Сот саласының майталманы
Біздің кейпікеріміз Қазбек Өтемұратов – көп жыл сот саласында қызмет атқарған, қарақылды қақ жаратын тура бидей әділдігімен танылған азамат. Абзал жан 1926 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Бала кезінде бүкіл елдің басына түскен ауыртпалық – ашаршылықты, бозбала күнінде Ұлы Отан соғысының қиындықтарын көппен бірге көре жүріп, еңбекпен есейді.
Тоғызыншы сынып бітірген соң одан әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмай, орталау біліммен өндіріске араласты. Қазалы қалалық байланыс бөлімінде еңбек жолын бастады. Содан кейін аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор қызметін атқарды. Кеңес әскері қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеді. Қай жерде де тәртіпті сүйетін алғыр азамат әскерден келген соң Қазалы аудандық сотында сот орындаушы, нотариус болып қызмет етті. Осы қызметте жүргенде өндірістен қол үзбей, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді.
Құқық саласынан әжептәуір тәжірибе жинақтап, білікті маман болып қалыптасқан заңгер 1957-1960 жылдары Шиелі аудандық сотының судьясы болып сайланады. Одан соң 3 жыл Арал ауданында нотариус қызметін атқарды. Ал 1963 жылдан өмірінің соңына дейін Тереңөзек аудандық сотының төрағасы болды.
Қашанда әділдіктен таймай, бар білімі мен іскерлік қабілетін, күш-жігері мен ұстанымын ел мүддесіне, халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға арнаған Қазбек Өтемұратовтың атқарған ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалады. Сот беделі – мемлекет беделі екенін, ол беделдің жекелеген судьялардың адал, әділ билігінен құралатынын жақсы біліп, оған өзінің үлесін қосты. Сондықтан да ол адал судья ретінде күні бүгінге дейін елдің есінде қалды. Өкінішке орай, осындай азамат небәрі 39 жасында, 1965 жылдың 7 қазанында дүниеден озды.
Білікті заңгердің көзін көрген Тереңөзектің қарт тұрғыны Ләйла Қожабайқызы Қ.Өтемұратов туралы былайша еске алады:
– Қазбек ағай қара қылды қақ жарған әділ заңгер болды. Сонымен қатар, парасатты азамат, беделді басшы, жастарға қамқор ерекше тұлға еді. Асыл азаматтың артында алтын асықтай ұл-қыздары қалды. Екі ұл, екі қыз Болатбек пен Қайрат, Касира мен Басира. Ұлы Болатбек Тереңөзекте беделді азамат еді. «ПМК – 15-те» механик, аудандық су шаруашылығында қызмет атқарып, көпшілік құрметіне бөленді. Өкініштісі ұлы Болатбек 2018 жылы дүние салды. Қазбек ағаның Болатбек ұлынан тараған немерелері Индира, Сырдария аудандық емханасында дәрігер, Назира аудандық жер комитетінде әдіскер болып еңбек етеді. Алтынның сынығындай Қазбек ағаның қызы Басира – білім саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет етіп, мектеп директоры, жоғарғы оқу орындарында дәріс берген педагогика саласына еңбегі сіңген ұстаз. «Орында бар оңалар» деген осы, – дейді Л.Ысқақова.
Құқық саласында қажырлы еңбек еткен Қазбек ағамыз қоғам қайраткері Ыдырыс Қалиевпен жас күнінде айрылмас дос болған. «Әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, «Ыдырыс ағаның қамқорлығын көп көрдік» дейді Қазбек ағаның кенже қызы Басира. Кенже қыз көп жыл Қарағанды қаласындағы №5 орта мектепте директор болып қызмет атқарды. Педагогика ғылымдарының кандидаты атағы бар. Бұл атақты Ресейдің Екатеринбург қаласында қорғады. Бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы академияда ғылыммен айналысуда. Басира Қазбекқызы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Құрметті докторы», Ы.Алтынсарин медалімен марапатталған. Сексеннен астам ғылыми жұмыстың авторы. Ғалым қызға 2016 жылы Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының профессоры атағы берілді.
– Анам Гүлбағиша Мұстафақызы 1962 жылы небәрі 29 жасында қайтыс болды. Бізді әкеміздің анасы Нарша Өсербайқызы тәрбиеледі. Мен Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түскенімде нағашыларымның қамқорлығында болдым, – деп еске алады Басира. – Анамның әкесі Мұстафа Игіліков көп жыл лауазымды қызмет атқарды. Нағашы әжем Шәмсия Ұлжанқызы Қазақстандағы алғашқы пионерлердің, комсомол қозғалысы белсенділерінің бірі болған жан еді. Осы кісілердің тәрбиесімен қатарға қосылып, өмірден өз жолымды таптым.
Қазбек ағамыздың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Ол өте еңбекқор, көп ізденіп көп оқыған білімді адам болған. Ең бастысы, туған халқының ұлттық ерекшеліктерін жақсы біле отырып, дарындылығы, адамгершілігі, парасаттылы мен әділдігі еді. Бүгінгі ұрпақ Қазбек Өтемұратовтың осы қасиеттерінен үлгі алса, қатарының алды болатынына күмән жоқ.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