Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Неке – ең тәтті сезімдердің тоғысы

Неке – ең тәтті сезімдердің тоғысы


Жаңа отбасын құрып, ақ некесін қиып жатқан жастарға неке туралы бірнеше нұсқаулық ұсынғымыз келеді. Өйткені неке – көрінгеннің қолында ойыншық болатын ермек емес. Некенің де өз серті, өз заңы бар. Сонымен неке деген не? 

Неке – қыз бен жігіттің махаббатының жеңісі. Сезім мен сенімнің жемісі піскен тұста ол некеге келіп ұласады. Некеге отырып, жұбайлық өмірін құрметтеген ерлі-зайыптылар жамандық атаулыдан әрқашан алшақ болады. 

Неке – ең тәтті сезімдердің тоғысы. Бірін-бірі сүйген екі жастың екеуі екі бағытқа емес, бірлесіп бір бағытқа қарауынан артық жарасымдылық жоқ. 

Неке – жаңа өмірдің бастауы, жаман қылықтың тоқтамы. Тентектік пен босбелбеулік, еркелік пен жауапсыздықтан құтылатын шақ. 

Неке – өзгеге көз салу мен сөз салуды тоқтату. Мың адамның ішінен таңдап алған жартыңды қалған өміріңнің соңына дейін бақытты қылуға тырысасың. Неке үшінші адамға қарсы. Үшінші біреу некеге киліккен кезде ұрыс-керіс басталады. Ұрыс-керіс пен қызғаныштың соңы ажырасуға келіп тіреледі. Әйткенмен некенің мақсаты – ажырасу емес, өмірлік бірге болу. 

Неке – өз қамыңды ғана ойлап, өзімшілдікке салынуды доғару. Неке екі адамның бастамасымен құрылады. Алғашында екеу, сосын кішкентайлар көбейеді. «Мен» сөзі «бізге» ауысып ендігі жерде тек отасының қамын ғана ойлау керек болады. Өз жағдайыңды ғана ойлап, өзіңе ғана ғашық күндеріңмен қоштасқаның абзал. 

Неке – әлдекімге керек екеніңді сезіну. Енді сен ақ некең үшін, адал жарың үшін және болашақ кішкентай жүрек иелері үшін керексің. Өзің үшін ғана өмір сүруді тоқтатып, өзгелерді өз өміріңе арластыр. Олармен тығыз қарым-қатынаста болып, оларға үйрен. 

Неке – жауаптылықты сезіну. Енді сен өзіңнің заңды некең үшін, қарым-қатынасың мен жарың үшін жауаптысың. Өз жауапкершілігіңді сезіне біл.
31 тамыз 2018 ж. 1 590 0