Мешітке кірген адамға не істеуге болмайды?
Алланың үйі саналатын мешітке барғанда қыз-келіншектер оранып, ер азаматтар тазаланып бару керектігін жақсы біледі. Бұдан басқа да сауапты арттырып, иманымызды күшейтетін ережелер тізімін Azan.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZпорталы назарға ұсынады.
Белгілі табиғин Саид ибн әл-Мусайаб, рахимахуЛлаһтың айтуынша, мешітте отырған адам, өзін Жаратушы Алланың жиынында отырмын деп санауы керек.
Ал имам Абу Абдулла Қуртуби, рахимахуЛлаһ, мешітке қатысты келесі әдептерді ерекше атап көрсетеді:
Мешітте не істеу керек?
•Мешітке кірген адам мешітте отырғандарға сәлем беруі керек, (бұл тек адамдар Құран немесе намаз оқумен айналысып отырмаған кезде ғана орынды; егер адамдар аталған құлшылықтарды орындап жатқан болса, сәлем бермеген жөн).
•Мешітке кірген кезде, ішінде ешкім жоқ болса, «Әссәләму ғәләйни уә ғәлә ғибәдиЛләһи с-солихин» деу керек.
•Сонымен қатар, мешітті ластан, жас балалар мен есі дұрыс емес адамдардан сақтау керек (себебі олар мешіттің қасиеттілігін сезінбейді).
•Алланы көп зікір ету керек.
Мешітте не істеуге болмайды?
•Кез-келген бизнес іс-әрекеттерді жасауға (тіпті ұялы телефон арқылы болсын);
•Қаруды жалақтатуға;
•Жоғалған заттар туралы дауыстап жариялауға;
•Дауыстап сөйлеуге, шулауға (ұялы телефон және басқа да құралдардың әуендері де осыған жатады);
•Дүниелік мәселелерді талқылауға (ұялы телефон, СМС арқылы да);
•Алдыңғы жаққа өту үшін отырған адамдарды орындарынан қозғауға;
•Сапта орын жоқ болғанына қарамастан, сап арасына сығысып кіруге;
•Намаз оқып тұрған адамның алдын кесіп өтуге;
•Мешіт ішінде түкіріп, сіңбіруге;
•Буындарын «шытырлатуға» (бұл пайдасыз әрекет айналадағылардың көңілін аударуы мүмкін);
•Дене мүшелерімен ойнауға;
Осыдан соң, имам Құртуби рахимахуЛлаһ былай дейді:
«Мешіттің ережелерін сақтаған адам үшін мешіт - шайтанның арбауынан қалқан болып, қауіпсіздік орын болады».
Мешіттің қасиеттілігін сақтап қалу үшін, тыйым салынған амалдардың көп екенін ұмытпаған жөн.
NUR.KZ