Көшеттерге күтім керек
Көктем мезгілінің жауын-шашынды болуы егінге жақсы екені анық. Сондай-ақ оның тұрғылықты жерді көгалдандыруға да септігі бар. Олай дейтініміз, қазіргі кезде жаппай сенбіліктер ұйымдастырылып, соның аясында ағаш егу жұмыстары жүргізілуде. Каналдарға енді су келіп жатқанын ескерсек, жауын-шашын көшеттердің көктеуіне сеп болғаны анық.
Ауданда соңғы екі аптаның көлемінде ағаш егу жұмыстары жүйелі іске асырылуда. Ағашты отырғызу барда, оның бап-күтімін жасау тағы бар. Осыған орай, біз «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ маманынан көшет күтімін арнайы сұраған едік.
– Биыл көктемнің кеш түскені белгілі. Десе де бұл мезгіл жауын-шашынды болуда. Мұның өзіндік тиімділігі бар. Неге десеңіз, жердің ылғалды болуына жақсы әсер етеді. Ал ылғалдылық егіннің, отырғызылған көшеттердің шығуына пайдасы зор. Жалпы, қазіргі таңда аудан көлемінде ағаштар көптеп егілуде. Оған біздің мекеме тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы қағидаты негізінде көшеттер әзірленіп беруде. Бүгінгі күнге акция есебінен мекемелерге, аудандық аурухана мен мектептерге және Б.Шөкенов атындағы саябаққа 4500-ден аса үйеңкі, терек, Сыр талы, қараағаш көшеттері тегін таратылды. Сонымен бірге Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көмек есебінде отырғызуға 209 000 дана қара сексеуіл көшеті де тегін берілді. Биыл біз алғаш рет гидрогельді тәжірибеде қолданамыз. Ол көшет тамырын ылғалдандырып, оның құрғап кетуіне жол бермейді. Негізі, ағаш отырғызғанда көшеттің тамырларының сабағынан тарамданған жері шұңқырдың түбінен 5-6 см биікте болғаны жөн. Көшет тамыры дымқыл топырақпен көмілген соң оны нығыздап, су құю керек. Одан кейін көшеттің көктеуі үшін тыңайтқыш қоспаларды да берген абзал. Асылында, әрбір көшетке күнделікті су құйып, бап-күтімін жасаған дұрыс, – дейді мекеменің орман молықтыру, орман өсіру және орманды пайдалану жөніндегі инженері Ажар Есенкелдиева.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін аудан көлемінде 17 мың көшет отырғызылған.
Е.БЕРКІНБАЕВ