Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Текті азамат еді

Текті азамат еді

Жұртшылық дағдарыстан дамуға бетбұрыс жасап жатқан кезеңде Сырдария ауданының әкімі қызметін атқардым. Қос ғасыр тоғысында ауданды басқару оңай болған жоқ. Жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр болса нарықтық кезеңнің талап-тілегі де күрделі еді. Сол қиын әрі күрделі жұмыста өз ісінің майталман маманы атанған көп азаматтармен бірге еңбек еттік. Олардың ішінде Асылбек Әбдуовтің есімін ерекше атауға болады.

Ауданды дамыту бағытындағы бастамаларымызды толық жүзеге асыруға 2000 жылдары бюджеттің мүмкіндігі толық жетпейтін. Біз көбіне асар әдісімен, жұртшылықтың бірігуімен жұмыс істедік. Аудан халқының бекем бірлігінің, тындырымды тірлігінің арқасында бюджеттен ешқандай қаржы бөлмей-ақ демеушілердің қолдауымен әлеуметтік нысандар құрылысын бастадық. Олар­дың бәрі әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп тұр. Осы жұмыстардың қорытындысын айту оңай болғанымен ұйымдастыру өте қиын болатын. Бүгін біз тектілігіне, азаматтығына, кәсіби маман ретіндегі қызметіне тоқталатын Асылбек Әбдуов осы жұмыстардың белортасында жүрді.

2002 жылдары дарияның дүлей мінезі аудан халқын көп әбігерге салғанын ұмыту мүмкін емес. Көктемгі су тасқыны кезінде ағын су дарияны 18 жерден жырып, ауданға үлкен қауіп төнді. Түнгі сағат 3.00-де шұғыл жиналыс өткізіп, атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтадық. Біз үшін әр минут қымбат, әр ұсыныс маңызды еді. Осындай сындарлы кезеңде Асылбек Әбдуов өзі басқаратын мекеменің жігіттерін ұйымдастырып, ағын суды бөгеу үшін бірнеше күн еңбек етті. Сол еңбек өз нәтижесін беріп, қауіп сейілді. Бүгінде мұның бәрі – тарих, жастарға өнеге.

Нарық заманында әр азаматтың жеке бел­сен­­ділігі маңызды болды. 2000 жылдардың басында А.Әбдуов ауданда шағын кәсіпорын ашып, кәсіпкерлікке ден қойған сырдариялық азаматтардың бірі де бірегейі болды. Ол кәсіптен тек нәсіп табуды мақсат еткен жоқ, тапқанын ауданның дамуына бағыттап, көп демеушілік көмек көрсетті. Өзі басқарған құрылыс меке­месінің сапалы жұмыстар жүргізуін назарда ұс­тады. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің шебері А.Әбдуов қызметте уақытпен санаспады, елге болсын деген ұстанымды жұмысының басты арқауы етті.

Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында «Тағзым алаңына» Отан үшін от кешкен майдангерлердің аты-жөнін мраморға қашап жаздырдық. Мақ­сатымыз майдангерлердің ерлігіне мәңгілік ес­керткіш орнату еді. Біздің осы ұсынысымызды Асекең қолдап, аудандық мәслихаттың депутаты, «Ремстрой» ЖШС директоры ретінде демеушілікпен атқарды. Бүгінде бұл жер жас ұрпақ Жеңіс сарбаздарына тағзым ететін, оларды еске алатын орынға айналды.
Асылбек қызметте білікті, іскер басшы, от­басында абыройлы азамат болды. Қызы Ақ­маржанның биология пәнінен республикалық олимпиадада топ жарып, «Алтын медаль» иегері атанғаны, Ақтотының көгалдағы хоккей спортынан жеңімпаз атанғаны есімде қалыпты. Бұл жетістік отбасындағы тәрбиенің жемісі дер едім. Асылында, адам ұрпағымен мың жасайды ғой. Осы орайда Асекеңнің абыройлы жолын жалғайтын ұрпақтың өсіп-жетілгеніне қуанамыз. Былтыр өмірден өткен текті азаматтың топырағы торқа болғай!

Әріп ХОЖБАНОВ,
1999-2004 жылдардағы
Сырдария ауданының әкімі
25 мамыр 2021 ж. 1 303 0