Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекенің мәні мен сәні

Мерекенің мәні мен сәні

Парсы тілінен аударғанда «Жа­ңа күн» деген мағынаны біл­діретін Наурыз мейрамын қазақ жұрты сан ғасырдан бері тойлап келеді. Бұл мейрам Ұлыстың ұлы күні саналады. Оның астарында әдет-ғұрып, салт-дәстүр, рухани кемелдену, жаңғыру мен жаңару бар. Осы ретте, мерекенің мәні мен сәніне тоқталып өтсек.

Наурыз, Мереке, Мейрамдар көп
Күн мен түннің теңеліп, жан дүние тіріліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күні, яғни Наурыз мейрамы – ұлт пен ұлыстың жыл сайын сағына күтетін ерекше мерекесі. Өйткені, Наурыз – жыл басы, бұл қазақтың Жаңа жылы. Жер тоңы жібіп, жылғалардан су ағатын кезеңде төрт-түліктің аузы көкке тиіп, мал төлдеп, ақ мол болады. Сол себепті, халқымыз осы думанды мерекеде елде ынтымақ, ырыс, береке, сондай-ақ, ақтың мол болуына тілек білдіреді. Табиғат ана бусанып, тіршілік тіріле бастаған шақты қазақ халқы «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Сондықтан бұл мейрамды халқымыз ерекше қуанышпен қарсы алады.

Бір қызығы, арамызда Наурыз, Мереке, Мейрам есімді жандар көп. Бұлардың есімі осы айтулы мерекемен тығыз байланысты екені сөзсіз. Олай дейтініміз, қыстан аман-есен шыққан халық табиғат түлейтін көктемнің алғашқы айында дүние есігін ашқан ұл-қызға «Наурыз, Мереке, Мейрам» деп ат қойып, мерекемен ұштастырады.

– Өзім осы наурыз айында дүние дирарын ашқанмын. Соған байланысты есімімді әжем «Наурыз» деп қойыпты. Атымды мерекемен байланыстырған соң әжем әркез бұл мейрамның мән-мағынасын түсіндіріп отырады. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүрлері ұлыс күнінде жаңғыратынын жеткізіп келеді. Сол себепті де жаңару мерекесін өзім асыға күтемін, – дейді кент тұрғынын Наурыз Қанибеков.

Тақырыпқа тұздық болу үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен мәлімет сұратқанбыз. Бөлім мәліметінше, кейінгі кездері осы айда немесе мереке қарсаңында туылғандарға Наурыз есімін қою сиреген. Мәселен, соңғы 15 жылдықта ауданда 3 балаға ғана Наурыз есімі қойылыпты. Атап айтқанда, 2005, 2008 және 2015 жылы көктемнің алғашқы айында өмірген келгендерге Наурыз ныспысы беріліпті.

Бұл айды жаңғыру айы деп бекер айтып отырған жоқпыз. Сондықтан «Жаңа күн» деген мағына беретін есімді биылғы мейрамда туған нәрестелерге қойылады деген сенім бар.

Сыйлық – сыйластық, игі дәстүр

Соңғы кездері күнтізбелік Жаңа жылды атап өту саябырсып барады. Оның орнына қазақтың Жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күнін тойлауға, оның мән-маңызын ұғындыруға халықтың ынтасы зор. Осы тұста, жұртшылық қыс бойы көрмеген ағайын-туыс, құда-жекжаттарын аралап, осы мерейлі шақта бір-біріне жақсы тілектерін айтады. Бұл мейрам көрісуден басталып, шежіре күні, тарихқа тағзым күні, игі істер күні, зияткерлік күні, ұлттық тағамдар күні болып жалғасып, Ұлыс күнінде арқа-жарқа болады.

Наурыз мейрамының мәнін білетін әулеттерде осы мерекеге қатысты үрдістер де қалыптасқан. Мысалы, осы кентте тұратын көпбалалы әулетті білемін. Олардың ұл-қыздары облыстың әр аудандарында тұрып жатыр. Қазақтың Жаңа жылында осы әулеттен тарағандар бас қосады. Бір жылы қарашаңырақта болса, келесі жылы оңтүстік ауданда, оның арғы жылында солтүстік ауданда жиналып, ұлық мерекені ұлықтайды. Үрдіс игі дәстүрге ұласып, бір-бірін біраздан бері көрмеген жандар мәз-мейрам көңілде болады. Бір-біріне жақсы тілектерін айтып, сыйлық сыйлайды. Бұл Наурыз мейрамында осы бір әулеттің тату, бірлігі бекем екенін білдіреді.

