Барлық жақсылықтарға тілектеспіз
Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлының Қызылорда қаласының әкімі лауазымына тағайындалғанына қуаныштымыз. Сырдария ауданының ардагерлері ардақты азаматтың әр ісіне сәттілік және жауапкершілігі мол қызметіне абырой тілейді.
Ғанибек Қонысбекұлы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосып келе жатқан азамат. Ол қай істі қолға алса, ол жұмыс өз нәтижесін беретініне жұртшылық куәгер. Ғ.Қазантаев Сырдария ауданын басқарған тұста серпінді Сырдарияның бірнеше рет «Үздік аудан», «Озат аудан» атанып, облыс аудандарының көшін бастағанын бүгінде сырдариялықтар зор тебіреніспен айтады. Мысалы, «Ғасыр құрылысы» аталып кеткен үлкен көпірдің пайдалануға берілуі, республика бойынша бірінші рет аудандық бюджет есебінен әлеуметтік нысандардың салынуы, аудан бюджетінің бірнеше есеге артуы, ауданның құрылыс алаңына айналуы, Қоғамдық кеңестер институының құрылып, кейін оның Ұлт жоспары «100 нақты қадамда» көрініс табуы, асар әдісінің жаңғыруы, мемлекеттік бағдарламалардың мерзімінен бұрын орындалуы, ауданның 90 жылдық айтулы мерейтойының жоғары дәрежеде аталып өтілуі – аудан басшысының бастамасымен жүргізілген жұмыстардың бір бөлігі ғана.
«Елге қызмет – ерге міндет» деген даналық сөз бар. Осы міндетті ардақты азаматтың абыроймен атқарарына сенеміз және барлық жақсылықтарға тілектеспіз!
Хайролла ӘБЕНҰЛЫ,
Сырдария аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы