Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәртебелі мақтанышым – нар Жамбыл

Мәртебелі мақтанышым – нар Жамбыл

Әдебиетке құштар қауым жақсы біледі, соңғы кездері ауданымызда жазба ақындар мүшәйрасы көп ұйымдастырылуда. Бұл ел­ді мекендердегі көп танылмай, көрінбей жүрген талантты ақын­дардың қалыптасуына ті­ке­лей әсер ететін іс-шара екені анық. Ақжарма ауылдық мәдениет үйі­нің ұйымдастыруымен «Жыр алы­бы Жамбылды жырға қостым» ат­ты мүшәйра өткізілді. мүшәйрада қазылар алқасының төрағасы ретінде жеңімпаздарды анықтауға атсалыстым. Кейін ау­дандық газетте өзіміз еңбек ет­кен жылдары мүшәйра жүл­дегерлерінің өлеңдерін жариялай­тын үрдісімізге сәйкес бас жүлде және І, ІІ, ІІІ орын иеленген ақын­дардың өлеңін аудандық ба­сылымға жариялауды ұсындым. Жергілікті газетте жазба ақын­дардың өлеңдерінің жариялануы олардың шығармашылығына сер­пін береді деп сенемін. Оның үстіне бұл шешім ақын Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойымен ұштасады.


Мұхтар Сақтапов,
ақын, Қазақстанның
Құрметті журналисі
Мәртебелі мақтанышым –
нар Жамбыл

Бас жүлде

Ұлыларын ұлықтаған ел бекем,
Текті ұлдарым қай кезде де төрде екен.
«Гомері» боп асыл туған қазақтың,
Жүзге дейін жырлап өткен ер Жәкем!

Қалды мәңгі абыройдың шыңында,
Есімі егіз айтыс атты ұғымға.
Бар болмысы ұлттық рухтан жаралған –
Алатаудай асқақтық бар жырында!

Аманатын арқалаған халқының,
Күллі әлемді шарлап кеткен даңқы мың.
Жырларынан от шашырап тұратын,
Танып өстім найзағайдың жарқылын!

Сұлуларға сұқтанғаны – ол анық,
Жүрегімен құпталғаны – ол анық.
Кетті қанша һәм ғашықтық жырлары,
Бұрым қыздың бұрымына оралып.

Ұлылыққа құрметпенен қарармын,
Сөз – құдірет, содан демеу табармын.
Кие-құтын өн бойына сақтаған,
Жырларында кеңдігі бар даламның.

Әрбір жыры – жәдігері көненің,
Інжу-маржан, лағылдарын теремін.
Тұңғиыққа құпиясын жасырған,
Теңіздейін тереңдікті көремін.

Ақын айтса құлақ салып көп тыңдар,
Ал сөздері – алдаспандай өткір дәл.
Таудан құлап тасып аққан өзендей,
Жырларында сел-тасқындай екпін бар.

Өнердегі сара жолы – жол даңғыл,
Сол даңғылдан тауып келем зор мән кіл.
Азаттыққа – қазақтыққа әр берген,
Мәртебелі мақтанышым – нар Жамбыл!

Бағдат Есназар
***
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

І орын

Бәйгеге шабар тұлпардай кештім күй бүгін,
Шашаға ешбір шаң жұқтырмаған жүйрігім.
Зарлатқан көпті заманды көрген абызым,
Өзіңдей өмір ноқтасын бүгін киді кім?

Шашубайменен Құлманбет жүйрік ақындар,
Айкүміспенен айтысқан аңыз атың бар.
Аронның ұлы Сүйінбай ақын ұстазың,
Дарабоздардан құралған ерек сапың бар.

Бай-кедей демей адамның бәрін тең көрдің,
Қан майданда да жауынгер жолын жөн көрдің.
Қоршауда қалып қиналған отандастарға,
Жалынды жырмен жылытып жанды дем бердің.

Сеземін іштей сарқылмас жырдың бұлағы,
Алыстап кетсе көңілдің көктем пырағы.
Өнер мен байлық ұсынса егер тағдырың,
«Өнерде болсын!» – дер едің менің тұрағым.

Тұрғанда мынау көңілім күздей тоналмай,
Өрлесін алға дәстүрлі өнер жоғалмай.
Қазақтан шыққан марқасқа ұлдар көп бірақ,
Жүрміз ғой әлі өзіңдей Жәкем бола алмай.

Кетсем бе екен тауына Жамбыл сен өскен,
Шақырып шабыт адырдан асып, белестен.
Ғажап қой шіркін, жап-жасыл таудың бөктері,
Қыраулы басы қазбауыр бұлтпен теңескен.

Сонда мен бәлкім күйіңді сенің кешер ме ем?
Найзағай ойнап, жауатын жиі нөсерден.
Жүрегім жырға, көңілім күйге толысып,
Дауылпаз ақын болар ем алған әсерден.

Көненің көзі, өткірдің жүзі дарасың,
Өткенмен жылдар биіктеп таудай барасың.
Өнерден мұра қалдырдың өшпес қазына,
Жалғап тұр бүгін жер менен көктің арасын.

Жырына қосып,ұлықтап бүгін ұл-қызың,
Жатырсың енді көктемді күтіп қырмызы.
Бір ғасыр жасап,мың ғасыр өмір сүретін,
Жамбылым сенсің – қазақтың жарық жұлдызы.

Айтмағанбет Темірханов
***
ЕЛ ЕҢСЕСІН БИІКТЕРГЕ КӨТЕРГЕН

ІІ орын

Жыр алыбы – Алатаудай асқарым,
Жүрексіне бір сапарды бастадым.
Ақбас таудың шыға алам ба шыңына,
Келістіріп асыл сөздің астарын.