Адамның бір-біріне деген сыйластығын арт­тыратын сыйлық екені айқын. Мерекеде жақын жандарға сыйлық сыйлау – өкпе-ренішті кешіруге себепші болары хақ. Наурыз мейрамында сыйлыққа қатысты дәстүр қалыптасқан. Атап айтқанда, жігіт пен қыздардың бір-біріне деген «селтеткізер» мен «ұйқыашар» сыйлығын жасауы олардың қарым-қатынастарын жақындастыра түседі. Оның жоралғысы мынадай: түн жарымында жас қыздар «ұйқыашар» деп аталатын дәм тағайындап, өздері ұнатқан жігіттерге апарып береді. «Ұйқыашардың» қарымтасына жiгiттер селт еткендіктен «селтеткiзер» рәсiмiн жасайды. Осылайша, олардың арасында сыйластық, бір-біріне деген сезімдері ұшқындайды. Бұл дәстүр бүгінгі заман талабына сай жаңғырса, жақсылықтарға себепші болары анық.

Карантиндегі Наурыз мейрамы

Көктем мерекесі келгенде көпшілік атырапқа ат шаптырып, жақын жұрағатымен думан-той жасайтын. Өткен ғасырдың соңында қазаққа қайта оралған мейрамды кең көлемде атап өтіп, ел бірлігінің бекемдігіне ұйытқы болатын. Осы мерекені асыға күтетін жұртшылық өткен жылдан бері әз-Наурызды думандатудан шет қалып отыр. Оған себеп – коронавирус инфекциясының таралуы. «Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда...» деген ән-шашулар да уақытша тоқтап, тұрғындар тек мерекені үйде отбасымен ғана атап өтуде.

– Елімізге нәубет әкелген індет қиындықтар туғызды. Адамдар бір-бірімен арақашықты сақтап қана араласатын болды. Әрине, бұл сақтық шарасы екені түсінікті. Бұл жұқпалы дерт мәдениет саласына да әсер етті. Біздегі барлық шаралар онлайн форматқа көшті. Бұрынғыдай мәдениет үйлеріне көрермен жинауға шектеу қойылып, барлық жұмысымыз әлеуметтік желі арқылы ғана көрініп келеді. Біз жыл сайын Наурыз мейрамына ерекше дайындалатын едік. Өйткені, бұл мерекеде киіз үйлер тігіліп, шаттық мерекесінде тұрғындарға шат-шадыман көңіл сыйлау – бізге міндет. Алайда, карантиндік шектеулер бұған мүмкіндік бермей отыр. Қауіпті кеселден толық айыққанда Ұлыс күнін дүбірлететін боламыз. Әзірге, сақтық шараларына аса мән берейік, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Е.Утебаев.

Биылғы Наурыз мейрамына орай ҚР Ден­сау­лық сақтау вице-министрі, Қазақстанның бас мем­лекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов ескерту жасады. Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаған ол мереке күндері коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын, әлеуметтік арақашықтықты, маска режимін сақтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ Наурыз мерекесін қалай тойлау керегін түсіндірді.

– Бұған дейін айтып өткеніміздей, бастысы өз денсаулықтарыңызға назар аударыңыздар. Осыған байланысты, әсіресе «қызыл» және «сары» аймақта тұрған өңірлерде адам көп жиналып, коронавирус жұқтыру қаупі жоғарылайтын шаралардың алдын алу керек. Одан бөлек, «жасыл» аймақта тұрған өңірлерде де адам көп жиналуының алдын алып, негізгі шараларды онлайн түрде өткізуді ұсынамыз, – деді Е.Қиясов.

Демек, биыл да біз өз сақтығымызды ойлауға тиіспіз. Жағдай тұрақты қалыпқа келе бастағанда қайта өршітіп алмау керек. Сондықтан мереке күндері сақ болайық!

Ердос БЕРКІНБАЕВ
20 наурыз 2021 ж. 558 0