Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәһр сыйы туралы білесіз бе?

Мәһр сыйы туралы білесіз бе?

Қазақ халқында қыз баланың орны айрықша. Ата-бабамыз нәзік жандыларды үнемі құрметтеп, оған төрден орын берген. «Қыз – қонақ» деген сөзді бала күнімізден көп естіп өстік. Нәзік жандыларды дінде де айрықша бағалаған. Осы тұста мұсылмандық шарт бойынша қиылған некенің айырмашылығы мен мәһр сыйы туралы тоқталып өтсек.

Ақ көйлек киіп, ақ некеге отыру – әрбір қыздың арманы десек те болады. Ал тұрмысқа шыққанда ақ некені шариғат әдісімен мешіттен қияды. Қа­зір жас жұбайлардың көпшілігі мешітте некесін қидырып, ерлі-зайыпты атанады. Бұл тұста мұсылмандық шарт бо­йынша қиылған некенің артықшылығын білген жөн.

Статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, қазіргі пандемия жағдайында мешітте неке қию алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайған. Мұ­ны карантиндік талаптарға сәйкес ме­шіттердің уақытша жабылғанымен бай­ланыстыруға болады.

Үлкендердің айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында барлығы заң жүзінде некеге отырып, мешітке барып неке қидыру болмаған деседі. Ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жас­тар алдымен мешітке барып некелерін қидыруды дәстүрге айналдырғаны қуан­тады. Бұл жастардың дінге деген көзқарасының түзу екенінің бір дәлелі. Отбасын алдымен шариғат шарттары бойынша құрған жастардың өмірі де жарқын болары хақ. Шариғат жолымен кесілген мұндай некенің өзіндік беріктігі болады. Бір-біріне деген жауапкершілігі екі жастың алдағы өміріне де өзіндік игі әсерін тигізетіні анық.

Шариғат жолымен неке қиғанда бас имамдар жас отбасыларға жұбайлық өмірдің мән-жайын түсіндіріп, бір-бірінің алдындағы жауапкершілігін атайды. Оның ішінде, ерінің разылығын алу үшін әйелдің өз міндеттері бар. Сонымен қатар жанұяда ер азаматтың жауапкершілігі өте жоғары. Осылар аталғаннан соң мешітте ер жігітке әйелінің қалауын орындап, белгілі уақыт ішінде сыйлық алып беруі шарт етіледі. Оны «Мәһр сыйы» деп атайды.

Мәһр дегеніміз не? Жалпы «мәһр» дегенді өз басым жақында ғана естідім. Әлеуметтік желіде отырып отандық бір әншінің «Жолдасымнан мәһрге салоннан су жаңа көлік сұрадым» деген жазбасын оқыған болатынмын. Содан бастап таныстарымнан сұрап, ғаламторды ақтарып, бұл сөз жайында іздестіре бастадым. Біз жолдасымыз екеуміз некеге заңды түрде тіркеліп, неке куәлігін алғанбыз. Бірақ мешітке барып, шариғат жолымен неке қидырған жоқпыз.

Іздестіре келе, мәһр дегеніміз үйленген күйеу­жігіт­тің қалыңдыққа деген арнайы сыйлығы екенін білдім. Яғни, бұл мұсылмандық жолмен некеге тұрғанда берілетін ақшалай немесе заттай сыйлық түрі болып саналады.

Дін өкілдерінің айтуынша, сыйлық түрі болғандықтан мәһрдің мөлшері белгіленбейді екен. Алайда «Ханафи мазһабы» бойынша бұрындары 10 дирхамнан кем болмапты. Ол кезде 10 дирхам бір алтын динарға тең болса, оның өлшемі 4,25 грамм алтыннан кем емес деген сөз. Демек, қазір мәһр сыйын беретін ер азаматтар бүгінгі бағамен есептелетінін білгені жөн.

Мәһр сыйын беру – ер азаматтың міндеті. Олай дейтініміз, егер ерлі-зайыптылар жұптары жараспай, айырылысқан жағдайда әйелі ерінен мәһрге алған дүниесін сатып, бала-шағасының керегіне жаратады екен. Мұның маңызы да осында. Сол себепті нәзік жандылар мәһрге көбіне құнды зат сұрайды.

Әйел – ердің аманаты. Қыз баланың барлық шығынын тұрмысқа шыққанға дейін ата-анасы көтерсе, ұзатылғаннан соң ер азаматы, жолдасы керек дүниемен қамтамасыз етеді. Мәһрін беріп қиылған неке әйелінің арнайы қалың малдан бөлек өзіне тиесілі сыйлығын берген болып есептеледі. Егерде жолдасы белгіленген уақыт аралығында беруге тиесілі мәһрді алып беруге жағдайы жетпесе әйелі түсіністікпен қарап, кешіруіне болады екен.

Айдана ҚАЛИЕВА
19 қаңтар 2021 ж. 2 212 0