Жыр алыбы – ұлт рухының құнары,
Халқыменен бір қатарда тұрады.
Тұлғасы бар – Ұлы даланың кеңдігі,
Жырлары бар – адамзаттың ұраны.

Дастандары «Сұраншы» мен «Өтеген»,
Естігенді ерлік рухқа бөлеген.
Ең әйгілі Құлманбетпен айтысы,
Ел еңсесін биіктерге көтерген.

Қазақ мұңын өз мұңым деп жүретін,
Адамзатты бауырым деп білетін.
Жамбыл ата домбырасы күмбірлеп,
Өлең –жырын көмейінен төгетін.

Деп жырлады «Ленинградтық өренім»,
Жауынгерге қайрат берген өлеңін.
Бүкіл әке күткен еді майданнан
Алғадайлар аман-есен келерін.

Жыр алыбым – түбі терең дариям,
Бір ғасырлық ғұмыр кешкен қариям.
Аңғал мінез, дана ойлы, шуақты
Өзіңіздей ақсақалды сағынам...

Елді ойлайтын ерлер керек бүгінде,
Орта жолда тастамайтын жүгін де.
Жамбыл ата рухын бойға сіңірген
Ұрпақтардың таңы атсын көгімде!

Самат Жұмаділ

***
ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫҢ
ГОМЕРІ ЕДІҢ

ІІІ орын

Хан, Байқара, Жамбылдың атырабы,
Күн батырып талай таң атырады.
Талай сырды көмкеріп шапанымен,
Жүз жасаған қарттай боп жатыр әлі.
Әнмен тербеп көк майса сахнаны,
Сүйінбай, Жамбыл, Кенен шақырады.
Осы дала, осы тау, осы мекен,
Өнерін сан дүлдүлдің бақылады.

Көз салсақ біз алыстан өткен күнге.
Дуалы ауыз, би, шешен өтпеді ме.
Бөлтірік би сөзі өткір бала ақынға.
Батасын берді осы тау бөктерінде.

Өнерді, ойды бағу арманы еді,
Ғұмырын осы жолға арнап еді.
Түсінде Қыдыр таңдау жаса десе,
Өлеңді алып, көгенді алмап еді.

Бата алған, өлең алған Жамбыл еді,
Би айтқандай көкірегі даңғыл еді.
Майлықожа, Құлыншақ, Сүйінбайды
Пір тұтып айтыс төрін шаң қып еді.

Алтын көмбе көкейі басталған жыр,
Жатқа айтып қазақ, қырғыз дастандарын.
Қырық күн Керұғлыны жырладың да,
Жеті күн Манасты айтып астарладың.

Жігітті өнер биік көтереді,
Еш өнерді демедің бөтен еді.
Дос болып күй анасы Динаменен.
Жырладың дастан етіп Өтегенді.

Өнеріңмен талайды табындырдың,
Тек үлгісі емес ең алып жырдың.
Мұратәлі күйшімен күй тартысып.
Қырғызды жорғасынан жаңылдырдың.

Азаматтар тіккенде отқа басын,
Білдің рух қуаты тоқтамасын.
Ленинград жау қолында қалған кезде,
Жауға қару болды өлең оқтан басым.

Ұрпақтан артық сірә бар ма уайым,
Өткіздің қиын уақыт алмағайып.
Соғыста қаза тапқан әр сарбаздың,
Жоқтаушысы жоқтауы Алғадайдың.

Таланттар рухани жақын екен,
Орындау аманатты мақұл екен.
Күймен аққу қондырған көл бетіне
Нұрғисада қасыңда жатыр екен.

Аққу болсаң айдының, үніңде бар,
Сен асылсың, сарқыты бүгінде бар.
Жамбылдың жасын берсін деген тіркес,
Екі ауыз батаның бірінде бар.

Қаздай қалқып жасыңнан өлең тердің.
Бар Одаққа таныттың өнерлі елді.
Қызыл жұлдыз төсіңде жарқыраған.
Жиырмасыншы ғасырдың Гомері едің.

Мақсұт Әбсадықов
***
ЖЫР ЖАМПОЗЫ

ІІІ орын

Жамбыл ақын – жырдың жүйрік алыбы,
Таң қалдырған қабілеті, қарымы.
Жабай шалдың отбасында туған ол,
Туған жері Жамбыл таудың бауыры.

Азулы ақын шыққан жері Екейден,
Өлеңімен от өргізген көмейден.
Туа бітті алғырлығы арқасы,
Жастайынан әділдігі еленген.

Біліп тұрып басқа келер қауіптің,
Халін айтты кедей-кепшек, ғаріптің.
Би-болыстың қаймықпады ығынан,
Мұңын мұңдап, жоғын жоқтап халықтың.

Кім танымас жүз жасаған жампозды,
Жауһар жыры таңнан өтіп таңға озды.
Әйгілі ақын Құлмамбетпен айтысып,
Айтыскерлер арасынан аты озды.

Не болса да деп еліммен көремін,
Аямады қиын шақта көмегін.
Ұлы Отан соғысында әскерге,
Рух берді «Ленинградтық өренім!».

Қос ғасырдың куәсі боп ұлы ақын,
Кеңге қанат жая білді құлашын.
Гомері боп жиырмасыншы ғасырдың
Көрсетіпті қара өлеңнің қуатын.

Қанат Көзейбай
02 наурыз 2021 ж. 370 0