Ел алғысы – ең үлкен сый
Өткен аптада ұялы телефоным шырылдады. Бейтаныс нөмірден келген қоңырауды көтерсем, Нағи Ілиясов ауылындағы «Балдырған» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі екен.
– Сәлеметсіз бе!
– Қалайсыз?
– Бұл аудандық газеттің бас редакторы ма?
– Иә. бұл кім екен?
– Мен Нағи Ілиясов ауылындағы «Балдырған» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Мирамкүл Мыңжасарова боламын.
– Иә, айта беріңіз.
– Сізбен ақылдасайын деп ойлаған едік.
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Біздің балабақшаға «Абзал және К», «Мағжан және К» серіктестігінің демеушілігімен заттар, орындықтар, шкафтар әкелінген еді. Жомарт жандар заттарды кеше аталып өтілген «Бірлік күнінде» тарту етті. Соны газетке жариялап, алғыс айтуға бола ма?
– Әрине, болады.
– Онда жақсы болды ғой, алғысымызды, ризашылығымызды білдірейін деп едік. Абзал, Дархан ағайлар бұған дейін де біздің балабақшаға көп көмектескен еді. Соған рақмет деп, газетке бергіміз келді.
– Барлық мәліметті жіберіңіздер, жақсылап мақала береміз.
– Ол ақылы ма?
– Не ол?
– Мақаланы жариялау ақылы ма?
– Жоқ, ақылы емес, мұндай жақсы істерді тегін шығарамыз.
– Е, онда жақсы болды ғой, біз жинақтап, салып жіберейік.
– Осы нөмірде ватсап бар, соған салыңыздар.
– Жақсы-жақсы, жарайды.
– Жақсы.
Осы диалогтан кейін ұялы телефоныма мәліметтер келді. 1 мамыр күні «Мағжан және К» ЖШС-нің демеушілігімен балабақшаға 90 орындық, 25 үстел, 4 топқа жылжымалы тақта, 40 балаға шкаф, 2 телевизор беріліпті. «Балабақшамыздың атынан, ата-аналар атынан Ералиев Абзал, Ералиев Дархан, Ералиев Мағжан мырзаларға алғысымыз шексіз. Ол кісілер бізге әркез қолдау көрсетіп келеді» дейді ұжым қызметкерлері. Айта кетейік, ауылдағы «Балдырған» бөбекжай балабақшасында 4 топта 90 бала тәрбиеленуде. Карантиндік шектеулерге байланысты 4 топ бо-йынша 15 баладан 60 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылуда. Тәрбиешілер балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.
А.ИБРАГИМҰЛЫ