Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСАР ӘДІСІМЕН ТАҒЫ ДА БІР ИГІ ІС ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

АСАР ӘДІСІМЕН ТАҒЫ ДА БІР ИГІ ІС ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Сырдария ауданында асар әдісімен халыққа қажетті жұмыстарды атқару қалыптасқан дәстүрге айналып кетті. Бұған дейін бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша бірнеше көпір салынғанын ақпараттандырған болатынбыз. Бүгін тағы да бір игі іс бастау алды.
Аудан орталығы Тереңөзек кентінің негізгі көшесіндегі сауда нысандарының алдына асар әдісімен жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған аталған жұмысқа аудан көлеміндегі меншік түріне қарамастан барлық мекеме қызметкерлері мен қарапайым тұрғындар өз үлестерін қосуда.
Жоспарланған жұмыстар екі күннің ішінде аяқталады. Сауда нысандарының алдына салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы жаңбырлы күндері тұрғындардың әбігерге түспеуіне тікелей әсер ететін болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта арнайы темір қоршаулар орнатылып, гүлдер егіледі деп күтілуде.
Биылға жылы асар әдісімен жүргізілетін жұмыс мұнымен аяқталмайды. Жыл ағымында Майжарма каналына тағы да бір көпір салынады деп күтілуде. Яғни, бекем бірлік пен тындырымды тірлікті ұштастырған сырдариялықтар өзгелерге үлгі көрсете бермек.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
20 наурыз 2019 ж. 924 0