Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттың алтын діңгегі

Ұлттың алтын діңгегі

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай кезеңде де маңызын жойған жоқ. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді. Ол үшін бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жасалып, нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Соның арқасында халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер, отбасы мәдениеті мен этикасы жандана түсті.
Асылында тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шетін қарамау қажет. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу керек. Бұл тұста ұрпақ тәрбиесінің алар орны ерекше. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі екені айқын. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіреді. Демек, отбасы құндылықтары – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі екені сөзсіз.
Отбасы – жас ұрпақ тәрбиесінің қай­нар көзі. Отбасында өмірдің мә­нін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді. Сондай-ақ жанұяда әрбір жан­ның басқалармен қарым-қатынас жасау дағдылары, өмірлік ұстанымдары қа­лыптасады. Сол себепті де отбасы – адам бала­сының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмір­дегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Дана халқы­мыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаса керек-ті.
Отбасының ұрпақ тәрбиесімен айналысуы ата-ананың білім және мәдени деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады.
Әрі көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Баланың көзқарасы және нанымы, мінез-құлық дағдылары мен әдеттері отбасында қалыптасатын болса, бала тәрбиелеуде ата-ана шешуші рөл атқарады. Қазақ отбасының тірегі әке мен шеше деп білген. Әке – қорған, ана отбасының жылуы деп ұққан. Сондықтан бала тәрбиесінде қатысты ата-ана ұлттық құндылықтарды жетік меңгеріп, салт-дәстүрді жақсы білетін болса, олардан тараған ұрпақ салиқалы болатыны анық.
Отбасының мән-маңызын арттыру үшін «15 мамыр – халықаралық отбасы күні» ретінде аталып өтіледі. Атау­лы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасыға аудару қажеттігінен туындаған. Алғаш рет халықаралық отбасы күні 1994 жылы аталып өтілген. Ал елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні ретінде белгіленген. Десе де қазақстандықтар мамыражай мамырда да отбасы құндылықтарын дәріптеуді назардан тыс қалдырмайды.
Мемлекетте отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында түрлі деңгейдегі шаралар үнемі ұйымдастырылып келеді. Тіпті отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасып, оны дамыту бағытында көптеген бағдарламалар іске асуда. «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданған. Гендерлік саясат саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Бұл тұста Қазақстан Рес­публикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруды ешуақытта өзектілігін жоймайтын: отбасылық құндылықтарды сақтау, түрлі буын өкілдерінің ара­сындағы қарым-қатынастарды нығай­ту, дәстүрлі тәрбиенің сақталуы сияқты мәселелерді жан-жақты үйлестіруге, сондай-ақ мемлекет пен отбасы ара­сындағы байланысты одан әрі бекемдеуге үлес қосуда. Сонымен бірге елімізде «Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары» қабылданған.
Осы ретте Сырдария ауданы әкімі­нің жанындағы әйелдер істері және от­­­­басылық-демографиялық саясат жө­­­­нін­дегі комиссия тоқсан сайын тұ­­рақты өткізіледі. Онда аудандағы отбасылық құндылықтарды сақтауға қатысты мәселелер қозғалып, оны тиімді шешу жолдары үйлестіріледі. Одан бөлек аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Отбасы және неке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қаты­настарды нығайту бағытында шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Осының негізінде жыл бойына отбасылық қатынастарды нығайту бағытында түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылады. Бұл ретте «Сырдария ауданының әйеледері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанә­лиева ұйымдастырып келе жатқан отбасы құндылықтарына қатысты көпшілік шараларын атап өтуге болады.
Жалпы мемлекеттік деңгейде көп балалы, аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп, жәрдемақы таға­йындалған. Мұдай көмектің игілігін сыр­дариялық көп балалы аналар да көріп отыр. Одан бөлек ауданда отбасылық саясатты жүргізудің тұтастай жүйесі қалыптасқан. Айта кетейік, биылғы жылдың осы кезеңіне дейін 42 неке қиылып, осынша отбасы ша­ңырақ көтерген.
Қай қоғамды да отбасынсыз елестету қиын. Тәрбиенің қайнар көзі болған от­басының берекесі әрбір жанұя мүшесіне тығыз байланысты. Сондықтан ұлттың дің­гегі саналатын отбасында береке-бірлікті сақтап, ынтымағы жарасқан мерейлі отбасылар қатары көбейе берсін.

Ердос БЕРКІНБАЕВ


16 мамыр 2020 ж. 752 0