Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ержан СҮЛЕЙМЕНОВ: Туған жерімнен медициналық орталық ашамын

Ержан СҮЛЕЙМЕНОВ: Туған жерімнен медициналық орталық ашамын

Тереңөзекте тұратын Сүлейменовтер ауданда белгілі әулет саналады. Біздің кейіпкеріміз Ержанның атасы Әбдіқайым Сүлейменов Одақ кезінде көп жыл аудандық коммуналдық шаруашылық саласын басқарып, ел құрметіне бөленді. Ал Ержанның әкесі Әбілқасым мен анасы Аршагүл ұлағатты ұстаздар. Бүгінде екеуі де құрметті еңбек демалысында. Кезінде мақтаулы педагогтардың алдынан қаншама шәкірт өмірге жолдама алды десеңші. Әбекең «ҚР Білім беру ісінің үздігі» болса, Аршагүл апай жоғарғы санатты ұстаз. Осындай отбасында тәрбиеленген Ержанның да білімге құштарлығы ерекше болыпты. Бүгінде еліміз бойынша таңдаулы дәрігер менеджердің біріне саналатын Е.Сүлейменовпен елге еңбек демалысына келгенде сұхбаттасқан едік.

– Ержан Әбілқасымұлы, адам жанының инженері саналатын дәрігерлік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Менің кішкентайымнан арманым дәрігер болу еді. «Бір үйге бір дәрігер керек» деген қағида біз мектеп бітірген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары дәуірлеп тұрған. Аудан орталығындағы №210 орталау мектебін үздік аттестатқа бітіріп, Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түстім. Бұл арнаулы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдадым. Бұдан соң жоғарғы оқу орны Шымкент медициналық академиясының емдеу ісі факультетінде білім алдым. Оны да қызыл дипломмен бітіріп, биік белестерді бағындыру үшін бағымды сынайын деп үлкен ғылыми орталық болып саналатын Алматы қаласына жол тарттым.

– «Бірінші байлық – денсаулық» дейді халық даналығы. Сіз қай салаға маманданған дәрігер бол­дыңыз?

– Мен академияны бітіргеннен кейін Шымкентте интернатураны облыстық аурухананың урология бөлімінде өткіз­генмін. Соның септігі тиіп, әрі үздік оқығаным бар Алматыда академик Жарбосынов атындағы урологиялық орталықтың андрология бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Бұл қазақша айтқанда ер кісілердің белсіздігі мен бедеулігін емдейтін бөлімше. Бұл жұмыс орнына қосымша Қазақ Ұлттық медициналық академиясының урология кафедрасында студенттерге дәріс бердім. «Ғылым таппай мақтанба» дейді ұлы Абай. Осы кезден бастап ғылымға біржолата ден қойдым. Екі жерде еңбек ете жүріп білімімді одан әрі ұштадым. Қоғамдық денсаулық сақтаудың жоғарғы мектебінде екі жыл оқып, денсаулық магистрі атандым.
– Сіздің еңбек жолыңызбен танысқанымда ғы­лым­да да, қызметте де биік белестерді бағын­дырғаныңыз айқын көрінеді. Жасы қырыққа жетпеген жігіт үшін бұл аз жетістік емес. Мұның сыры неде?

– Оның ешқандай жұмбағы жоқ. Мен өз мамандығымды айрықша ұнатамын. Сондықтан оны жан-жақты игеру үшін ғылыми негізге сүйенемін. Қазіргі таңда елімізде урологиялық аурулар белең алып тұр. Қай кезеңде де ауру ерте анықталса, оны емдеу жеңілдеу болады. Осыған орай менің кандидаттық диссертациямның тақырыбы «Қуық асты безі аденомасының жаңа диагностикалық және емдеу тәсілдері» деп аталады. Ал енді қызметке келетін болсақ, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен тәрізді ғылым жолында жүрген жас ғалымды қызметте сынап көрейін деген болуы керек №1 клиника бас дәрігерінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Бұл лауазымда үш жыл қызмет еткеннен кейін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыруымен Қарасай аудандық ауруханасының бас дәрігерінің бірінші орынбасары болдым. Өз міндетімді жастық жігермен, зор ынтамен атқарғандықтан Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары лауазымына көтерілдім. Одан кейін бірнеше жыл облыстық туберкулез ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқардым.

– Сіз біліміңізді үздіксіз жетіл­діріп, Ресейдің маңдай алды жоғарғы оқу орны – Патрис Лулумбо атындағы халықтар достығы университетінің медициналық факуль­тетінің докторантурасын сырт­тай оқып, бітіріп, сол Мәскеуде докторлық қор­ғапсыз. Өз елімізден гөрі таяу шет елде қорғау күрделірек, қиын болды ма?

– Мұндай сәтте өмір бойғы жина­ған білімің сынға тү­седі. Ғылыми жетекшілерің П.Л.Огурцов пен Н.А.Ку­ран­шев солай ұйғарғасын доктор­лықты Ресейдің астанасында қорғауға тура келді. Қашанда мен алға қойған мақсатымды орындап шығу үшін осы жолда қиындықты еңсеру үшін ұлы Абайға жүгінемін. Бұл жолы да ұлы ақынның «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» дегенін жадымда ұстадым. Сөйтіп, докторлықты сәтті қор­ғап шықтым.

– Сіз бүгінде елімізге белгілі дәрігер-менеджер­сіз. Бір сөзіңізде Американың бизнес мектебін бі­тірдім деп айттыңыз. Дәрігерге менеджерлік керек пе?

– Мен жай дәрігер емес облыстық дәрежеде бас дәрігер болдым. Сол кезде жылдық есеп-қисапты шығару үшін менеджер болғанымның пайдасы тиді. Және де соңғы бір-екі жылдан бері жеке кәсіпкермін. Республика бойынша жеке медициналық орталықтардың бас директорымын. Қазіргі таңда Қазақстанда 16 жеке медициналық орталығым бар. Енді 17-ші медициналық орталықты туған жерім Қызылорда қаласынан ашуға жұмыс жасап жатырмын. Оның негізгі бағыты онкологиялық аурулардың диагностикасы, аллергиялық аурулардың диагностикасымен емдеуі және ерлер мен әйелдердің белсіздігі мен бедеулігін зерттеу мен емдеу. Біз қазір алдымызға осындай үш күрделі мін­дет қойып отырмыз. Осылайша Сыр бойы халқының денсаулығын қорғауға белсенді атсалыспақшымын.

Сұхбатты жүргізген
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
17 сәуір 2021 ж. 457 0