Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛҒЫС – СӨЗДІҢ АСЫЛЫ

АЛҒЫС – СӨЗДІҢ АСЫЛЫ


ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДАРХАН ПЕЙІЛІ БАУЫРЛАС АҒАЙЫНҒА ДЕГЕН ҚОМҚОРЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ КҮЛЛІ ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ТАНЫЛДЫ. ҚАШАНДА АРАСЫ АЖЫРАМАҒАН ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫ БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛІМІЗДІҢ АЙРЫҚША СИМВОЛЫ БОЛА БІЛДІ. ҚИЫН-ҚЫСТАУ СӘТТЕ ЖЕР АУДАРЫЛЫП КЕЛГЕН КӨПТЕГЕН ХАЛЫҚҚА ҚҰШАҒЫН АЙҚАРА АШҚАН ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ ЖАҢАШЫРЛЫҒЫН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ЕШҚАШАН ҰМЫТПАҚ ЕМЕС.
Талай тауқыметтің айқын көрінісін бастан өткерген қазақ халқы пана сұраған көпшіліктің өзегінен теппеген. Қайта бір нанды бөле жеген, олардың аяққа тұруына зор ықпал жасаған. Алты Алаштың жер төсінде мекен ететін жүз отыздан астам ұлт өкілдерінің ата-бабасы қазақ халқымен бірге жасасып, күні бүгінге дейін ұлт бірлігін сақтауда өзара ынтамақтастық орнатқан. Біздің ауданда да ертеректен қоныстанып, қазақ дәстүрімен, тіршілігімен, ата кәсібімен сусындаған бірнеше ұлт өкілдері мекен етеді. Жыл сайын айтулы мереке Алғыс айту күнінде олар бас қосып, қазақ халқына алғыс айтады.
Кеше аудандық Достық үйінде «Алғыс – сөздің асылы» тақырыбында мерекелік шара өткізілді. Мұнда үкіметтік емес ұйым төрағалары, аудан ардагерлері, өзге ұлт өкілдері қатысып, шараның мазмұндық тұрғыдан шырайын аша түсті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова шараны ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға мерекелік құттықтау хат тапсырды. Өз кезегінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, денсаулық сақтау саласының ардагері К.Мила сөз алып, аталмыш мереке барысында барша халықтардың қазақ еліне деген ризашылығын алғыс айту арқылы білдіруі бүгінде дәстүрге айналып, тамыры тереңге бойлап бара жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, қазақ халқымен бірге өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдерімен жұртшылық туыстық қарымқатынас орнатқанын атап өтті.
Елбасының 2016 жылы бастамасымен қолға алынған мерекенің өскелең ұрпаққа танымдық тұрғыдан берер өнегесі зор. Шара барысында жиналғандар жарқын болашақтың мызғымас көрінісі ұлттар достығының мәңгілік бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуында екенін айтты. Әрқашан елдің ынтымағы, бірлігі жолында аянбай тер төккен ата-баба өсиетін өмірлік ұстаным еткен өскелең ұрпақ ежелден иық теңестіріп келе жатқан бауырлас ағайынмен бірге жасасуда. Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір өзге ұлт өкілдері қашанда ел татулығын сақтауда қазақ халқымен ынтымақтастық орната бермек.
Жалпы жиналғандар осы күнімізге, бейбітшілік орнаған заманымызға шүкіршілік етіп, бір-бірімізге алғыс айту баршаның борышы екенін жеткізді.
Шара қонақтарына аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды, патриоттық әндер айтылып, көпшілікке шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.

Б.ОРДАБЕКОВ
02 наурыз 2019 ж. 1 311 0