ҚАЗАҚТЫҢ ИБАЛЫ КЕЛІНІ АТАНДЫМ
Қазақ ұлтының дархан-кеңпейіл халық екендігін бала күнінен біліп өстім. Достарымның көпшілігі қазақ балалары болды. Әрқашан көршілерімізбен тату-тәтті тұрып, бірлігіміз жарасқан күйде кент орталығында тұрдық. Ұлтым кәріс болғанымен, өзім қазақтың келінімін. Отбасында балаларыма ұлттық тәрбиенің маңызын үнемі айтып отырамын. Үлкенге ізет көрсетіп, шаңырақ шаттығын берік сақтаймын.Үнемі әдет-ғұрпымызды ұрпақтарымызға айтып отырамыз. Жолдасым екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, отбалысылық қиындықтарды жеңуге күш саламыз. Шүкір, қазақтың ибалы келіні атанып, ана бақытын сезінген жандардың қатарындамын.
Он алты жылдан бері «Амбулаториялық емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасында» медицина саласының статистика маманы ретінде жұмыс жасап келемін. Әр кез мамандығымды мақтан тұтып, кәсібіме адалдық танытып келемін
Жалпы биылғы жылы медицина саласына айрықша мән беріліп, Елбасы Жолдауында адами капиталды жақсартуға байланысты нақты тапсырмалар жүктелді. Міне, басым бағыттарды жүзеге асыруда біздер жұмысымызға тиянақты қарап, жаңа технологияларды меңгеріп, сапалы қызмет көрсетуге бет бұрудамыз. Медицина саласында қызмет атқарғандықтан көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста боласың. Сонда үлкен кісілердің ақ батасын алып, ізгілікті көрсетуді ниет қыласың. Негізінен Қазақстанның өзге этнос өкілдеріне деген қамқорлығы ерекше. Кейде өзімнің осындай Тәуелсіз мемлекетте тұрғанымды мақтан етемін. Достығымыз жарасқан күйі бір-бірімізді бөліп-жармай, еркін пікір алмаса білеміз. Тіліміз басқа болса да тілегіміз бір екендігіне кәміл сенеміз.
Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында барша нәзік жандыларды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір ананың жүрегіне мейірім ұялап, шаңырақ шаттығын сезініп, бақытты ғұмыр кешсін.
Юлия ПІРЖАНОВА,
«Амбулаториялық емханалық
қызметі бар аудандық орталық ауруханасының» статистика маманы
«Амбулаториялық емханалық
қызметі бар аудандық орталық ауруханасының» статистика маманы