбырамен ән салғанда талай әншіні жолда қалдырады. Жас кезінде Шолпан апа аурухананың қоғамдық жұмысына да белсенді араласып, өнер байқауларында әріптесі Любовь Ставермен лауреат атанғаны бар. Қазір өнердегі жолын немерелері жалғастырса, баласы Ернардың домбыра тартатын өнерін біреу білсе, біреу білмес.

Шаңырақтың шаттығына бөленген үлкен әулеттің бақыты баянды. Қазір қос қарияның қолындағы кенже ұл Ернар мен келіншегі Лаура балалары Арайлым, Ерсұлтан, Кәусар, Райымбек бар жылы-жұмсағын ата-анасының аузына тосып отыр. Ұрпағының қызығына кенеліп отырған отбасында татулық пен ауызбірлік, бір-біріне деген сүйіспеншілік көзге ұрып тұр. Ене мен келін арасындағы сыйластықтың өзі бір төбе.

– Анамыз қолы бос отырғанды қаламайды. Көктем шыға бау-бақшаның күтіміне кірісіп, ерте жазда біздің отбасымыз көкөністі алдымен жейміз. Қыс болса, қолынан тоқымасы түспейтін әжеміз немерелеріне жылы киім-кешек тоқып береді. Атамыздың күтімін жасап, балаларға бас-көз болып отырады. Осындай өнегелі әулеттің келіні болғаным үшін Аллаға шүкірлік етемін. Ата-енемізден көрген-білгенімізді ұрпағымызға үйретуден жалықпаймыз, – дейді күн сайын ата-енесінің батасын алып отырған келіні Лаура.

Ата-анасының жолын жалғап, бүгінде медицина саласында қызмет етіп жүрген отбасының үлкені Мұрат облыстық обаға қарсы күрес станциясында қызметте. Ләззат санитарлық-эпидемиолгиялық сараптама орталығында зертханашы, Гүлшат мұғалім болса, Ерболат теміржол саласында еңбек етуде. Қара шаңырақтың иесі Ернар баласы – заңгер, Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары. Келіндерінің үлкені медицина саласында білікті дәрігер, екі келін мұғалім. Перзенттерінен 12 немере, 13 шөбере сүйіп отырған ақсақал өмірлік қосағымен әулеттің тілеуін тілеп отыр.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Зұлқарнай аға мен Шолпан апай бүгінде мағыналы ғұмыр кешуде. Сондықтан еңбек ардагері Зұлқарнай Бодықовтың туған елге сіңірген қызметі ауданның ең Құрметті атағына лайықты екенін айта кеткен жөн.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
25 мамыр 2021 ж. 611 0